Ақпараттық портал

Зорлық-зомбылық заңмен жазаланады

Егер, сіз отбасындағы қиын жағдайға тап болсаңыз, қатігездік көрсетілген болса, заңмен қорғалатыныңызды ұмытпаңыз:
1) Күш көрсету – тән ауыруына ұшырататын ұрып-соғу немесе отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы азаматтарға сыйламаушылық көрсетіліп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй заттарына зақым келтіру және тұрғын үй немесе пәтер шегінде тыныштықтарыңызды бұзып, денсаулыққа қасақана ауырлықтағы зиян келтіру;
2) Психологиялық – дөрекілік, қорлау, балағаттау, қорқыту, бопсалау, ізіне түсу, адамдық қасиетін ұдайы қорлау жолымен жан күйзелісін тудырып, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізсе, өлтіремін деп жиі қорқытса, үй-жай, мүлікті өртеп, құртамын деп жиі мазаласа;
3) Экономикалық – жеке басты куәландыратын, меншікке құқық белгілейтін, әрекеттер жасауға құқық беретін құжаттардан айыру немесе тіршілік қызметі үшін ақшалай қаражаттан, тұрғын үйінен, тамақтан, киімнен айыру;
4) Сексуалдық сипатта-зорлау, дәрменсіз күйді пайдаланып, жыныстық қатынасқа тарту, он төрт жасқа толмаған жасөспірімді қорқытып, алдап, азғындық іс-әрекеттерге барса немесе еркек пен еркектерді, әйел мен әйелдерді дұрыс емес әрекеттер жасауға мәжбүрлеу болса, ЕҢСЕҢІЗДІ ТҮСІРМЕҢІЗ! ТӘУЛІК БОЙЫ және АНОНИМДІ түрде 8700-029-67-71, 8747-322-40-70, 3-29-72 байланыс нөміріне хабарласа аласыз.
Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығынан тегін 8 түрлі әлеуметтік қызмет түрі сізге көрсетіледі.
1) әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер;
2) әлеуметтік-медициналық қызметтер;
3) әлеуметтік-психологиялық қызметтер;
4) әлеуметтік-педагогикалық қызметтер;
5) әлеуметтік-еңбек қызметтері;
6) әлеуметтік-мәдени қызметтер;
7) әлеуметтік-экономикалық қызметтер;
8) әлеуметтік-құқықтық қызметтер.
Арнайы мамандар көмегімен жан-дүниеңізді өкпе-реніштен тазартасыз. Орталыққа күйеуінен таяқ жеп, көмек сұрай келетіндермен қатар әке-шешесі қуып жібергендер де өзге облыстан келіп жатады. Сонымен қатар, олардың арасында барар жер, басар тауы жоқ, дорба арқалаған аш аналар мен балалар да кезігеді. Сол кезде мамандар жаны жаралы әйелдер мен балаларды демеп, ересектер және балалар психологтары, арнайы мамандар жан-жақты қолдау көрсетеді. Нәтижесінде аналар мен балалардың 50-60 пайызы өз отбасымен қайта ықпалдасып, қауышады. Ал, жанұяны сақтап қалу мүмкін болмаса, ықпалдастыруға негіз жоқ әйелдердің күйеуінен заң жүзінде ажырасуға және балаларын асырап, бағу үшін алиментке, әкелікті тану үшін арыз жазуға көмектесіп, сотқа жолданады. Мамандандырылған орталықта тұрып жатқан қызмет алушылар өздерінің қорғалғандарын сезінеді, рухани күш жинайды, өмір сүрудің ынтасы мен мағынасын иеленеді. Алғашында аффектілік, депрессиялық күйде, стрессте, психикалары шаршап келген аналардың өзін-өзі бағалау денгейлері өсіп, өмірге деген жалпы көзқарастары дұрысталады.
Мамандардың барлық кеңестері тегін әрі құпия сақталады. Бұл жерден пана тапқандар арасында тұрмысқа тым ерте шыққан, ешқандай оқу-білімі жоқ қыз-келіншектер де бар. Олар жергілікті жұмыспен қамту бөлімі арқылы оқу курстарында білім алып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Анасына, әпке-қарындасына, қызына шаң жуытпайтын ер адамдар кейде шолақ ойлап, әйел теңдігі десе теріс қарайтыны бар. Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің сол нәзіктігінен зардап шегіп жататыны жақсылыққа жасалған жамандық, гүл өсірген бағбанның гүлзарына соққан бұршақты қара дауыл секілді көрінеді. Әйел аналардың «ардақты» деген атауын тек сөз күйінде қалдырып келе жатқаны жаныңа батады. Әлем күнмен жарық болса, әр отбасы әйел жылуымен жарық. Шаңырақтың ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысына айналған әйелдер құқығы қоғам дертіне айналмауы тиіс. Отбасында дағдарыс туындаса, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді деген түсініктен арылатын уақыт жетті ағайын. Қазақта «үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді. Соңғы кездері түсінбестіктен туындаған жанжалдың арты қатігездікке апарып соқтырған жағдайлар жиіледі. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – заңсыз әрекет. Біздің елдің заңында ол жөнінде арнайы баптар да қарастырылған. Жұмыс жоспарға сәйкес, Шу АПБ ЖПҚб-нің ӘЗЗҚт полиция аға лейтенанты Ж.Садық, «Бастау» жұмыс тобы, аудандық, қалалық жастар ресурстық орталығы мамандары, алқа билер мен ардагерлермен бірлесе аудан көлемінде «Профилактика», «Тұрмыс» атты алдын алу шаралары мен «Сіздің құқығыңыз қорғалады!», «Әйел – отбасы шырағы», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», «Бақытты отбасы», «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!», «Мен өмірді таңдаймын», «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциялары өтеді. Іс-шараларды ұйымдастырудың мақсаты – аудан тұрғындары арасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық салдарларын ескерту, олардың алдын алу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін күшейту. Қай уақытта да тәуелсіз мемлекетімізді мекен етуші кез келген нәзік жандылар, жасөспірімдер мен балалар ешқандай қорлыққа, қиянатқа душар болмауы керек.

Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы Шу аудандық кеңес беру кабинетінің мамандары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.