Артында халқы барда Абай да бар
Аталы сөзге тоқтап, қара өлеңді қадірлейтіндер Абай Құнанбайұлын да қастер тұтатыны анық. Оны 10 тамыз – Абай күні қарсаңында ұйымдастырылған шаралар мен әлеуметтік желідегі көріністерге қарап аңғардық. Әлемдік деңгейде бетке ұстар биігіміз дүниеге келген күні танымдық-әдеби шаралар көптеп өткізілгеніне куәміз.
Солардың бірі – Шу аудандық мәдениет үйінде ойшыл ақынның шығармашылығын дәріптеу мақсатында өткізілген «Көңілім әнді ұғады…» атты аудандық байқау. Аталған сайыста орындаушылар хакімнің әндерінен бақ сынады.
Абай әндері насихатталған додаға 13 пен 23 жас аралығындағы 13 үміткер қатысып, өзара жүйрікті анықтауға тырысты. Қырандай қырағылық танытқан қазылар алқасы әрбір қатысушының өнерін жіті қадағалап отырды.
Қос кезең бойынша сынға түскен қатысушылар арасынан Абай ауылының тұрғыны Нұрбек Наскен алға суырылып, бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ төлебилік Айзиза Рахметханқызы екінші орынды еншілесе, Ермахан Ергеш пен Әділет Алдасүгір үшінші орынды бөлісті. Қалған қатысушылар белсенділігі үшін марапатталды.
Жарыс соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, Абай атын асқақтатқаны үшін алғыс айтылды.
Байжан Емберді.