Спорттық шаралар тұрғындар белсенділігін арттырады
Ауданымыздағы Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы көптеген спорттық іс-шаралардың ұйытқысы болып, аудан спортының дамуына, оған жергілікті тұрғындардың белсенділігін арттыруға көп күш салып келеді. Газетіміздің бұған дейінгі сандарының бірінде аталмыш орталықтың ұйымдастыруымен немесе қолдауымен өткен түрлі спорттық іс-шаралар туралы жазылған болатын. Қалың бұқараны спортқа тарту мақсатынан танбаған орталық қызметтік міндеттерін одан әрі айшықтап, соңғы уақыттарда тағы да бірқатар сайыстардың жалауын көтеріп, оны лайықты деңгейде ұйымдастыра білді.
Атап айтар болсақ, өткен айда Астана күніне орай, Жаңа жол ауылдық округінде кіші футболдан ауылдық жарыс, 13-шілде күні Жамбыл облысының 85 жылдығына және Балуан Шолақ (Нұрмағанбет) Баймырзаұлының 160 жылдығына арналған жағажай волейболынан ауданаралық жарыс, 16-шілде күні Шу қаласында дәл осы даталы күнге орай бильярдтан аудандық жарыс, 19-шілде күні ауданымыздың Бірлік ауылдық округінде «Kazahmys» корпорациясының демеушілігімен соғылған спорт нысанының ашылу салтанатына орай кіші футболдан жарыс, 24-шілде күні Жаңақоғам ауылдық округінде «PARIS-2024» XXXIII жазғы олимпиадалық ойындарының ашылу салтанатына орай қол күресінен және кермеге (турник) тартылудан аймақтық жарыс өткізілді.
Ал, тамыз айында яғни, 1- тамыз күні Шу қаласында тоғызқұмалақтан Жамбыл облысының ардагерлері арасындағы жекелей (блиц, рапид, классика) чемпионатының ашылу салтанаты өткізілcе, 3-тамыз күні Шу қаласында Көлік қызметкерлері күні мерекесіне орай, кіші футболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың мақсаты бір. Ол – аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту.
Жуырда яғни, 9- тамыз күні осы мақсатты көздеген тағы бір сайыс Төле би ауылы, Аша спорт алаңында өтті. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің 1986-1996 жылғы туылған түлектері арасында кіші футболдан өткен турнирге сегіз команда белсенді қатысып, жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Балалар ойын алаңымен қатар орналасқан футбол алаңына жұртшылық өкілдері көптеп жиналып, аталмыш ойынды тамашалап, командаларға жанкүйерлік танытты.
Тартысты өткен ойын нәтижесінде бірінші орынды 1987 жылы туылғандардың командасы жеңіп алды. Екінші орынды 1989 жылғылардың командасы еншіледі. Ал, 1996 және 1994 жылы туылған азаматтардан құралған екі командаға үшінші орындар бұйырды. Жүлдегер командалар мен жақсы ойын көрсеткен ойыншылар арнайы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы мұнымен шектеліп қалмайтыны анық. Аталмыш мекеме қызметкерлері алдағы уақытта да талай жарыстардың ұйытқысы болып, аудан спортының беделін биіктете беретініне сенім мол.
Динара Батырхаирова.