Балықшы қыз
Өзен-көл, теңізіміз балыққа толса, ол – халықтың берекесі мен байлығы. Бүгінде күн демей, түн демей жасаған еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Тіршіліктің өзегі болған балық өнеркәсібін дамытушы, балық саласының ардагері, жоғары шеберлікке ие және өз ісіне адал, балық шаруашылығының һас маманы Найла Ескенқызы туралы сөз өтпекпіз.
Қондыбаева Найла Ескенқызы 1961 жылдың 6 қыркүйегінде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақтөбе колхозында дүниеге келген. 1986 жылы Астраханның балық өндірістік және шаруашылық техникалық институтына түсіп, оны «Балық өндіру-өсіру» мамандығы бойынша 1994 жылы бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы бастаған балықшы қыз 1984-1985 жылдары Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылындағы Тасөткел тоспа балық шаруашылығында күзетші, мекеме лаборанты, Тасөткел тоспа балық шаруашылығының инкубациялық цехының басшысы, одан бөлек осы мекеменің директорлық қызметін атқарған. 2010-2012 жылдар аралығында Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы қызметін атқарса, 2022 жылдан Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық институтында «Аквакультура» ғылыми зерттеу орталығының «Ихтиология және гидробиология» зертханасында ихтиолог болып қызмет етті. Сонымен қатар 2012-2021 жылдар аралығында Дулат және Жаңақоғам ауылдық округтерінің әкімі болып қызмет атқарған.
Еңбекте толағай табысқа жеткен Найла Ескенқызы зейнеткерлікке шығып жатса да, осындай адал еңбектен қол үзген жоқ. Балықшы қыз бүгінгі күнде “Қондыбай” балық шаруашылығын ашып, еселі еңбек етуде. Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап Шу ауданы, Прудхоз бөлімшесіндегі балық шаруашылығын жандандырған “KazAquaAlliance” ЖШС директоры болып тағайындалған. Көп жылдық еселі еңбегі үшін Найла Ескенқызы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Кейіпкерімізді балық шаруашылығының білікті маманы ретінде тани отырып, еліміздің балық шаруашылығын дамытуға зор үлес қоса береді деп сенім артамыз.
Жұмахан Төлеуұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
ҚР қоғам қайраткері.
Суретті түсірген автор.