Мереке иелері марапатталды
Өткен аптаның соңында елдегі және әлемдегі құрылысшылар өздерінің төл мерекелерін атап өтті. Сонау 1956 жылы 12 тамызда белгіленген кәсіби мейрам елімізден бөлек Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Украина мемлекеттерінде тойланады. Бұл күні құрыш білекті құрылысшыларға құрмет көрсетіліп, олардың берекеге ұласқан бейнеттері дәріптеледі.
Құрылысшыларды құрметтеу шарасы Шу ауданында да ұйымдастырылды. Нақты айтқанда, өңірдің бас кеңсесінде аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен салтанатты жиын өтіп, мереке иелері марапатталды.
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, құрылыс еліміздің ең маңызды саласының бірі. Оның қарқынды жүруі білікті мамандарға тікелей байланысты. Өйткені, сіздерге халық аманаты жүктелген. Елімізде оның ішінде Шу өңірінде жаңа құрылыс нысандары бой көтеріп, ауданның ажары айшықталып келеді. Жыл сайын жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандары, спорттық-сауықтыру кешендері бой көтеруде. Биыл құрылысшылар халықтың әлеуметтік осал тобына баспана салып жатыр. Одан бөлек, қос “Жайлы мектеп” құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ, «Жетісу» мөлтек ауданында 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталып қалды.
Құрылысшылар – еңбегін елге үлгі етуге тұратын қаһармандар. Күннің райына қарамастан жұмыс істейтін сіздерге жұрт ықыласы ерекше,-деген Найман Кенжеханұлы жиынға қатысушыларға жылы лебіздерін жеткізді.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне ұласып, бірқатар сала мамандары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен көркеюіне қосқан қомақты үлесі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.
Жиын соңында құрылысшылар өздеріне көрсетілген ілтипатқа разы болып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықады. Сондай-ақ естелікке суретке түсіп, үйлеріне тарасты.
Байжан Емберді.