«Электронды білезік» қылмысты бақылай ала ма?
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауларында қылмыстық үдерісті цифрлық нысанға көшіру қажеттігі туралы баса айтып келеді. Осыған орай еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесі күнделікті қызметте цифрлық жобаларды енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Осындай шешімдердің бірі – «электронды бақылау құралдарын енгізу». Яғни қылмыстық-атқару кодексінің 69 және 174 баптарына сәйкес пробация қызметі бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған адамдарға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандарға электрондық білезіктерді қолдануға құқылы.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Шу аудандық пробация қызметінде бүгінгі күні есепте тұрған сотталғандарға, яғни бас бостандығын шектеу және шартты түрде сотталғандарға қатысты электрондық бақылау құрылғылары қолданылуда. Аталған электронды құрылғыны қайта қылмыс жасауға бейімділігі жоғары тәуекел тобындағы бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру мүмкіндігі туралы “Ескерту” түріндегі жазалауы барларға 1 жыл мерзімге және де шартты түрде сотталуының пробациялық бақылау мерзімі ұзартылған сотталғандарға ғана қолданылады. Қазіргі кезде Шу аудандық пробация қызметінде 169 сотталған тұлғалар есепте тұр. Бүгінгі күнге аудан бойынша 12 сотталғанға қатысты электрондық бақылау құрылғылары қолданылды. Аталған құрылғы бойынша қашықтықтан, онлайн түрде күндіз-түні бақылауға мүмкіндік береді. Құрылғыны қолданудың басты мақсаты – есептегі сотталғандармен қайта қылмыстар жасау деңгейін болдырмау, дер кезінде профилактикалық жұмыстар жүргізу және де ең бастысы сот үкімімен белгіленген міндеттер мен шектеулерді бұлжытпай орындауын қамтамасыз етуге зор ықпалын береді.
-Тиісті пробациялық бақылауды қамтамасыз ету және сотталғандардың тұрған жері туралы ақпарат алу үшін пробация қызметі электрондық бақылау құралдарын пайдаланады.
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті Шу ауданының пробация қызметінің бөлімшесінде ГЛОНАСС/GPS жаһандық навигациялық спутниктік жүйесінің сигналдары бойынша сотталған адамның орналасқан жерін қашықтықтан сәйкестендіруге және қадағалауға арналған дербес GPS құрылғыны орнату жұмыстарын жүргізді. Құрылғыны қолданудың басты мақсаты – есептегі сотталғандармен қайта қылмыстар жасау деңгейін болдырмау. Сотталғанға электрондық бақылау құралдарын қолдану туралы шешім қаулымен ресімделіп, сотталғанға және онымен бірге тұратын адамдарға жарияланады, бұл ретте жабдықтың бүлінгені үшін жауапкершілік, электрондық бақылау құралдарын пайдалану ерекшеліктері түсіндіріледі, сондай-ақ қол қойғызып пайдалану жөніндегі жадынама тапсырылады.
Пробация бөлімшесінің қызметкерлері ақпарат жинауды мониторинг пультінің деректерін пайдалана отырып жүзеге асырады. Барлық есепке алынған адамдар тәулігіне 24 сағат бақылауда болады, өйткені сотталғандардың қозғалысы минут сайын есептеледі. Карта бойынша біз сотталғанның орналасқан жерін нақты уақыт режимінде бақылап қана қоймай, сонымен қатар барлық қозғалыс бағытын бақылай аламыз,-дейді Шу аудандық пробация қызметі бөлімі бастығының орынбасары, әділет капитаны Марат Булатбеков.
Сондай-ақ, білезіктің белбеуі оңайлықпен кесілмейді, оның ішінде темір сымы бар. Құрал жеңіл, аллергия тудырмайды, су өтпейді. Қуаты 2-5 күнге дейін жетеді. Кейін сотталған құралды үнемі қуаттандырып отыруға міндетті. Білезікті таққаннан кейін ол жайында ақпарат планшетте пайда болады. Қайда барғаны, жүргені, бәрі GPRS арқылы бақыланады. Егер ол белгілі бір рұқсат етілген аумақтан шығатын болса, оны инспектор бірден көреді. Ал сотталушылар оны зақымдайтын болса, шығынды өз қалтасынан өтемек. Сотталғандарды, күдіктілерді қашықтықтан бақылау құралдары олардың қылмысқа қайтадан бару қаупін төмендетеді. Бассыз кеткені болмаса, 95 пайыздайы үнемі бақылауда екенін түсініп, аяғын тарта басады. Осы арқылы пробация қызметінің бақылау сапасы жақсарады.
Айғаным Асқарбек.