Жұмыстар жетекші партия назарында
Жуырда Шу ауданына “AMANAT” партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі аталмыш партияның 2023-2027 жылдарға арналған “Халықпен бірге!” сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындайтын міндеттер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытында қабылданған шаралардың барысын зерделеу мақсатында арнайы жұмыс тобы атбасын бұрды.
Құрамында Мұратбек Азимов пен Анар Досымбаева сынды мүшелері бар жұмыс тобын кеңес мүшесі Қасымхан Төлендиев бастап келді. Құрметті меймандар ең алдымен Тасөткел ауылындағы Шерхан Мұртаза атындағы орта мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқанымен, учаскеде 80-ге жуық құрылысшы жұмыс істеуде. Мердігер компания өкілінің айтуынша қыркүйек айының соңына дейін мектептің жарты ғимараты пайдалануға беріледі. Облыс орталығынан келген кеңес мүшелері жұмысты ширатуды тапсырып, құрылыс сапалы орындалып, мерзімінен кешікпей берілуі тиіс екенін ескертті.
Сондай-ақ партия өкілдері Шу қаласындағы А.С. Макаренко атындағы білім ошағындғы жөндеу жұмыстарымен танысты. “Тараз Құрылыс Инвест” ЖШС жүргізіп жатқан жұмыс қарқыны қанағаттанарлық. Олардың айтуынша да оқушылар алтын ұяларына қазан айында оралады. Қасымхан Естемесұлы бастаған топ мердігерге өз ескертпелерін айтып, қарқынды үдету керектігін тілге тиек етті.
Мұнан кейін меймандар аудан әкімі Бақытжан Жәнібековпен кездесіп, сапар барысында көрген-түйгендерімен бөлісті. Өз кезегінде аудан басшысы барлық жұмыс барысы жеке бақылауында екенін жеткізіп, нәтижеге дейін жұмыс істейтінін айтты.
Байжан Емберді.