Жат ағыммен күресуге жастар да бейілді
Еліміз егемендік алып, көршілерге есігімізді ашқалы небір идеология мен діни сенімдер еркін уағыздалды. Халқымыз асыл дінімен қауышқанымен радикалды сипатқа ие сенімдер де сан саналарға сіңіп жатты. Соның салдарынан ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келетін, қоғам өміріне қауіп тудыратын қарекеттер жасалды.
Бұл амалдарды ушықтырмау үшін мемлекеттік тұрғыдан бақылау күшейтіліп, құзырлы органдар мен білікті мамандар ағымдармен күресу, қарсы имунитет қалыптастыру ісіне ден қойды. Әсіресе, жастар арасында түсіндіру жұмыстары жемісті жүзеге аса бастады. Бұл орайда аудандық Жастар ресурстық орталығының көзге көріне бермейтін шараларын атап өтпеске болмайды.
Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаровтың айтуынша, биыл жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірлескен жұмыс жоспары бекітілген.
Аталмыш жоспарға сәйкес, мекеменің жастарға қызмет көрсету және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің жастармен жұмыс жөніндегі теолог маманының қатысуымен аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің жоғарғы сынып оқушылары мен колледж студенттері және жалпы аудан жастары арасында деструктивті діни идеялардың таралуына жол бермеу, радикалданудың алдын алу, олардың кері әсерін БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы аудан жастарының назарына жеткізу, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген.
-Жыл басынан бері біздің мекемемен жалпы саны 37 іс-шара өткізіліп, оған 1056 жас қамтылған. Өткізілген іс-шаралардың 20-сы кездесу және түсіндіру жұмыстары, 5-і дөңгелек үстел отырысы, 9-ы таратпа материалдар (флаерлар), 3-і қызметкерлермен кездесу екенін атап өткен жөн. Өткізілген іс-шаралардың ақпараттары Жастар ресурстық орталығының және ауылдық округ инспекторларының (instagram және facebook) парақшаларында жарияланып отырады. Өйткені, жастар ақпаратты негізінен әлеуметтік желілерден алады. Біз бұған ерекше маңыз беріп отырамыз,-дейді Ғани Бірлікұлы.
Орталықтың жылдық жоспарында аталған бағыттағы жұмыстар жыл бойы жүргізілетіні көрсетілген. Бұл іске орталықтың мамандары мен облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының Шу ауданындағы арнайы бөлімінің дінтанушылары құлшына кірісуде. Ең бастысы үздіксіз жұмыстардың нәтижесі жастардың жат ағымның шырмауына ілініп кетпеуіне себеп болса болғаны.
Әсілі, адамзатты сыйлау, өзара мейірімді болу, тұрғылықты жердің тәртібін ұстану әрбір сенімнің діңгегі. Оны сан ғасырлар бойы Ислам дінін ұстанған ата-бабаларымыздың салт-дәстүрінен, ғұрып-әдеттерінен аңғаруға болады. Осыны жастар жағы ойлай жүрсе дейміз.
Байжан Емберді.