«Архив-2025» бағдарламасы – болашаққа серпіліс
Архивтердің ел тарихының қазынасы ретіндегі рөлі қай кезде де өте зор саналған. Оны еліміздің өркендеуін, мемлекетіміздің жан-жақты дамуын айқындайтын құжаттық мұраны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізетін тарихи қазына десек, артық болмас.
Қазіргі таңда Шу ауданының мемлекеттік архивында Отанымыздың тарихына зор үлес қосқан еліміздің ұлы тұлғаларының өмірі мен қызметі туралы мәліметтер, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу мақсатында жеке тектік қоры, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени және латын әліпбиінде жүргізілген құжаттар сақтауда тұр.
Ел тұрғындарының тарихи санасын жаңғырту, халықаралық кеңістікте архив құжаттары негізінде зерттеу жұмыстарын жүргізу және оларды цифрлық форматқа көшіру арқылы азаматтарға қолжетімді етуге бағытталған «Архив- 2025» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқаны жайында айта кету қажет. Бұл маңызды үрдіске Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі жоспарын бекіту туралы №953 Қаулысы бастама болды.
Осы аталған бағдарламалар шеңберінде көптеген жобалар қолға алынып, соның бірегейі архив саласы мен басқа да мемлекеттік мекемелер қызметінде “Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві” ақпараттық жүйесін (бұдан әрі «ҚБЭА» АЖ) құру және қолданысқа енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өте ауқымды. Негізгі «ҚБЭА» АЖ қолданысқа енгізу жұмыстары 2019-2020 жылдан қолға алынып, бүгінде Қазақстан архив ісін дамытудың жаңа кезеңіне көшкен. Ұлттық архивтер мен ұйым архивтерінің архивтік құжаттарын сандық форматқа аудару, ғылыми-анықтамалық ақпарат пен архив қорларының автоматтандырылған дерекқоры құрылып, ақпарат сапасын жоғалтпай ұзақ уақыт сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары жоғарғы қарқында жүргізілуде, «ҚБЭА» АЖ-сі мемлекетіміздегі архив мекемелері және басқа да мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелер арасындағы қағазбастылықтан арылтуға, жекелеген қызметкерлердің жұмыстарын автоматтандыруға және есептілікті басшылыққа талапты деңгейде онлайн бақылауға қол жеткізуге ықпалын тигізеді. Алдағы уақытта мемлекетіміздегі мемлекеттік бағдарламалардың бірінің жұмысын бірі қайталап тұрмас үшін мемлекеттік бағдарламалар санын шектеп, барлығының дерлік жұмыстарын «ҚБЭА» АЖ-не жиынтық жасап, барлығын бір бағдарламаға тоғыстыру қолға алынған.
Шу ауданының мемлекеттік архиві бүгінгі таңда 425 қордағы 127381 сақтау бірлікті, сонымен қатар 3 қорда 2302 сақтау бірліктің, 162766 парақтарын және 240 тақырыптық карточканы «ҚБЭА» АЖ -не енгізді. Қазақстан Республикасының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында архивте сақтаудағы құжаттарды электронды сандық түрге көшіру жұмыстары қолға алынып, жылдық жоспарларға сәйкес 2013 жылдан бастап бүгінгі таңда, электронды деректер базасына жалпы 19298 сақтау бірліктің 1581025 парағын сканерлерден өткізіп, «ҚБЭА» АЖ-не енгізу жұмыстары жалғасын табуда. Бұл жұмыстарға арнайы жылдам өткізетін сканерлер беріліп, жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта барлық архив құжаттары цифрлық форматта сақталады деген сөз.
«ҚБЭА» АЖ-і қарапайым жеке тұлғалар және заңды тұлғалар қандай мәнде қолдана алады? Егер де, сізге архив немесе мемлекеттік мекемелер архивінен еңбек өтілі, айлық есептік көрсеткіштерін, яки құжаттардан үзінді, көшірме, қандайда бір өзіңізге қажетті ақпараттар алу керек болған жағдайда немесе архивтік құжаттардан кітап жазуда, журналдарға, газетке мақала жариялауда архивтің онлайн оқу залына өтіп керекті құпия емес құжаттардан мәліметтер алу мүмкіндіктері болады. Бар болғаны үйіңізде отырып немесе кез келген өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында, ХҚКО-да интернет желісіне қосылған копьютердің браузеріне мына мекенжайлар арқылы https://e-archive.gov.kz, www.egov.kz порталдарында өтініш тастап қажетті мәліметтерге қол жеткізе аласыздар.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қор және архивтер туралы» №326-1 Заңының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 17 сәуірдегі №430 қаулысымен бекiтiлген «Электрондық құжат айналымы ережесі» негізінде Шу ауданының мемлекеттік архивінің жинақтау көзі тізіміндегі ауданымыздағы 60 мекеменің, 35 мемлекеттік мекемесі “Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві” ақпараттық жүйесі орнатылған. Қалған 25 мекеме алдағы уақытта толықтай «ҚБЭА» АЖ-н қолдану арқылы жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болады.
А.Абиева,
«Шу ауданының мемлекеттік архиві» КММ-нің
II-дәрежелі архивисі.