Ақпараттық портал

Тұрғындарды ауыз сумен қамту қарқынды жүргізілуде

Бүгінгі таңда тұрғындарды, әсіресе ауыл-аймақтағы ағайындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі өзекті болып отырғаны белгілі. Осыған орай, апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтуға арналған жұмыстардың аяқ алысы талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жадыра Каликов атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, алдағы ауқымды жұмыстарды баяндап өтті. Бөлім басшысының айтуынша, аудан бойынша 35 елді мекен бар болса, оның 29-на орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүргізілген. Ал, 3 елді мекен ауыз сумен жартылай қамтылған, яғни тұрғындар суды көше бойындағы құдықтан тасып тұтынады. Тасөткел су қоймасы, Жиенбет және Еңбек сынды үш ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілмеген.
Айта кету керек, кейінгі екі жылда ауданымыздағы ауылдарды ауыз сумен қамту жұмыстары ерекше қарқын ала бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі кезде де жалғасын тауып, бірқатар ауылдарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Кеңес барысында аталған жұмыстардың аяқ алысы туралы бөлім басшысы кеңінен баяндап берді.
– Бүгінде ауданымыздағы Шу қаласы мен бірнеше ауылда ауыз су жүйесі жүргізілуде. Мәселен, Көктөбе ауылындағы бұл жұмыстар 90 пайызға аяқталып, ендігі кезекте тұрғындарға есептегіш құралдарын орнату мен су шығару имаратына асфальт төсеу жұмыстары ғана қалды. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек айына толық аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, Сауытбек ауылында су шығару имараты мен ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізіп жатқан «Жаңарту» ЖШС жұмыстарды 60 пайызға аяқталғанымен қазіргі кезде серіктестіктің жұмысы тым баяулап кеткен. Аталған мәселе бойынша мердігерге ескертіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, Тасөткел ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысы 70 пайызға аяқталса, Жайсан ауылындағы жұмыстар 80 пайызға, Шу қаласының «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы жұмыстар 50 пайызға аяқталып отыр. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы үстіміздегі жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде, – дейді Жадыра Әбіғазыұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, аудан орталығының іргесінде орналасқан Еңбек және Жиенбет елді мекендері мен Шоқпар ауылдық округтеріне ауыз су жүйесін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінімге беріліп қойған. Аудан басшысы бұл жұмыстарды да қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертіп, құрылысы жүріп жатқан нысандарды мерзімінен кешіктірмей пайдалануға беруді тапсырды.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.