Ақпараттық портал

Биікке қанат қаққан туған жер қарлығашы

Кеше ғана, нақты айтар болсақ, 28-маусым күні ел аумағында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Қазақстанда 2019 жылдан бастап Үкімет қаулысымен бекітілген бұл мерекенің қоғамда алатын орны ерекше. Жалпы, журналистер қауымы елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды халық арасында түсіндіріп, қарапайым жұртшылық өкілдерінің жақсылығын жар салып жариялап, мұң-мұқтажына үңіліп, кейбір қордаланған қоғамдық мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп, телекөрермендер мен оқырмандарға жан-жақты зерделенген әрі нақты ақпаратты ұсына отырып, халық пен билік арасын байланыстырушы алтын көпір ретінде қызмет етіп келеді және алдағы уақытта да өз миссияларын лайықты атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қоса бермек.

Еліміздің өткен тарихының басым бөлігі де журналистер қауымының ерен еңбегі арқылы архив қойнауында қатталып жатыр. Жылдар бойына жалғасып келе жатқан бұл кәсіптің әр кезеңдегі өзіндік майталмандары бар. Солардың ізін басқан ізбасаралар арқылы ақпарат саласы қарыштап даму үстінде. Сол себептен, журналист мамандығының иелеріне ел билігі де ерекше сеніммен қарайды. Әсіресе, білімді, білікті жастар қаншалықты күрделі болса да сала жұмысын алға жетелеп, осы қызмет арқылы өздерін де танытуда. Мұндай жастар біздің ауданымызда да жоқ емес. Солардың бірі – осы өңірдің тумасы Жансая Шыңғысханқызы.
Ол 1990 жылы Шу ауданы, Алға ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, кішкентайынан әжесінің ертегісін тыңдап, жыр-дастандар жаттап, өнерге құштар болып өскен екен. Амангелді атындағы орта мектепте оқып жүргенде Абай, Оралхан Бөкей оқуларынан өткен байқауларға қатысып, аудандық, облыстық, республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің сайыстарында талай мәрте жүлдегер атанған. Жасөспірім кезден Абай шығармашылығын жанына жақын тартып, өлеңдері мен қарасөздерін жаттағандықтан болса керек, өлең жазуға деген құштарлығы да осы сәттен бастау алады. Тырнақалды туындылары әуелі өзіміздің аудандық басылым – «Шу өңірі» газетінде жарияланады. Бұқаралық ақпарат құралына жарияланған өз шығармаңды алғаш көріп, жан –тәніңмен сезініп, қайта оқып шығу кез келген адамды одан сайын қанаттандыратыны шығармашыл адамға белгілі жәйт. Жансая Шыңғысханқызы да өзінің туындысы алғаш газет бетіне жарияланған соң, бойға шығармашылық шабыт ала отырып, облыстық, республикалық газет-журналдарға өлеңдерін жолдап, оның шығармалары басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Осылайша, бала қиял үлкен арманға ұласып, сол арманның жетегімен 2008 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға тапсырады.
-Екінші курста оқып жүрген кезімде топтың студенттері бірігіп, шығармаларымызды топтастырып, «Селт еткізер» атты алғашқы кітабымызды шығардық. Үшінші курста «Менің ертегім» жинағымыз жарық көрді. 2012 жылы қарашаңырақтан түлеп ұштық. Сол жылы Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқуымды жалғастырып, әлеуметтік ғылымдар магистрі атандым. 2014 жылы Словакия Республикасы Братислава қаласындағы Еуразиялық академияда ғылыми тағылымдамадан өттім.
2014 жылдың көктемінде қос дипломымды қолыма алып, өзім туып-өскен шуақты Шуға келдім. Еңбек жолымды да осы өңірдің «Шу өңірі» аудандық газетінен бастадым. Тарихы терең басылымның сол кездегі редакторы, ақын, журналист Ахметжан Қосақов аға жас маман демей, маған бірден жауапты хатшы қызметін сеніп тапсырды. «Бұл – аудандық газет болса да, әмбебап басылым. Өйткені, мұнда кез келген саланы жазуың керек. Сол себепті, жан-жақты болуың қажет. Журналистің бір ерекшелігі, ол – кез келген адамнан атақ, дәрежесіне, қызметіне қарамастан сұхбат ала алады. Содан соң ешқашан мақалаңа «тырысып» деген сөзді қосушы болма!» – деген Ахметжан ағаның сөзі әлі күнге дейін санамда сайрап тұрады,-дейді кейіпкеріміз.
