Көлік қызметкерлері алғысқа бөленді
Еліміздегі кәсіби мерекелер тізіміне көз салсақ, тамыз айының алғашқы жексенбісінде Көлік қызметкерлері күні аталып өтетінін әр саналы азамат жақсы біледі деген сенімдеміз.
Осыған орай, өткен жұма күні Шу қаласындағы Теміржолшылар саябағында көлік саласы қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шара әуелі ел тарихындағы темір жолдың негізін салушы, тарихи тұлға Т.Рысқұловтың және Қордай оқиғасында қаза тапқан азаматтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.
Салтанатты сәтте қала әкімі Е.Нұралиев құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Мұнан кейін көлік саласында еселі еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқан бірқатар қызметкерлерге аудан әкімінің атынан “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” белгісін, Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, аудандық мәслихат тарапынан депутат Нұржан Разимбеков бірқатар азаматтарды Шу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар, «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков мереке иелеріне ақжарма тілегін арнап, алдыңғы қатарлы еңбеккерлерге “Аmanat” партиясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Ардагер теміржолшы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Милис Нысамбайұлы да жиылған қауымды мерекемен құттықтады.
Мереке иелерінің құрметіне жергілікті айтыс ақыны Ғ.Есдәулетов домбырамен жүрекжарды әсем арнауын тарту етті.
Мерекелік сазды бағдарлама аясында жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, ұйымдастырушылар тарапынан теміржол саласының тарихы, оның дамуына үлес қосқан тұлғаларға қатысты сұрақтар қойылған сұрақ-жауап ойыны өткізіліп, белсенділік танытып, сұраққа жауап бергендерге шағын сыйлықтар ұсынылды.
Көлік саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысқан мерекелік шара барысында кәсіби мереке иелерінің құрметіне шағын дастархан – фуршет жайылып, күннің ыстығы да ескеріліп, жиылғандарға балмұздақ таратылды.
Тағы бір айта кететін жайт, әлеуметтік желі арқылы танылған жергілікті теміржолшылар арасындағы әуесқой әншілер де назардан тыс қалмай, ұйымдастырушылардың ықпалымен Қайсар және Жалғас есімді сала еңбеккерлері де әсем ән шырқап, әріптестеріне мерекелік жылы лебіздерін білдірді.
Осылайша, ашық аспан астындағы қалалық саябақтың саясында өткен мерекелік шара лайықты өтіп, теміржол мекемелері мен аудан халқын қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіп жүрген “Ақ жол-2000” ЖШС-нің қызметкерлері мен өзге де жиылған көпшілік ризашылықпен тарқасты.
Динара Батырхаирова.