Акцияға атсалысуға шақырды
Бүгінгі күні өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет қолайлы орта қалыптастырып, жан-жақты жағдай жасауды басты назарда ұстауда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында да еліміздің барлық балалары тең дәрежеде жалпыға міндетті орта білімді алуға құқылы екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Осыған орай, еліміздің түкпір-түкпірінде бірнеше жылдан бері жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл игі шарадан Шу ауданының білім бөлімі де қалыс қалмай, тұжырымдаманы басшылыққа алып, жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.
Соның жарқын дәлелі, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің базасында білім бөлімінің әдіскері Майра Булекбаеваның қатысуымен семинар-кеңес өткізілді. Оған аудандағы жалпы білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар қатысты. Ең алдымен Майра Кендірбайқызы «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында бекітілген іс-шаралар жоспарымен және аталған акцияның білім бөлімімен 2024 жылғы 25 шілдеде бекітілген №513 бұйрығымен таныстырып өтті.
Осы акция аясында ең алдымен ұйымдастыру комитеттерін құрып, өңірлік іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды. Республика көлемінде өткізілетін қайырымдылық акциясы шеңберінде аудандық жәрмеңкелер өткізіледі. Яғни 6, 10, 15 тамыз күндері Шу қаласы, «Қосқұдық» мөлтек ауданындағы «Азамат» дүкенінде (оқу құралдары), «Көктем» сауда орталығының екінші қабатындағы 22-ші бутикте (оқушы формалары), Орталық базарда орналасқан «Глобус» дүкенінде (мектепке қажетті оқу құралдары) аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға мектепке қажетті дүниелер төмендетілген бағада сатылады. Акция барысында азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін білім беру ұйымдарындағы «Жедел желі», «Сенім» телефондарын, қоғамдық қабылдауларды ұйымдастырып, үздіксіз жұмыс жүргізу керектігі түсіндірілді. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясының өткізілуіне жауапты мамандар бекітілген кестеге сәйкес аудандық «Шу өңірі» газетіне және мектептің әлеуметтік парақшаларына ақпараттарды уақытылы жариялап отыруы тиіс әрі акция туралы стендтер, ақпараттық бұрыштар жасалынып, мектептің көрнекі жерлеріне ілінуі керектігі айтылды.
Сөз соңында жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанын ескере отырып, барлық азаматтарды акцияға атсалысуға және өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз! Сіздің қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да жасаған сауапты ісіңіз біз үшін өте маңызды.
Айғаным Асқарбек.