Ақпараттық портал

Ерлікті ел болып ескеру маңызды

Қайрат 10 сыныпты бітіргеннен кейін Алматы құрылыс институтына құжаттарын тапсырды. Бірақ жолы болмай, ауылға қайтып келіп, бақташы әкесіне (Ноғайбай ақсақалға) көмекші болады. Мұнан кейін 1984 жылы әскерге шақырылып, ол жақта жақсы қырынан танылып, сержанттық лауазыммен оралады. 1986 жылы өзінің бастапқы арманы Алматы сәулет-құрылыс институтына оқуға түсті. Мен сол жылы училищені тәмамдап, КазПи-ге орналастым. Екеуміздің мінезіміз екі бөлек-тін, мен бұзықтаумын, ол салмақты, байсалды еді. Маған үнемі ақыл-кеңес беруден жалықпайтын. 1986 жылы мен мединституттың профилактикасында демалдым. Сол жылы білсемші, көп ұзамай Қайратымнан айырыларымды…
Бірінші қаңтар күні Мойынқұмда жақындарымыздың үйінде ұйықтап жатқан жерінен «Түнде төбелеске қатысқан, көп ұзамай жібереміз»-деп бөгде кісілер алып кетіпті. Мен барлық ішкі істер бөлімдерін аралап шықтым. Сөйтсек, Алматыдағы «Целинный» кинотеатрының маңындағы ішкі істер басқармасына әкеліпті. Аға тергеуші, полковник Дубаевқа жолықсам, «Ағаң мойындамай жатыр, мойында деп хат жаз, алаңда болғанын растасын» – дейді. Ол маған Ертайдың тергеу ісін қолыма ұстатты. Бауыржан екеуі де мойындапты. Дубаев «Сенің ақ жиекті көк курткаң қайда?» – деді. Ондай киім менде болмағанын айттым. Сөйтсем, қолында урна ұстаған, беті көрінбейтін бір жігіттің суретін маған көрсетіп, «бұл сенсің» – дейді. Менің еш қатысым жоғын дәлелдеп бердім. Ол күліп жіберді де, «ойнағаным ғой» – дей салды. Бірде бауырыма тамақ апардым, сонда ол «Тергеушіге де, адвокатқа да ақша беріп әуре болмаңдар, босқа шашыласыңдар, маған жала жабуда, мен ақпын, ақталамын!»-деді.
1987 жылы мамырда армияға шақыртып, мені Свердловскіге жөнелтті. Ол кезде тергеу әлі жүріп жатқан. 1989 жылы ауылға оралдым. Анам мені жылап қарсы алды. Неге жылайсың?-деймін. «Қайратымыздан айырылдық қой»-дегенде, төбемнен жай түскендей болды. 1988 жылы 21-мамырда Семейден «Балаларыңыз асылып, қайтыс болды» делінген жеделхат келіпті. Алматыға келдім де Қадыр Мырзалиевке жолықтым. Қайраттың мәйітін жерлеуге, алып қайтуға рұқсат берілмегендігінің себебін сұрап, істі қайта жүргізу қажеттігін айттым. Сөйтсем, «Өздерің бас тартыпсыңдар ғой, мінекей жеделхаттарың» – деп отыр. Сондағы «Қатты қайғырудамыз, бірақ бара алмаймыз. Рысқұлбековтер» деген жазуларды оқып, тіптен жынданып кете жаздадым. Ауылға барсам, ауылдағылар «мұны біз жазған жоқпыз»-дейді. Мұнан кейін поштаға барып, 21-мамыр күнгі архивті көтерттім. Анықталғандай, жеделхатты сол күні совхоз парторгі жіберіпті. Оның өзі мойындағандай, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен екі адам келіп, қысым көрсетіп: «Рысқұлбековтер отбасы ешқайда шықпайтын болсын!» – деп бұйырыпты. Қалай жауап жазу қажеттілігін айтып, Бегілдаевқа жаздырыпты.
Мен көп іздендім, Қайраттың тергеушілерімен де, онымен бірге түрмеде жатқандармен де, жолдастарымен де, комиссия мүшелерімен де кездестім.
