FootVolley – қос спорттың қосындысы
Ғаламтордағы дерек бойынша әлемде спорттың 60-тан астам түрі бар. Солардың бірі – футволей. Алғаш рет Бразилияда дүниеге келген бұл спорт аты айтып тұрғандай, жағажайда алақан добын аяқпен теуіп ойналады. Оны 1965 жылы осы елдің азаматы Октавио де Мораэс ойлап тапқанын айта кеткен жөн. Аталмыш мемлекеттің тәртібіне сай жағажайда футбол ойнауға рұқсат берілмеген. Осылайша, мәжбүрліктен жаһанға осы спорттың түрі тез таралып кеткен көрінеді.
Тыңнан түрен салудан тынбайтын Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы FootVolley-ді тұңғыш рет облыс көлемінде өткізіп, өздерінің жаңашылдығын тағы бір мәрте паш етті. Өткен аптаның соңында ұйымдастырылған спорттық сайыстың қызықтылығы сонша кімнің топ жарарын топшылау қиын болды. Себебі, өңірде футбол мен волейбол фавориттері көпшілікке таныс. Ал, FootVolley-де жүзден жүйрікті анықтау ең қызықты сәт еді.
Ұзын саны 7 команда бақ сынаған аталмыш шараның аймақта алғаш рет біздің ауданымызда өткені қуантады. Себебі, тар шеңберден шығып, жастардың талғамына сай шара ұйымдастыру аса маңызды. Шараның ашылуында Шу қаласы әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев сөз алып, спортшылардың сынына сәттілік тіледі.
Тартысқа толы жарыстың қорытындысымен «Еңбекші» командасы бірінші орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, «ЖРО» командасы күміс жүлдені еншілеп, үздіктердің үштігін «Ардагерлер» түйіндеді. Ерекше ойын өрнегімен көзге түскен Абзал Мүтәш турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды. Жеңістің дәмін татқан жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен кубоктар, сонымен бірге медальдар табыс етілді.
-Біз жастарды жалықтырмай, таным көкжиектерін кеңейту мақсатында осындай нұсқадағы жарыстарды жиірек ұйымдастыруға бекініп отырмыз. Бұған командамыз дайын. Осы мүдде жолында еңбек етіп, игі нәтижеге қол жеткізу біздің басты мұратымыз,-дейді Шу қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Шәймерден.
Байжан Емберді.