Ақпараттық портал

Жақсы іс әркімге-ақ жарасқандай

“Адамның бәрі пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, жомарттық – осы жолға бастайтын қасиет” деген даналық сөздің мәніне терең үңілер болсаңыз, кез келген азамат ел аузында жақсы ісімен қалатыны сөзсіз екендігін аңғарасыз.
Кешегі тарихта аты қалған “Атымтай жомарт” та өзінің көл-көсір көңілімен, қолының ашықтығымен, сауапті істе алдына жан салмайтын көркем мінезімен ғасырларды артқа қалдырып даңқы бүгінге жетіп отыр. Тарихта атың тек даналығыңмен, ақылыңның асып туғандығымен қалмайтынын, қайырлы ісіңмен де қалатындығының дәлелі бұл. Кезінде Шал ақын жігіттерге айтқан өсиетінде “Жомарттық қылған жігіттің ықыласын байқасаң, толқып соққан көлмен тең” деуі әр адамның мәрттігі – бойындағы ең асыл қасиеттердің ізгісі екендігін аңғартып тұрғандай. Әлбетте мырзалығымен, жомарттығымен танылған жанды ел мақтайды, көкке көтереді. Қанымызға сіңген жомарттық қасиетіміздің бұл күнде де тіні үзілмек емес. Ел еңсесін тіктегелі тектілік қалпы бар азаматтарымыз шама-шарқы жеткенінше жомарттығын танытып, халыққа қарайласуда. Осындайда “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген халық даналығын ойға алып, қайырымды азаматтарымыздың үлгі болар істеріне алғыспен қайтарымын жасасақ, өскелең ұрпаққа өнеге сол емес пе?!
Игі істің жарқын бір көрінісі, Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығындағы жомарттыққа жол салған жастарының жақсы істерін жарияламақпыз. Ең бірінші ауыз толтыра айтар жомарттық істің бірі, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған Жастар ресурстық орталығы мекемелері арасында өткен “Мерейлі Меркі өлкесі” атты облыстық спорттық сайыста шулық жастар жүлделі ІІ орын иеленіп, велосипед ұтып алған болатын. Ортақ жеңістің нәтижесі үшін табысталған бағалы сыйлықты мекеме қызметкерлері қайырымдылық мақсатқа жұмсап, ауданымыздың аз қамтылған, жағдайы төмен, көпбалалы отбасына тарту етті.
Бұған қоса осы жылдың 16 шілдесі күні аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Ақсу ауылдық округінде волонтерлық қозғалысты дамыту бойынша бекітілген «Біргеміз: Қамқор» бағытында «Қамқорлық көпке үлгі» атты қайырымдылық акциясы өтті. Қоғамды адамгершілікке үндеп, жас ұрпақты қайырымды іске тәрбиелеу мақсатында өткен шарада ерікті жастар Оразалы батыр ауылының тұрғыны, зейнеткер Мырзакүл Ауелбаеваның үй шаруасына қолғабыс етіп, ауласын түрлі арамшөптерден тазартып, көп жасаған қарияның алғысын алып қайтты.
Сон-дай-ақ, аталған орталық игі істерден қалыс қалмай, “Басқа әлеумет” бағыты бойынша Балуан Шолақ ауылдық округінде тұратын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себетін таратып, қайырымдылық істің тағы бір үлгісін көрсетті. Қазіргі таңда елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан “Мектепке жол” жалпы республикалық акциясына да бір кісідей атсалысып жатқанын атап өтпеске болмайды. Яғни “Кел, көмек көрсетейік” атты қайырымдылық акциясы аясында Жаңақоғам ауылдық округінің аз қамтылған, көпбалалы отбасының балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтары мен мектеп формаларын әпергені тағы бар.
“Болар елдің ерлері бірін-бірі батыр дер” деген ұранымызды жалаулатып, жақсылыққа жол салған жігерлі жастарымызды жиі ауызға алып отырсақ, игі азаматтардың қатары артатыны сөзсіз. Жарқын істеріне қарап Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерін туған жерге туын тіккен деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. “Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп” деген аталы сөз осындай жастарымызға қарата айтылғандай.
Ниеті мен тілегі қашанда елмен өрімдес өрелі азаматтарымыздың қашанда асығы алшысынан түсе берсін деген тілегіміз бар. Қайырымдылық іске келгенде алдымызға жан салмай, бір-бірімізге әрқашанда демеу болып, жақсы істе қолдау көрсетіп жүре берейік!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.