Ақпараттық портал

Биыл 42 көшенің жолы жөнделеді

Жол мәселесі халық көкейіндегі маңызды сұрақтың бірі. Жұртшылықтың жергілікті атқарушы органдарға қояр сұрағы да, талабы да – осы. Оны алысқа бармай-ақ өзіміздің өңірден байқауға болады. Әсіресе, тұрғыны көп теміржолшылар шаһарының түйткілі көлік жүретін жолдарды жөндеу екенін білеміз.

Қала әкімі ұсынған мәлімет бойынша Шу қаласында жалпы ұзындығы 204,2 шақырымға жететін 313 көше бар. Бүгінде оның 164-і немесе 52,3 пайызына асфальт төселмеген. Бұған ең алдымен қаражат кедергі екені екі бастан белгілі. Елдос Нұралиев көше жолдарының бүгінгі ахуалы қаладағы өте өзекті мәселелердің біріне айналғанын жасырмады. Бұл туралы кездесулерде тұрғындар жан айқайын жеткізсе, екі сауалдың бірі жол мәселесіне қатысты болатын көрінеді.
Аталған шаруаны шешу мақсатында былтыр жалпы ұзындығы 22 шақырым болатын 17 көшеге асфальт, 3 көшеге тротуар, 11 көшеге шағал тастар төселіп, 462,412 млн. теңге игерілген. Мұны мәлімдеген Елдос Бекболатұлы биыл құны 615 млн. теңге болатын 42 көшені жөндеу жоспарланғанын жеткізді.
– Осы жылы аудандық бюджеттен 309 млн.теңге, облыстық бюджеттен 200 млн. теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда 173,434 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 6,121 шақырым болатын 15 көшеге (Ақбастау, Пырақ, Сәтпаев көшесінен Желтоқсан көшесіне дейін, С.Сейфуллин көшесінен Ақарыс көшесіне дейін, Ақтау, Алтынкөл, Бозшакөл, Жайсан, Сәйгүлік, Тораңғы, Ботай, Егібайұлы, Шевченко, Қошқарбаев, С.Жұмабайұлы) асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Қалған көшелердің асфальтын төсеу жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде,-дейді Шу қаласының әкімі.
Сонымен қатар оның айтуынша, жоспарланған 42 көшені толық қамту үшін 106 млн. қаражат қажет. Бұл туралы облыстық бюджетті нақтылауға өтінім берілген. Аталған жұмыстар толық аяқталған жағдайда асфальтталған көшелердің үлесі 61 пайызға жетпек. Бұдан бөлек, 20 көшеге шағал тас (ПГС), 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолдарын салуға жобалық-сметалық құжаттары дайын. Жобаның бүгінгі жалпы құны-147 млн. теңгені құрайды.
Жолдың жырын ұзақ жылдар бойы көтеріп келген тұрғындардың сабыры түгесілуге жақын. Дейтұрғанмен, қала басшылығы қол қусырып отырмағанын байқаймыз. Айналасы бір жылдың ішінде бірталай жұмыстар жүзеге асқанын көріп отырмыз. Шаруаны бір-ақ күнде шешуге мол қаражат керек екенін де жақсы түсінеміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.