Ақпараттық портал

Аудандық фермерлер одағының төрағасы тағайындалды

Халқымызда «Бірлескен істе береке бар» деген тәмсіл бұрыннан бар. Оны талай тарихи тұлғалар да ұран етіп, елді бірігіп бейнет етуге шақырған-тын. Дәл осындай берекелі істің маңына топтасу шаруаларға да қажет. Себебі жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтынын ата-бабаларымыз айтып өткен.
Мұны жуырда ауданымызға арнайы ат басын бұрған Жамбыл облысының фермерлер одағының төрағасы Дулат Сұлтанбеков те мақұлдап, ауылдық округ әкімдері мен шулық шаруа қожалық иелерімен өткен жиналыста айтып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаев жүргізген жүздесу барысында мемлекеттік қолдаулардың қолжетімділігі, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, суармалы және жайылым жерлердің көлемін ұлғайту сынды мәселелер талқыға түсті. Одан бөлек шулық шаруалар осы бағытта өздерінің талап-тілектері мен ұсыныстарын Дулат Әбенұлына жеткізді.
Өз кезегінде облыстық фермерлер басшысы бұл мәселелер өте өзекті екенін айтып, түйткілдерді жоғарыға жеткізетінін тілге тиек етті әрі асыраушы саладағы соңғы жаңалықтарға тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті.
Мазмұнды мәжілістің мәресінде аудандық мәслихат депутаты Айтмұхамбет Айтжанов Шу аудандық фермерлер одағының төрағасы қызметіне тағайындалды. Жаңа төраға аудан әкімі Б.Жәнібековке таныстырылып, өңірдегі туындаған ортақ мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісім жасалды. Сондай-ақ аудан басшысы жауапты міндет арқалап отырған халық қалаулысының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.