Ақпараттық портал

Білім ошақтары күрделі жөндеуден өтуде

Әне-міне дегенше жазғы демалыстың да аяқталуына санаулы күндер қалды. Ала жаздай демалған оқушылар қазір алтын ұя мектептеріне оралуға асығып, қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін дайындауға кірісіп кетті. Осыған орай аудандағы мектеп оқушыларын қабылдайтын білім ошақтарының дайындығы қай деңгейде деген сұраққа жауап іздеп, аудан бойынша атқарылған жұмыстардың ауқымын анықтап көрген едік.

Әр жыл сайын жазғы демалыс басталысымен мектептер жоспар бойынша ағымдағы және күрделі жөндеуден өтетіні белгілі. Осындай жүйелі жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр. Дәлірек айтар болсақ, Тасөткел ауылдық округіндегі Ш.Мұртаза, Шу қаласындағы А.С.Макаренко және Ғ.Мұратбаев атындағы мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, Қорағаты ауылдық округіне қарасты Жиенбет елді мекенінде 100 орындық су жаңа білім ошағы бой көтеруде. Аталған құрылыс жұмыстарының аяқ алысын байқау мақсатында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков білім ошақтарына арнайы барып, құрылысқа жауапты мердігер компания өкілдерімен кездесті. Құрылыс болғаннан кейін артық-кем жұмыстың болатыны айтпаса да белгілі. Сондықтан да аудан басшысы мердігерлерге тапсырыс беруші тараптың өтініш-тілектерін ескере отырып, бірлесе жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Оған қоса, күрделі жөндеу жүріп жатқан мектептердің құрылысын жаңа оқу жылы басталғанға дейін жеделдету қажеттігін жеткізді.
Сонымен бірге, Бақытжан Оразалыұлы Жиенбеттегі жаңа мектептің құрылысын да көзбен көріп, жұмыстың басы-қасында жүрген жауаптылармен тілдесті. Айта кету керек, ағымдағы жылдың мамыр айында басталған жұмыстар келесі жылдың ақпан айында толық аяқталады деп жоспарланған. Жалпы құрылыс аумағы 1,5 гектар жерді алып жатқан білім ошағының құрылысына «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жауапты екенін де айта кеткен жөн. Аталмыш серіктестік өкілі жуық арада мұндағы жұмыс күшін екі есеге дейін арттырып, құрылысты жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отырғанын жеткізді. Өз кезегінде аудан басшысы негізгі мақсат – құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау екенін айтты.
Бұдан бөлек, аудан әкімі Қант зауыты мөлтек ауданында жаңадан соғылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылысын да көзбен көріп қайтты. Қазіргі кезде мұндағы құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бақытжан Оразалыұлы құрылысқа жауапты «Мелиоратор» ЖШС-нің өкілдеріне нысанды жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беруді тапсырып, құрылыстың сапасына мейлінше мән беру қажеттігін жеткізді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.