Ақпараттық портал

Жалындаған жастар барда жасай бермек қазағым!

Жалқаулыққа жаны қас, жаман іске жуымас, жасампаздыққа жетелер, жұдырықтай жұмылар, жолынан жаңылмас, жалын атқан жастар барда Жаңа Қазақстанды жасай алатынымызға әмбе жұрт сөзсіз сенер. Ол үшін әр жас қандай болуы керек деген ой сананы жегідей жейді. Жаңашыл жастың бойынан табылуы керек қасиеттерді тізбектесек… Білімді, бастамашыл, белсенді, тәрбиелі, мейірімді, еңбекқор, адал, қабілетті, қайратты, тағысын тағылар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады» демеп пе еді?! Егер тереңінен үңілсек, бүгінгі аға буынның ертеңгі арқасүйері-жастар. Сайып келгенде жастарды ортақ идеяға ұйытып, ұлт мүддесін ұлықтау жолында жұмылған жұдырықтай біріктіру жолында мемлекеттің жасап жатқан жолы көп. Жастарға арналған түрлі бағдарламалардың түзілуі де ел болашағының кепілі.

Елімізде жастарды бір арнаға бұрып, жұмыссыздықпен күресіп, түрлі адами қасиеттердің қоғамда бүр жаруына себепші болып жүрген жастар ұйымдары жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі әр өңірден құрылған Жастар ресурстық орталықтары. Біздің ауданда да аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығының” атқарып келе жатқан ісі ауқымды. Бір арнаға креатившіл жастарды топтастырып жүрген орталықтың атқарып жүрген жұмыстары назарыңды аударып қана қоймай, қызығушылығыңды арттыра түседі. Ғани Қойбағаров есімді азамат басшылық ететін орталықтың әр ауылдық окрутерде де жұмысты жүйелі жүргізіп отырған бір-бір өкілдері бар. Бүгін біз Өндіріс ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Мәрзия Омарованың жұмысын алға тартпақпыз.
Кез келген қызметкердің бойында жауапкершілік қасиеті жоғары бағаланса, сол секілді ұйымдастырушылық қабілеті де лайықты бағалауға тұрарлық әрі көп адамның бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет. Міне, осындай қасиеттер Мәрзия Жазылбекқызының да бойынан табылады. Өзінің туып-өскен өңірін тегіс білетін, тұрғындарының талап-тілегін тасада қалдырмайтын маманның қызметке кіріскен күннен-ақ қайырымдылық істі қолға алатынын абайлықтар жақсы біледі. Сәті түссе өз қалтасынан қаражат шығарып, кейде жомарт жандарды жақсы істерге жұмылдырып, Абай ауылының мұқтаж жандарына түрлі деңгейде көмек көрсетіп, сауапқа кенеліп жүргені, өз алдына бір әңгіме.
Бала күнінен спортқа деген сүйіспеншілігі бір мысқалға да кемімей, спорттық іс-шаралардың бел ортасынан табылып жүргені де мақтауға тұрарлық. Үнемі спорттық турнирлер ұйымдастырып, ауыл жастарының дене шынықтырумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына да жол салғаны ерлік емей, немене?! Әсіресе футбол, валейбол, шахмат сынды спорттық ойындарды дамытуға ден қойып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жастарға қолдау көрсетіп жүргені тағы бар. Бұған қоса, түрлі деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізуге атсалысып, жас өреннің отаншылдық рухта тәрбиеленуіне барын салып жүр. Жан-жақты болу – заман талабы десек, түрлі этнос өкілдерінің бірлікке жұмылуына, жас отбасылардың психологиялық қолдау табуына, діни бағытта тура бағдар көрсетілуіне, жұмыссыз жастардың бағдар алуына, экологиялық акциялардың іске асуына, азаматтарымыздың әскерге барып, борышын өтеуіне жол көрсетіп жүрген Мәрзия Омарованың жұмысына жергілікті жұрт жақсы бағасын беріп жүр.
“Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігінде. Біз алдыңғы буынның, айтулы тұлғалардың адал жолын лайықты жалғастыруымыз қажет. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Ең әуелі жастардың бойында рухани адамгершілік, құқықтық тәрбие және Отанға деген сүйіспеншілік басым болуы қажет деп ойлаймын. Ал ол үшін әр отбасы тәрбие беру мен отансүйгіштік қасиеттерінің дамуына ықпал жасау қажет. Жастар жас шыбық сияқты, оларды қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себепті жастарды тәрбиелеу, ойы мен бойын түзеу – халық парызы”,-дейді Мәрзия Жазылбекқызы.
«Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жасаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт артуда. Елдің қолдауына қарай біз, жастар да елді нығайтуға атсалыссақ, одан асқан бақыт бар ма, сірә?! Әр жастың бойынан табылуы керек деген қасиеттер, алынбайтын қамалдай көрінгенмен, жақсылыққа бастайтын игі қасиеттердің үдесінен шыға білу шыңға жетелейтіні сөзсіз. Иә, арамызда ел серкесі боларлық жастар жетіп артылады. Бірақ сөзіміздің басында айтқандай, солардың басын біріктіріп, ой-пікірлерін ең алдымен ел, тіл, діл мүддесі үшін бір арнаға тоғыстырған маңызды. Шын мәніндегі бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп, бұл туралы аға ұрпақ жастық жылдарда армандай алмайтын. Бүгінгі күн – талантты, жігерлі, өзіне сенетін адамдардың, арманға бай және оларды жүзеге асыруға ерік-жігері жететін адамдардың уақыты. Ендеше, мемлекет жастар үшін жасаған барлық мүмкіндіктерден қапы қалмайық, жалынды жастар!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.