Қайрат мойнына алмаған соң: «Әкеңді сыйласаң мойындайсың, әйтпесе әкеңнің өзін соттатамыз!»-деп шарт қойыпты. Бауырым қасындағы жігіттерге: «Әкемді соттатып жіберсе, үйдегілерді кім асырайды, амалсыздан қол қоя салдым»-депті. Сотта қол қоюға қысым жасаған тергеушілерді бетпе–бет жүздестіруді талап етіпті. Бұған мән берілмеген. Қайраттың «Қанша жыл өтсе де түбі ақталамын, аққа құдай жақ» деген сөзі көкейімде әлі тұр…
Мойынқұм ауданының Көктерек, Биназар, Жасұлан, Айдарлы кеңшарларының ынтымақтаса бірігуімен 1991 жылы Наурыз мерекесінде Қайраттың мәйітін туған жеріндегі жер қойнына әкеліп және батыр даңқын асқақтатар түрлі тәрбиелік мәні зор іс-шараларды жүзеге асыру үшін Қайрат Рысқұлбеков атындағы қор құрылған болатын. Содан бермен қарай жастарымызды адамгершілік тәрбиеге баулу мақсатында бірталай игілікті жұмыстар атқарылды.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған қиын осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп-қапқаны,-деген Ахмет Байтұрсыновтың керін Қайрат Рысқұлбеков те киген. Әу баста, Қайраттың атын жалау етіп, жақсы істер тындырмаққа бекінгендей көрінген бәзбіреулер ақырында өзінің күйін күйттеп кеткендері де жасырын емес, ащы шындық.
Коммунар Табейдің «Қайсар рухты қазақ» деген кітабында Қайраттың үш хаты «Сағынышты да қайғылы мәңгі қоштасу, ең соңғы амандық – жамандық хаты» деген атпен беріліпті. Тақырыбы тұрпайылау көрінді. Хаттың мазмұнына мән берсеңіз, Қайратты өз-өзіне қол жұмсады деуге еш күмән келтірмейтіндей етіп жазылған сандырақты оқисыз. Сол кітапта қазақтың қайсар ұлы Қайратқа еш негізсіз берілген мінездемені анасы Дәметкен көргенде етегі жасқа толып, шыр-пыр болған…
«Қайсар рухты қазақ» кітабының ақырғы бетінде Қайраттың құнын даулапты. Тіпті, әріге бармай-ақ 1680 жылдан 1718 жылға дейін билік құрған, қара қылды қақ жарар әділдігімен аты шыққан Әз Тәукенің «Жеті жарғысындағы» мына бір жолдарға сіздердің назарларыңызды аударуды жөн кердім: «Қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу, ер адамға – 1000 қой, әйелге – 500 қой беру парыз… » дей келе өзінше долбар жасап, Қайраттың құнын 50 миллион сом деп түйген…
1993-жылы 20-шілдеде Жоғарғы сотқа Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаеваның шақырту алғанын естіген мен сол күні Алматыға бірге бардым. Коммунар Табей де сот басталғалы Қайраттың анасынан бір елі алшақтамай, жанында жүрген. Мен сол алғашқы сотта: «Біз қор атынан мүмкіндігінше Қайраттың туыстарына көмектесіп тұрамыз. Сондықтан Қайратпен қоса, Ләззат, Ербол, Сәбиралардың да туыстарына Мемлекет тарапынан жеңілдіктер, көмектер мен қолдау қажет»-деген едім. Содан Жоғарғы сот мүшелері бұл ойымды қолдап, сотты 3-4 күнге шегеріп, тағы қосымша құжаттар болса, әкелуімізді тапсырды.