Жансая студент кезінде мерзімді басылымдарға қарағанда көбіне радио-телевидениеге қызығушылығы басым болғанын айтады. Ал, алғаш арамызға қосылып, әріптес болған кезде «Шу өңірі» газетіне жұмысқа тұрған күннен бастап өзін қолға алған міндетіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ұқыпты маман ретінде танытты. Ұжым арасындағы кішіпейілділігі, әр адамға жылы шырай танытып, әркіммен орынды тіл табысуы, үлкенге ізеттілігі мен кішіге құрметі де оның өнегелі ортада тәрбиеленгендігін аңғартып тұратын. Газет жұмысына кіріскен сәтте аудандық басылымның сырт көзге біліне бермейтін, қыр-сыры мол жұмысын бірден меңгеріп, редакция қызметінің қазанында қайнады.
Ол кезде жергілікті басылым «Шу өңірі» – «Шуская долина» болып, екі тілде жарық көретін. Өзі авторлық мақалалар ұсынумен қатар, әр нөмір сайын жарыққа шығатын материалдарды бас редактормен бірге жоспарлап, тілшілерден материал жинап, арасында әкімдікте өтетін түрлі жиналыстарға, ауданда өтіп жатқан іс-шараларға қатысып, ол туралы мақала дайындап, сонымен қатар, газет жарық көретін күні кезекшілік міндетін атқарып, осының барлығына уақытылы үлгеріп, тиянақты жұмыс жасай білді.
-Газетті жарыққа шығару жолындағы тынымсыз тірлікті атқара жүріп, алақандай басылым болса да, оның қандай еңбекпен, қаншама адамның маңдай терімен жарыққа шығатынын осы ортада еңбек еткендер ғана түсінетін шығар деген ой түйдім. Сол себептен, көптің ерен еңбегімен басылып, таратылған газетті кейбір жерлестеріміздің аяқасты қылғанын көре қалсам, жаным ашитын. Мен аудандық газетте еңбек еткен жылдары газеттің айлығы аз болғанымен, өте берекелі болатын. Өйткені, бұл басылымда өте жақсы адамдармен қызметтес болдым. Ахметжан Қосақов, Тампылбай Молдақұлов ағаларым жазудың қыр-сырын үйретіп, ақындық өнерімді шыңдауыма ықпал етті. Нұржан Қадырбеков және өзіңіз материалдардың жүйелі жинақталуына баулыдыңыздар. Оператор-дизайнер Светалана Қожамұратова және Назгүл Байбатшаева есімді әпкелерім тәжірибелі мамандар ретінде газетті беттеуде, мақалаларды орналастыруда ақыл-кеңестерін аямады. Осылайша, ұжымдағы өзге де әріптестеріммен тәжірибе алмаса жүріп, алақандай газет болса да, арқалар жүгі ауыр басылымнан мол тәжірибе жинадым,-деген Жансая Шыңғысханқызы өткен жылдардағы газет жұмысына қатысты естеліктерін ерекше сезіммен еске алды.
Алғашқы еңбек жолын туған топырағындағы төл газетімізден бастап, мұнан кейін 2015 жылы елордамыз – Астана қаласында жалғастырған кейіпкеріміз республикалық «Қазақстан теміржолшысы» салалық газетінде тілші қызметін атқарып, мұнда теміржол саласы жұмысының қыр-сырын меңгерді. Ал, қазіргі уақытта республикалық «Қазақ» газетінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі. Бұл міндетті 2018 жылы тізгіндеп, сондай-ақ, осы жылдан Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында аға сарапшы қызметін атқарып келеді.
Білім, біліктілікпен қоса жауапкершілік болса ғана, жұмыс алға басатыны анық. Мұның барлығы Жансаяның өз мамандығына деген зор сүйіспеншілігін, мамандыққа адалдығын, шығармашылық қабілетінің жоғарылығын, ең бастысы, қандай міндетті қолға алса да, оған жауапкершілікпен қарайтындығын айғақтайды. Осы қасиетті бойына серік еткен кейіпкеріміздің алдағы уақытта да алар асуы мол деп білеміз. Бір жылдары бірге қызмет еткен Астанадағы әріптесімізге кәсіби мереке тұсында жарқын келешек, шығармашылық табыс тілейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.