Ақпараттық портал

Ауыл кештері көңілді өтуде

Халқымыз әрдайым әнді көңілдің ажары санап, әуенге аңсары ауған. Ауылына келген сал-серілерді ардақтап, өнерпаздардың аяғын жерге тигізбеген. Басынан кешкен небір нәубеттердің өзінде ән айтып, күй шертіп, жыр тыңдауды үзбеген қазақ жанын өнермен жұбатса керек.

Қазіргі таңда Шу өңірінде аудан әкімінің бастамасымен әрбір ауылдық округте “Ауыл кеші көңілді” атты сазды бағдарлама ұсынылып жатқаны белгілі. Онда аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ауыл тұрғындарына эстрадалық, дәстүрлі және жастар арасындағы хит әндерден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Бұған дейін Шу қаласы мен округтарда 17 мәрте ұсынылған сазды бағдарлама осы аптада Қорағаты ауылдық округінің әкімшілік орталығы – Мойынқұм ауылында жалғасын тапты. Концерт өтеді дегенді күні бұрыннан білген ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты аналар немерелерімен бірге сахна алдына ертерек жиналғанын көріп, олардың ән мен күйге сусағанын білдік.
ҚР Мәдениет қайраткері Жанат Досжанова орындаған “Мойынқұмда” әнінен кейін Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қорағатылықтарға жылы лебізін арнап, қарияларға аудан басшысының дұғай сәлемін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындарға ізгі тілегін айтып, концерттен көтеріңкі көңіл-күй алуға тілектестік білдірді.
-“Ауыл кеші көңілді” сазды бағдарламасы Шу ауданы әкімі Бақытжан Жәнібековтың бастамасымен жүзеге асуда. 21 маусым күні Балуан Шолақ ауылынан басталған сапарымызда Шу қаласы мен ауылдық округ орталықтарын жергілікті өнерпаздардың сазды бағдарламасымен аралап өттік. Әр концертте қарттарға, аға буынға және жастарға белгілі әндерді ұсындық. Халықтың батасынан артық баға болмайды. Барған жердің барлығында мәдениет қызметкерлері жылы лебіздер естіп, жұрттың ыстық қошеметінен шабыт алды. Бүгінгі шара Мойынқұм ауылында өтсе, нүктесі Ақтөбе ауылдық округінде қойылады»,-дейді аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева.
Иә, бірі кем, 20 жерде ән шырқаған өнерпаздардың еңбегі зор. Себебі 2 сағатқа жуық сазды бағдарламада қос-қостан ән шырқау, көрермен көңілінің кілтін табу оңай емес. Ән айтса да жанын жеп айтатын әншілер қатарында аға буыннан Жанат Досжанова, Мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Қосыбаева, жастардың басы боп жүрген Мәдениет саласының үздігі Ербосын Қасымбек, Гүлім Бесіншібай, Арай Әділбекова, Балдат Бейсеқожа, Жансая Мұратқызы, Мерей Жадыра, Мәди Жапар, Ерлан Сатыпалды, Мейіржан Базаралы, Жәнібек Мұхамеджан сынды жас әншілер әр кеш сайын шулықтарға әннен шашу шашып келді.
Өнегелі өнер сапары расымен шулық ағайынды серпілтіп, шаруа істеп жүрген жандарды жадыратты. Себебі көбінің күйбең тіршілікпен аудан орталығындағы думандарға бара беруге қолы тие бермейді. Осының орайын тапқан аудан әкіміне ауыл қарияларының алғысы шексіз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.