Заңға енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтар баяндалды
Жуырда ауданымызға облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» атты мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша облыста «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған мобильдік топ келіп, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
Топтың мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халыққа тегін құқықтық кеңес беру. Топ құрамында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Жұбандықова Назима Дәрменқызы, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Ажибаев және аталмыш департаменттің «Ауыл аманаты» жобасының және осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына жауапты бас маман Ануар Ниязов болды. Сонымен қатар, аталған шараға аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен бөлім басшылары да қатысып, заңгер, сот орындаушы, нотариус сынды өзге де мамандар халықтың түрлі мәселелерге байланысты кеңес алуына үлес қосты.
Кездесу Шу қаласындағы Теміржолшылар саябағынан бастау алды. Ашық аспан астында тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып, шешімін табуға күш салған топ мүшелері бірқатар азаматтарды қабылдады. Қабылдауға келгендер арасында Көктөбе ауылының тұрғыны Айгүл Тайтөриева нотариус маманға жолығып, кәсіпкерлік бағытқа жер алудың жолдарын сұраса, Жансая Әскербек есімді жерлесіміз департаменттің бас маманы Айбек Ажибаевқа жолығып, сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша заң алдындағы жауапкершілік жөнінде сұрады. Ал, Шу қаласының тұрғыны Сандуғаш Бердібаева мүгедектік бойынша яғни, әлеуметтік мәселе көтеріп, адвокатқа жолықса, белбасарлық Бекжан Берімқұл мен Жанбота Уайлаева жалақы алу есепшотының бұғатталу мәселесі (арест шешу)бойынша аға сот орындаушыға қайырылды. Қабылдауға келген өзге де азаматтар тиісті сала мамандарына өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды. Яғни, қабылдауға келушілердің айтуларынша, мамандар тарапынан оларға өз мәселелері бойынша мәселені заң аясында шешудің бағыт-бағдары мен тәртібі түсіндірілді.
Мұнан кейін, облыс орталығынан келген қонақтар аудан әкімдігінің мәжіліс залында Шу қаласы және ауылдық округ әкімдерімен жиын өткізді.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев жиылған қауымға қонақтарды таныстырып, басқосудың мақсатын мәлімдеді.
Алғашқы сөз кезегін алған Нәзима Дәрменқызы – «Бұл басқосу топ мүшелерімен өткізіліп жатқан облысқа қарасты тоғызыншы аудандағы кездесу. Бұған дейінгі аудандарда топ мүшелері толықтай кездесуге қатысып, әр аудандағы жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып келді. Алайда, уақыт ағымында өздерінің басшылығы тарапынан берілген тапсырмалар мен өзге де түрлі қызметтік себептерге байланысты кездесу жиынына қатыса алмай қалған мамандар да жоқ емес. Осындай белгілі себептермен сіздердің аудандарыңызға да кейбір топ мүшелері келе алмауда. Алайда, халық көкейіндегі әлеуметтік мәселелер біздің және осында отырған жергілікті мамандардың ықпалымен өз шешімін табады деп сенемін. Сондықтан, баршаңыз тиісті мамандарға өздеріңізді алаңдатқан көкейлеріңіздегі сұрақтарыңызды қойып, шешімін табу жолдарының бағыт-бағдарын біліңіздер»,-деп көпшілікті белсенділік танытуға шақырды.
Келесі кезекте Айбек Ажибаев соңғы уақытта үкімет тарапынан қолданысқа енгізіліп жатқан сыбайлас жемқорлық әрекеттерге қатысты жауапкершілік, жазалау шаралары, өзге де жаңашылдықтар бойынша баяндама жасады. Айтуынша, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22-бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Қазіргі қолданыстағы ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы 2015 жылғы 18 қарашада қабылданып, алдын алу шараларына басымдық берілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру агенттік қызметінің маңызды әрі өзекті бағыттарының және сыбайлас жемқорлықты жоюдың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Заңнамаға сәйкес пара берушіге де, пара алушыға да жауапкершілік қарастырылған.
