Ақпараттық портал

Шатыркөл байыту фабрикасы іске қосылды

Ауданымызда жылына 98,6 мың тонна мыс концентратын өндіруге қуатты Шатыркөл кен байыту фабрикасы техникалық іске қосылды. Осыған байланысты, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірімізге арнайы келіп, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевпен бірге жаңа кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктерімен танысып, аралап көрді.

Айта кету керек, «Шатыркөл-Жайсан» кластерінде 2020 жылдан бері Шатыркөл кен байыту фабрикасын салу жобасы қолға алынған болатын. Шатыркөлде кен 400 метр тереңдіктен өндірілуде. Ал Жайсанда кен 200 метр тереңдіктен алынады. Екеуінің жылдық қуаты 1 миллион 200 мың тоннаны құрайды. Тәулігіне фабрикада 250 тонна шикізат өңделіп, 20 тонна мыс концентраты алынады. Күні кеше ғана осы фабрика техникалық іске қосылып отыр. Фабрика директоры Алтай Карибаевтың айтуынша, 600 мың тонна кеннен шамамен 60 мың тонна мыс концентраты алынады. Одан бөліп алынатын мыстың көлемі 24-25 пайызды құрайды екен.
«Жуырда фабрикамызда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен болып, өндірістік обьектінің өнеркәсіп секторын дамытуда әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. Фабриканы іске қосып, өндіріс көлемін арттыруды тапсырды. Қазір фабрикада 347 адам еңбек етуде. Оның 108-і облыс тұрғындары. Ал, жергілікті Шу ауданынан 42 маман жұмыс істеуде. Олар жай жұмысшы емес, өндіріс шеберлері. Арнайы техникалық мамандығы бар азаматтар. Бізде өндіріс толықтай цифрландырылған. Жұмысшылар бұрынғыдай күрек, қайламен жұмыс істемейді. Барлық жұмыс автоматты процесте ұйымдастырылады» – дейді ол.
Мыс концентраты Балқаш байыту фабрикасына жеткізіліп, одан мыс пластиктері өндірілгенге дейін кен бірнеше өңдеу процесінен өтеді. Шатыркөл мен Жайсан кен орнынан әкелінген шикізат Шатыркөл байыту фабрикасына жеткізіледі. Осы арада екі кен орнынан жеткізілген шикізат үлкен ұсақтау диірменіне түседі. Онда үлкен тастар шетелдік технология күшімен барынша ұсақталып, келесі бөлімге өтеді. Екінші кезеңінде шикізат құм түйіріне дейін ұнтақталып, мыс концентратын дайындайтын үшінші фабрикаға түседі. Бір атап өтерлігі, қос шикізат өңдеу фабрикасында ауаға ұшып жатқан шаң жоқ. Диірменде тас ұнтақтау кезінде одан бөлінген шаң арнайы технология арқылы сорып алынуда.
Екі диірменнен ұндай ұсақталып шыққан мыс аралас тас кен суда тұндырылып, қойыртпағы арнайы желдеткіште кептіріліп, мыс концентраты бөліп алынып, үлкен қаптарға қапталуда. Әрбір қаптың салмағы 1,5-1,7 тоннаны құрайды.
– Осы қаптағы мыс концентраты жүк көлігіне тиеліп, Бірлік теміржол станциясына жеткізіледі. Бұрын біз кен орындарынан өндірілген шикізатты шикі күйінде Бірлік станциясына тасымалдайтынбыз. Осы фабриканы салу арқылы шикізатты шикі күйінде тасымалдау тоқтатылды. Мәселен, бұған дейін теміржол станциясына бір тәулікте 90 жүк көлігі шикізат тасыса, қазір ол 90 пайызға қысқарды. Бұл қысқару кенді фабрикада мыс концентраты күйінде зауытта дайындау арқылы мүмкін болып отыр. Яғни, мыс концентратын өндіру арқылы 90 жүк көлігі бүгінде 9 жүк көлігіне төмендеп отыр, – дейді фабриканың жобалық директоры.
Ал фабриканың осы процестерін түгел аралап, көріп шыққан облыс әкімі Е.Қарашөкеев өңірімізде тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, жобаның маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынып, ірі өндіріс ошақтары ашылуда. Соның бірегейі бүгін өздеріңіз көріп отырған мыс концентраты зауыты. Кәсіпорында негізінен жергілікті халықты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр. Билік тарапынан өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Бүгінгі күні облыста 125 тау-кен индустриясы жұмыс істеуде. Енді оның қатары Шатыркөл кен байыту фабрикасымен толығуда. Міне, бүгін біз аталған фабриканың техникалық ашылуына қатысып, жұмыс процесімен танысып отырмыз. Фабриканың өндіріс қуаты 1 миллион 200 мың тоннаны құрайды. Жалпы облыста жобалық құны 128 миллиард теңгені құрайтын 19 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде осы Шатыркөл байыту фабрикасы да бар. Алда, 2024-2028 жылдары 70-ке жуық, жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын жобаны іске асыру жоспарлануда. Біздің алдымызға қойып отырған басты мақсат – облысымызда тау-кен өндірісін дамыту,-дейді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Ал «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев өндірістің мүмкіндігінше қауіпсіз және экологиялық таза болатынын жеткізді.
– Өндірісте мыс кенін байытудың әлемдегі ең зиянсыз технологияларының бірі қолданылады. Шаң тұту тиімділігі 99 пайыз коэффициентті құрайтын заманауи аспирация жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады. Cонымен қатар өнімді тасымалдау көлемін азайту арқылы жолдағы шаң айтарлықтай төмендейді. Ал жақын елді мекендер кәсіпорынның әсер ету аймағынан 20 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Фабрикада технологиялық процестерді басқарудың жаңа автоматтандырылған жүйелері енгізіліп отыр. Бұл жұмыс тиімділігін арттырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға ықпал етеді, – деді басқарма төрағасы.
Бұл жобаны жүзеге асыруға 94 млрд теңге инвестиция салынған. Фабрикада жылына 1,2 млн тонна кен өңделіп, 98,6 мың тонна мыс концентраты (мыс құрамы 24 пайыз) шығарылады деп күтілуде. Шикізат Шатыркөл және Жайсан кен орындарынан алынады. Жаңа жоба бойынша 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың 60 пайызынан астамы облыс тұрғындары болмақ. Зауытта өрт сөндіру депосы, медициналық пункт, заманауи өрт дабылы, өрт сөндіру және бейнебақылау жүйесі қарастырылған.
Сонымен бірге, ұсақтау-сұрыптау кешені, бас ғимарат, жатақхана мен асхана, зертхана, жөндеу-механикалық шеберханасы, қалдық қоймасы және тағы басқа нысандар бар. Айта кетейік, Жамбыл облысында тау-кен өнеркәсібі саласында 125 кәсіпорын жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 6 айында салада 54,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,8 пайызға жетіп отыр. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 13,1 пайызды құрайды.
Бұдан кейін фабриканың мәжіліс залында баспасөз мәслихаты өткізілді. Фабрика директоры Алтай Карибаев өндіріс ошағының, ал облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірдегі кәсіпкерлік және өнеркәсіп орындарының жұмыс барысымен таныстырды. Басқа да спикерлер сөз алып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Баспасөз мәслихаты соңында спикерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.