Сол уақыттарда Семейде Қайраттың өліміне байланысты зерттеу жүргізіп жүрген жігіттер мені Семейге тездете жетуімді сұранады. Қайраттың анасы Дәметкен мен К.Табей жолымнан қалмауымды, сотқа өздерінің қатыса беретінін білдірді. Қайраттың өлімін таңға жуық көрген дәрігер-сарапшы Болат Шалағанов табылып, оның айтуы бойынша Семей түрмесінде Қайратқа К.Власенконың тарапынан қастандық жасалғаны анықталды. Көп ұзамай, түрлі басылым беттерінде «Қайрат Рысқұлбековтың құны төленді» деген айдармен мақалалар шыға бастады. Осыдан кейін Қайрат қорына қаражат түсу де тоқтады. Сотта барынша жанталасып, Қайраттың құнын даулаған Коммунар Табей көп ұзамай «Ақпарат-араша» агенттігіне төраға болып, қызметі жоғарылайды. Алайда, мансаптық қызметінің ғұмыры қысқа болады.
Мен кейінірек Қайраттың анасы Дәметкенге ұшырасқанда: «Неге газет беттерінде Қайраттың құны төленді деп, жар салып жатыр?» десем, ол «Біз материалдық көмек алдық»-деп, қысқа қайырды.
1998 жылдары кітап шығару ісімен айналысып жүргенде Қайраттың анасы Дәметкенге қайта жолығып, «31 миллион теңгені материалдық көмек ретінде алдық»-деп, жазып беріңізші деп өтінгенде «Біз сотта Қайраттың құнына деп, қол қойдық қой»-деп кейіді.
1998-жылдың 2 сәуірінде менің талап-арызыммен Алматы қаласындағы Жетісу аудандық сотына мені жөнсіз қаралауды әдетке айналдырған К.Табеевті сот төрағасы Б.Шошықбаевтың мәжбүрлі шақыртуымен және әділетті шешімімен маған (М.Уақтегіне) 10 мың теңге өтемақы төлеп, 3000 дана кітап шығарып бермекші болған уәдесі осы уақытқа дейін орындалмай келеді. Осындай керітартпалы қиыншылықтарға қарамастан, туған ауылындағы Гагарин көшесі мен Алматыдағы Обручев және Астанадағы орталық көшенің бірі Қайрат Рысқұлбеков есімімен аталады. Алматыдағы сәулет-құрылыс академиясында мұражай бөлмесін ашқызып, Семей қаласындағы Қайрат атындағы мектепке ол туралы деректі құжаттар жинастырып, топтастырдық. 2000 жылдан бастап 24 жыл қатарынан Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жастар мен жасөспірімдер арасында Шу ауданында шығыс–жекпе-жегінен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық ашық біріншілікті алдағы уақытта халықаралық деңгейге көтеру жолында Шу қалалық таэквондо федерациясының президенті Марат Тілеуқұловтың табандылығының арқасында бірлесе еңбектеніп келеміз. Бұдан бөлек, Қайраттың ерлігін өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеу мақсатында өзге де айшықты жұмыстар жүзеге асырылды.
Ердің құны деп берілген 31 миллион сомнан Қайраттың атын, ерлігін келер ұрпаққа дәріптей түсуге бағытталған, жүйелі істерді жүзеге асыруға арналған біздің құрған қорға жомарттық танытып, қаржы құйған атымтай азаматтардың қосқан үлесі артық.
Жақында мен кездейсоқ бір жанашыр қарындасқа жолығып қалдым. Мені сырттай көп жылдардан бері Қайраттың тағдырын зерттеумен шұғылданып жүргенімді жақсы біледі екен. Семейдегі Қайратты жерлеген кісіден хабардар екен. Басында оны салафан-кенеппен ораулы қалпымен сол бойы жердегі мәйітке тастай салыпты. Қанша жылдан бері Қайрат ақ-арулап көмілмей, ораулы қалпымен қозғаусыз жатқаны анықталды. Сол жағын ойластыру керек. Әлі де кеш емес, Халық қаһарманын ақ арулап, ата-бабамыздың жөн-жоралғысымен жерлеу – баршамыздың парызымыз. Қайраттың «Қанша жыл өтсе де түбі ақталамын, аққа құдай жақ» дегенін есте сақтайық, ағайын! Ал, К.Власенконың да біз Қайраттың өлімін зертеп жүргенде көп ұзамай қайтыс болғанынан хабардармыз.
Мәкен Уақтегі,
өлкетанушы,
Қайрат Рысқұлбеков пен Желтоқсан көтерілісін зерттеуші.

Leave A Reply

Your email address will not be published.