Ақпараттық портал

Ауыз су жүйелерінің құрылысы жалғасуда

Қазіргі таңда ауыз су еліміз бойынша күрделі мәселелердің бірі болып отырғаны жасырын емес. Қалай тартсақ та, сапалы, таза ауыз сумен барлық елді мекендер қамтамасыз етілген дей алмаймыз. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары ауданымыздағы бірқатар ауылда ауыз суға қатысты талайды толғандырған түйткілді мәселе шешімін таба бастады. Дәлірек айтқанда, өткен жылдан бері өңіріміздегі бірнеше ауылға ауыз су жүйесін тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келді. Олардың қатарында Жаңақоғам, Сауытбек, Көкқайнар, Еңбекші, Ақтөбе, Бөлтірік, Төле би, Жайсан, Тасөткел су қоймасы ауылдары мен Шу қаласындағы «Қант зауыты» мөлтек ауданы да бар.

Өткен жылдың соңында аталған ауылдардың қатарындағы Еңбекші мен Көкқайнар және Ақтөбе ауылдарында ауыз су жүйесі мен су шығару имараты пайдалануға берілсе, қалған ауылдарда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған байланысты, аталған құрылыс жұмыстарының аяқ алысын байқап, нысандардың сапасына көз жеткізу мақсатында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бірқатар ауылдық округтерде болды. Ең алдымен Бөлтірік ауылындағы су шығару имаратын көріп, атқарылған жұмыстардың сапасына көз жеткізді. Өткен жылдың соңында басталған құрылыс жұмыстары бүгінде толық аяқталып, жуық арада ел игілігіне берілетін болады. Оған қоса, аудан орталығында жаңадан соғылған су шығару имаратына да арнайы барып, мердігер компания өкілдерімен тілдесті. Бұдан бөлек, «Қант зауыты» мөлтек ауданы мен Жайсан және Тасөткел су қоймасы ауылдарындағы су құбыры желілері мен су тарату имараттарының құрылысының да аяқ алысын байқады. Аталған құрылыс жұмыстарының үшеуі де ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Аудан басшысының айтуынша, алдағы уақытта Шу ауданы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылмақ.
– Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту – Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы органдарға жүктеген негізгі міндеті екені белгілі. Сондықтан біз бұл міндетті жете түсініп, қала мен ауылда тұратын ағайынға таза суды тұтынуға барынша жағдай жасаудамыз. Өйткені, сапалы ауыз су халық денсаулығы мен санитариялық-гигиеналық жағдайды жақсартуға кепіл болады. Шу ауданында 35 елді мекеннің 29-ы немесе 82,8 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. Мұндай иігілік жетпеген бірнеше ауылдағы жағдай да біздің назарымызда. Алдағы жылдары Шу ауданы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады деген жоспарымыз бар. Халқымызда суды тіршілік көзіне балайды. Сонымен қатар, сапалы ауыз су тұрғындардың жиі көтеретін мәселесінің бірі болып отыр. Сол себепті біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жіті бақылауға алатын боламыз, – дейді Бақытжан Оразалыұлы.
Айта кету керек, ауыз су жүйесінің құрылысы жүріп жатқан бірқатар ауылдағы құрылыс жұмыстарының сапасына көз жеткізу мақсатында бұған дейін аудан әкімдігінің жауапты бөлім басшылары мердігерлер тарапынан атқарылған жұмыстарды толық зерделеген болатын. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне жаппай қосылуы тиіс. Бұл өз кезегінде ауылдықтардың сапалы ауыз су тұтынуына жол ашса, екіншіден жауапты мекеменің жұмысын жүйелі етуге сеп болмақ. Су – тіршілік көзі. Алайда көптеген ауылдықтың таза ауыз суға әлі де болса қол жеткізе алмай келе жатқаны шындық. Жоғарыда атап өткеніміздей, бірнеше ауылда көп жылғы мәселелер оң шешімін табуда. Бірақ мұнымен аудандағы ауыз су мәселесі толығымен шешілді деуге болмайды. Мұндай мәселе аудан орталығынан шалғайда орналасқан бірқатар елді мекендерде әлі де бар. Дегенмен, мемлекет қолдауының нәтижесінде, тиімді бағдарламалардың аясында мұндай мәселелер келешекте шешімін тауып қалар деген тұрғындардың үміті басым.
Аудан әкімі ауыз су жүйелерінен бөлек, Қорағаты ауылдық округіне қарасты Жиенбет ауылында жаңадан бой көтеріп жатқан 100 орындық білім ошағы мен Белбасар ауылындағы су жаңа мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда қабырғасы қаланып, негізгі жұмыстары жүргізіліп жатқан қос нысанда жұмыс күші жеткілікті. Бұдан бөлек, аудандағы А.Макаренко, Ш.Мұртаза атындағы мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның да жай-жапсарын білген аудан әкімі жауапты мердігерлерге құрылыс қарқынын үдетіп, жұмыстың сапасы мен мерзіміне мейлінше көңіл бөлу қажеттігін ескертті.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.