Бұқаралық спортты дамыту – басты назарда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында дене шынықтыру мен спорттың маңыздылығын да атап өтіп, елдің өркендеуіне қажетті саланы дамытуға барынша жағдай жасау қажеттігін баса айтып жүр. Соның айқын дәлелі, «Денсаулық кілті – дене шынықтыру. бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымының кезең-кезеңімен құрылуын қамтамасыз етуі керек» деген болатын. Осы орайда біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, мемлекет саясаты жүзеге асып жатқанын атап өтпеске болмайды.
Ауданда жалпы 287 спорт нысаны бар. Оның ішінде стадион – 2, спорт кешені – 4, спорт залдары – 72 (Шу қаласында – 23), футбол алаңы – 71 (Шу қаласында – 17), спорт алаңшалары – 138 (Шу қаласында – 37). Шу ауданының 2022-2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес 2023 жылы Қонаев ауылында 1 денешынықтыру-сауықтыру кешені халық игілігіне берілді. 2023 жылы аудандық бюджет қаражаты есебінен ауданымызда заманауи 13 жасанды жамылғылы кіші футбол алаңдарының және 3 стритворкаут алаңшаларының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді
Сонымен қатар, Алға ауылында орналасқан күн электр энергиясын өндіруші «M-KAT GREEN» ЖШС-нің демеушілігімен 14,2 млн теңге қаражатқа Алға ауылынан заманауи 1 кіші футбол алаңы мен стритворкаут алаңшасы соғылып, қолданысқа берілді. Ауданның спорт саласын дамыту, спорттық инфрақұрылымның жергілікті тұрғындарға барынша қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында спорт алаңдарын (футбол, волейбол, баскетбол, street workout) салу бойынша «Қолжетімді спорт» жобасын жүзеге асыру жүргізілуде. Осыған сәйкес, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-мен Шоқпар, Бірлікүстем, Бірлік, Д.Қонаев ауылдарында демеушілік қаражат есебінен тұрғындарға арналған стритворкаут, кіші футбол және баскетбол алаңдарының құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, Шу ауданында 2024 жылы «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігі есебінен 2 елді мекенде 2 әмбебап спорт зал салу жоспарлануда. Бүгінгі күнге қажетті құжаттар әзірленіп, екі жақты қол қойылды. Атап айтқанда, Бірлік ауылына 1 әмбебап спорт залы, Шу қаласына 1 әмбебап спорт залы салынбақ. Бұған қоса Балуан Шолақ ауылында жергілікті кәсіпкер азаматтың демеушілігімен 1 әмбебап спорт зал құрылысы жүргізілуде.
Бүгінгі күнге ауданда 4 спорт мектебі бар, онда спорттың 17 түрінен 2701 спортшы тұрақты түрде спорттық секцияларға қатысуда және олармен 68 жаттықтырушы жұмыс атқаруда.
Спорт саласына қаншалықты көңіл бөлінсе, спортшыларымыз да соншалықты жетістіктерге жетіп, аудан абыройын асыруда. 2023-2024 жылдары аудан спортшылары бірқатар жоғарғы жетістіктерге қол жеткізуде. Яғни, ағымдағы жылдың 12-17 ақпан күндері аралығында Тараз қаласында футзалдан 50 жастан жоғары ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасының V ашық чемпионаты өтті. Аталған чемпионатқа Шу ауданы ардагерлерінің құрама командасы қатысып, Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды. Дәл осы жылдың 4-6 наурыз күндері аралығында Тараз қаласында 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мемлекеттік әйел қызметшілер арасында облыстық спартакиада өтті. Аталған облыстық спартакиадаға спорттың 8 түрінен Шу ауданынан әйел мемлекеттік қызметшілерден іріктелген құрама команда қатысып, 3 алтын, 2 күміс, 6 қола, жалпы 11 медаль алып, командалық есепте ІІ-орынды иеленді. Сондай-ақ, 2024 жылдың 27 сәуір мен 7 мамыр күндері аралығында Астана қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында Мадияр Бексұлтанов пен Бекнұр Батырбек Азия чемпионы атанды. Спортшыларымыз аудан намысын әлем, Азия, республикалық, облыстық деңгейде, яғни бокстан Сейдіш Бақыт, Бексұлтанов Мадияр және таеквондодан Қуандық Нұрасыл лайықты қорғап жүр.
Сонымен қатар, ауданымыздың мемлекеттік қызметшілері де мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық жарыстар мен спартакиадаларында топ жаруда. 2024 жылдың 17-18 мамыр күндері аралығында Шу ауданы, Төле би ауылында өткен Балуан Шолақ (Нұрмағанбет) Баймырзаұлының 160 жылдығына арналған мемлекеттік қызметшілері арасындағы ауданаралық турнирде Шу ауданы командасы І-орынға ие болды. Ал, осы жылдың 7-8 тамыз күндері аралығында Жамбыл облысы, Талас ауданында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы кіші футболдан өткен «JAMBYL QYZMET CUP» облыстық турнирінде Шу ауданы командасы жүлделі ІІ-орынға ие болды. Аталған спортшыларымызды аудан әкімі тарапынан үлкен қошеметпен күтіп алып, олар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Дәстүрге айналған Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» ауылдық, аудандық іріктеу турнирі, «Аула ойындары», «Көше фестивалі», «Халық ойындары» ауылдық, аудандық жарыстары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, жастар арасында спартакиадалар, аудан ардагерлері, жастар және әйел азаматтар арасында үлкен футболдан, кіші футбол, футзалдан, волейболдан, баскетболдан аудан чемпионаттары және басқа да түрлі деңгейдегі спорттың әр түрінен турнирлер, жиындар, дөнгелек үстел отырыстары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Спорт нұсқаушылары тарапынан ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында аптасына үш күн жастар мен ардагерлер арасында кешкі мезгілде спорттық секциялар арқылы (футбол, волейбол, үстел теннисі, баскетбол, шахмат, дойбы, ауыр атлетика және тағы басқа) спорт түрлерінен жаттығу жұмыстары ұйымдастырылып, өткізілуде.
Халқымыздың “Тәні саудың жаны сау”, “Шынықсаң шымыр боларсың” деген нақылдарын санаға тоқып, әр баланы спортқа жастайынан баулып, барша қазақстандықтарды салауатты өмір салтын ұстануға жетелесек, ұтарымыз көп. Өйткені, дені сау ұрпақ – болашақ кепілі. Ал, айтылған сөздердің үдесінен шығып, баланы жастайынан дене тәрбиесімен шұғылдандырып, спортты жанымен сүюге бастайтын – дене шынықтыру пәні екені даусыз. Елімізге, қала берді әлемге танылып жүрген спорт саласындағы үздіктердің көпшілігі қарапайым ғана ауылдан шыққан қарадомалақтар. Кішкентай ғана мектептің спорт залында-ақ шынығып, әлемдік ареналарда дес бермей жүрген спортшыларымыздың ізін жалғайтын өрендер әр сыныптың сапында бар десек, артық айтқандық емес. Сондықтанда мемлекеттің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды барынша пайдаланып, спортқа бейім жастарды бір арнаға тоғыстырып, елдің мерейін үстем етуге атсалысайық!
Қасымхан МАУЛЕНОВ,
аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.