Ақпараттық портал

Қала тұрғынын ажалдан арашалады

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлеуметтік желіде тәртіп сақшылары туралы жағымсыз пікірлер желдей есіп жүр. Бұл өз кезегінде қоғамның полиция қызметкерлеріне деген сенімдеріне селкеу түсіріп, көпке топырақ шашуға түрткі болуда. Алайда арамызда қызметіне адал, тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етіп жүрген полицейлер жетерлік.

Осы аптада каналдың «Тоғай» шағын ауданындағы тұсында кішкентай қыз жан ұшыра жан-жағын көмекке шақырады. Оның дауысын сол маңда рейдтік шарада жүрген қос полицей естіп, дереу көмекке ұмтылады. Нақты айтқанда, Көліктегі полиция департаментіне қарасты Шу станциясындағы желілік полиция бөлімінің жедел тергеу тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Батыр Мұқан ойланбастан суға секіріп, батып бара жатқан «В» есімді Шу қаласының тұрғынын құтқарып қалады. Суға батқан азаматшаны жағаға шығарып, қасындағы әріптестері криминалист Абзал Башаров, тергеуші Нұрдәулет Бахиловпен бірге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шақыру орнына келген жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстайды.
-Өзімізге тапсырылған аумақта рейдтік іс-шарада жүрген болатынбыз. Кенет кішкентай қыздың көмекке шақырған дауысы құлағымызға жетіп, жедел көмекке бардық. Келсек бір адамның суға батып жатқанын көрдік. Ойлануға уақыт болмады. Тез шешім қабылдау керек болды. Сол себепті ойланбастан суға секіріп, ағып бара жатқан әйел адамды алып шықтым,-дейді көліктегі тәртіп сақшысы Б.Мұқан.
– Қызым екеуміз шомылып келмек болғанбыз. Суда жүргенде аяғымның сіңірі тартылып, суға бата бастадым. Содан кейін ештеңе есімде жоқ. Көзімді ашсам полиция қызметкері мені судан жағаға шығарып, көмек көрсетіп жатыр екен. Өмірімді сақтап қалғаны үшін полиция қызметкеріне ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын, – дейді бір ажалдан қалған қала тұрғыны.
Қазір азаматша аман-есен үйінде, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Полиция қызметкерінің жедел әрі шапшаң әрекеттерінің арқасында оқиға сәтті аяқталды.
Батырлық жасаған Батыр Ержанұлы Меркі ауданында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2018 жылдан бастап қызмет етуде. Қазіргі атқарып жүрген лауазымына 2 жыл бұрын кіріскен. Сонымен қатар ол Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі. Батырдың басшылығы оның жұмыстағы оң қасиеттері мен қызметтегі қырағылығын жоғары бағалап отыр.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.