Киберқылмыс: интернет алаяқтарынан қалай сақтанамыз?
Соңғы кездері интернет желісін пайдалана отырып жасалатын алаяқтық құқық бұзушылық фактілері көбейіп жатқандығын әр саналы азамат жақсы біледі деген ойдамыз. Өйкені, түрлі әлеуметтік желілерде желдей есетін мұндай ақпараттың көпшілікке тез тарайтыны да белгілі. Соған қарамастан, әлі күнге дейін өз қолдарында тұрған ұялы телефон арқылы интернет алаяқтарына алданып келе жатқан қара халықтың қарасы азаяр емес. Керісінше, «Аңқау халыққа арамза молда» демекші, талайды сан соқтырып жүргендер артып отыр. Сол себептен, соңғы уақытта жалпы ел көлемінде полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған.
Бұл бағытта біздің ауданымыздағы ахуал қандай, алаяқтық қылмыстың алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүзеге асырылуда? Осындай сұрақтармен аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімшесіне қайырылған едік. Мұндағы учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мамасайтов Нұрлан Нұрмұхамедұлы мән-жайды мәлімдеді. Айтуынша, адамдарды алдау үшін алаяқтар «Instagram», «Facebook», «Telegram», «В контакте» әлеуметтік желілерін, «OLX.KZ», «MARKET.KZ», «KOLESA.KZ», «KRISHA.KZ» сайттарын және «What’s App» мессенджерін пайдаланып, жалған интернет-дүкендер, «фейк» парақшалар, сайттар ашып, түрлі тәсілдермен адамдарды алдап, сенімдеріне кіреді.
Деректерге сүйенсек, жалпы ел аумағындағы қылмыстың басым бөлігі ақпараттық жүйені пайдаланушыларды алдау арқылы жасалған. Мысалы, өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, есепшоттағы ақшаларды бөгде адам түсіріп алайын деп жатқанын айтып, есепшоттағы ақшаларды резерв шотқа салуға сендіріп, әр түрлі халықаралық банк карталарына аударту арқылы иемденіп алуда.
Одан бөлек, азаматтардың жеке мәліметтерін пайдалана отырып, әр түрлі микрокредиттік мекемелердің сайттары арқылы онлайн несиелерді рәсімдесе, «Instagram», «В контакте», «What’s App» әлеуметтік желілері және «OLX.KZ», «KRISHA.KZ», «KOLESO.KZ» сайттары арқылы парақша ашып, әр-түрлі (пәтер, автокөлік, оның бөлшектері, киім-кешек, аяқ-киім сату, пәтер жалға беру, жұмысқа орналастыру, несие алып беру, банктегі қара тізімнен шығарып беру қызметтері және т.б.) жарнамалар шығарып, интернет желісінен жүктелген тауарлардың фотосуреттерін жүктеп, арзан бағаға сатылатыны туралы жарнамалаған.
Жарнамаға қызығушылық танытып, хабарласқан адамдардан алдын-ала төлем талап етіп, «QIWI» әмияны немесе абоненттік нөмірге бірлік ретінде, сондай-ақ, банкоматтық карточкаларға ақша аударту арқылы немесе шығарылған шынайы жарнамаларға жалған қызығушылық танытып, сатып аламын және сол үшін ақша аударамын деп сендіріп, адамдардың банкоматтық карточка нөмірлерін және ұялы телефонына келген смс-кодтарды біліп алып, интернет-банкинг жүйесін бұзу арқылы есепшоттағы ақшаларды басқа есепшотқа аударып, иемдену де көрініс табуда. Осыған байланысты, полиция қызметкерлері қауіпсіздік шараларын күшейтуді нақты қолға алып, қарапайым тұрғындардың интернет алаяқтарының арбауына түспеуге шақырып, маңызды жайттарды ескертуде.
Мысалы, банкоматтық картаңыздың нөмірін және CVV-кодын, ұялы телефонға банктен келген смс-кодтарды ешкімге айтпау; жеке куәлігіңіз бен банкоматтық карточкаларыңыздың фотосуреттерін, ЖСН және банктердегі есепшот нөмірлеріңізді ешкімге жолдамау; егер сіздің банкоматтық картаңызға ақша түссе, ол ақшаның нақты қайдан түскенін банк арқылы білу; күдікті сайттарға, «What’s App» мессенджеріндегі «ақша көбейтетін» топтарға кірмеу; «AnyDesk» бағдарламасын ұялы телефонға қондырған кезде сақ болу; сондай-ақ, «MetaTrader 4» платформасымен жұмыс жасағанда ерекше сақ болуды ескертеді.
Орын алып отырған келеңсіз жайттарға орай, біздің ауданымызда да «Абайлаңыз, алаяқ» атты акция ұйымдастырылған. Аталмыш акция аясында халықтың назарына алаяқтықтың жолдары, олардың алдын алу және сақтану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, әсіресе криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері ұйытқы болуда. Мұндағы жауапты мамандар аудан тұрғындарын әлеуметтік желілердегі кез келген ақпаратқа сене бермеуге, қоңырау шалған бейтаныс адамға құжат бойынша мәліметтерді мәлімдемеуге шақырып, қандай да бір күдікті хат-хабар келсе, банктегі кәсіби қызметкерлерге жолығып, ақпараттың рас-өтірігіне шынайы көз жеткізіп барып, шешім қабылдау қажеттігін ескертуде. Өйткені, осы уақытқа дейін өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып, жеке адамның қажетті мәліметтеріне оңай қол жеткізіп, сол адамның банк шотындағы қыруар қаражатты жымқырғандар жоқ емес. Олардың арасында қаражаттың сіздің шотыңызға қателікпен аударылып кеткендігін айтатындар көп көрінеді. Н.Мамасайтовтың мәлімдеуінше, мұндай жағдайлар біздің ауданымызда «Халық» және «Каспий» банктерінің қызметін тұтынушылар арасында кезігіп отыр. Сол себептен, қоңырау шалған бейтаныс адамға банк карточкасының нөмерін, смс хабардағы нөмерді мәлімдеп, қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан абзал.
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің мамандары тұрғындар-дың осы мәселеге баса мән беруі қажеттігін назарға салып отыр.
Динара Батырхаирова.