Ақпараттық портал

Шекарашылармен кездесу өтті

Әрбір өркениетті ел өзінің құндылықтарын белгілі бір сеніммен байланыстырады әрі сол сенімді көздің қарашығындай қорғап, жете мән береді. Әлмисақтан өзін мұсылман санайтын халқымыз үшін Ислам діні өте қастерлі. Алайда, түрлі теріс идеологиялық ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ сияқты қаптаған уақытта алдын алу жұмыстары ауадай қажет. Ол үшін біз арнайы мамандарға жүгінетініміз белгілі.
Қазіргі қоғамда қауіпті құбылыс туғызып отырған жат ағымдарды дін қызметкерлері мен теолог мамандар жақсы таниды. Сондықтан оларға тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу жүктелген.
Жуырда Ақсу шекара бөлімшесінде сарбаздармен өткен жиынның тақырыбына жоғарыдағы мәселелер тұздық болды. Шекарашылармен кездесуге Шу ауданының бас имамы Алмас Кенжемолдаев пен облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының аудандық бөлімінің басшысы Мырзабек Смаилов шақырылды.
Кездесу барысында спикерлер мемлекеттің қауіпсіздігі, жат ағымдарды ажырата білу, оларға қарсы иммунитет қалыптастыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, шекарашылардың сұрақтарына жауап берді.
Мұндай мазмұнды әрі тағылымды шараның өтуіне аудандық Жастар ресурстық орталығының Ақсу ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі маманы Елдос Әбішевтің мұрындық болғанын атап өткен жөн.
Көптеген дүниелер қаузалған жиында шекарашылар қажетті ақпаратқа қанық болып, арнайы ат басын бұрған меймандарға өз алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ мұндай шараларды жиірек ұйымдастыру туралы бастама көтерілді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.