Ақпараттық портал

Сала жұмысы серпінді дамуда

Биыл Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылғанына 10 жыл. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 қаулысына сәйкес салық, кеден және экономикалық тергеу қызметі органдарының бірігуі жолымен аталмыш комитет құрылған болатын. Сол уақыттан бері салық қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқарып келеді.

Атаулы күнге байланысты аудан әкімі Б.Жәнібеков Шу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына барып, А.Серікбаев басқаратын ұжымды комитеттің 10 жылдық мерейлі белесімен құттықтады.
-Мемлекеттік кірістер органдарының әрбір ардагері мен қызметкерінің салаға қосқан үлесі себебімен халық қазынасы молайып, мемлекет әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда, жолдар салынып, инфрақұрылым, мектептер, ауруханалар, балабақшалар дамып, азаматтарға кепілдік беріліп, тегін медициналық көмек көрсетіліп және елдің экономикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Мұндай игілікті істер біздің Шу ауданында да атқарылып жатыр. Оның барлығы өздеріңіздің жүйелі жұмыстарыңыздың нәтижесі деп білеміз. Сол үшін сіздерге ортақ мүдде жолында бірлескен жұмыстар үшін алғыс білдіреміз,-деді Бақытжан Оразалыұлы кездесу барысында.
Сонымен қатар өңір басшысы салықшыларға өзінің ақ жарма тілегін жеткізіп, дендеріне саулық, жұмыстарына табыс тіледі. Төл мерекелері қарсаңында арнайы келген аудан әкіміне Алтайбек Есіркепұлы да алғысын білдіріп, бұдан әрі де ел игілігіне қызмет ете беретіндіктеріне сендірді.
Бұдан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ саланы жетілдіруге қосқан үлестері үшін бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісіне ие болды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.