Ақпараттық портал

Оқу жылына дайындық мәселесі қаралды

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атқарылып жатқан жұмыстар туралы, ішкі істер министрі Ержан Сәденов білім беру нысандарындағы қауіпсіздіктің ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Сондай-ақ жекелеген өңір әкімдерінің есебі тыңдалды.
Жаңа оқу жылында қазақстандық 3,9 млн оқушы мектепке барады, оның 360 мыңға жуығы бірінші сынып оқушылары. Жалпы, 2024 жылға арналған жоспарға сәйкес, елімізде 536 мың оқушыға арналған 302 жаңа мектеп ашылады.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды екенін баса айтты. Пайдалануға берілгеннен кейін мектептерді бала қабылдауға дайындау үшін де үлкен жұмыс атқарылатыны атап өтілді.
Премьер-Министр мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханалар мен спорт залдарын жабдықтауды тапсырды.
Сонымен қатар бұл тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына ғана емес, барлық білім беру нысандарына қатысты қойылып отырған талап. Үкімет басшысы бірқатар өңірлерде кейбір оқу орындарының дайындығы алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты.
«Құрылыс жұмыстары негізсіз созылып кетті. Осы бағытта барлық күш-жігерді біріктіріп, нысандардың белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тамыз айында күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуға тиіс. Алайда, 18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30 пайызы ғана орындалған. Бұл Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қатысты. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу процесі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыздар. Өңір әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектептерде заманауи пәндік кабинеттер ашу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын уақтылы қамтамасыз етуі қажет. Бұл жұмысқа салғырт қарауға болмайды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.