Бүгінгі күнге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістердің бірқатар топтамалары әзірленіп, іске асырылды. Атап айтқанда, бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі туралы нормалар, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді. Қоғамды тартумен нормативтік-құқықтық акті жобаларына жемқорлыққа қарсы сараптама, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты үйлестіру, жемқорлыққа қарсы зерттеулер жүргізу агенттікке бекітілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге өзге тұлғалардан сыйлықтарды алуға және өзге тұлғаларға сыйлықтарды сыйға тартуға толық тыйым салынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылатын тұлғаларға сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері жатады. Яғни, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді толық көлемде қабылдайтын болады.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда неғұрлым елеулі жауапкершілікке ие болады. Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қатысты болатын. Енді, бұл тізім айтарлықтай кеңейтілді. Нақты айтар болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қатысты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды; құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазасы қатаңдатылды; мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында шектеулер енгізілді; жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын шектеу қойылды; квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларының адалдығы корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі институты енгізілді.
2023 жылдың 3 қаңтарында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Қабылданған түзетулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа құралдарын енгізуге, құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың шығыстары мен кірістерінің сәйкестігін бақылау арқылы негізсіз байыту үшін жауапкершілік енгізіледі. Шенеуніктің шығыстары оның кірістеріне сәйкес келмегені үшін декларацияларды салыстыру қорытындылары бойынша фискалдық және мансаптық санкциялар қолданылатын болады. Әрбір жағдайда мемлекеттік қызметшіге шығыстардың заңдылығын растауға мүмкіндік беріледі. Егер, ол мұны істей алмаса, алшақтық сомасының 90 пайызы мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік туындайды. Айтарлықтай сәйкессіздік, атап айтқанда шенеуніктің жылдық табысынан асып кетсе, айыппұлдан басқа, ол теріс себептермен жұмыстан шығарылуы керек.
Негізсіз байыту фактілерін анықтау камералдық бақылау аясында мемлекеттік кірістер органдарына жүктелген. Нормалар мемлекеттік қызметшілерге, оларға теңестірілген адамдарға және олардың жұбайларына қолданылатын болады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау шаралары күшейтілді. Түзетулер осындай адамдардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл адамдар тәртіптік комиссияның немесе өзге алқалы органның ұсынымдарынсыз тәртіптік жауаптылыққа тартыла алмайды, лауазымынан босатыла алмайды немесе басқа лауазымға ауыстырыла алмайды. Бұл ретте мемлекеттік орган немесе ұйым алқалы органның отырысына қатысу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілін шақыруға міндетті болады. Сондай-ақ, мұндай ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу арқылы осы адамдар туралы құпия ақпаратты қорғау шаралары күшейтіледі.
Тағы бір айта кететін жайт, ҚР Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Президент агенттіктің алдына қойылған міндеттемелер мен басымдылықтарды белгіледі. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру және жемқорлық фактілеріне баратын жолдарды барынша азайту тұрғысынан тиісті жұмыстар жалғасатын болады.
Баяндамашы заңға енгізілген және 2025-2026 жылдары енгізілетін өзгерістерді де назардан тыс қалдырмады. Мысалы, 2024 жылғы өзгерістер бойынша айтар болсақ, сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы ақпарат жария, ал сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау фактісі ұятты іс-әрекет болған кезде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын тудырады. Пара ұсынуды/уәде етуді қылмыс деп тану қоғамда пара туралы әңгіменің өзі қолайсыз болатындай тиісті мәдениетті қалыптастырады, бұл мемлекетке зиян келтірілгенге дейін парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін шенеуніктердің әкімшілік жауапкершілігін күшейту бойынша түзетулер көзделген.
Заңнама талаптарына сәйкес алдын алу жұмыстарына басымдық беріледі. Бұл бағытта агенттіктің аумақтық департаменттері әкімдіктермен бірлесіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, №4 үлгілік базалық бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен қоғамдық бақылау әрі насихат жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті шаралар атқарылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша ақпараттық өнімдер, медиа материалдар, бейнероликтер, таратпа материалдары, баннер, билборд әзірленіп, театрларда арнайы қойылымдар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, жастар үшін арнайы адалдық сағаттары әзірленіп, «Адалдыққа бір қадам» жобасы әкімдіктермен қолға алынды.
Осы және өзге де маңызды жаңашылдықтардан хабардар еткен Айбек Ажибаев заң аясында жауапкершіліктің күшейіп отырғандығын айтып, көпшілікті жүктелген міндеттемелерді барынша жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысуға және жемқорлық әрекеттерден бойды аулақ ұстап, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды.
Мазмұнды баяндамадан соң, жиынға қатысушылар облыс орталығынан келген мамандарға сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
Динара Батырхаирова.