Сыбайлас жемқорлық мәселесі қаралды
Сәрсенбі күні «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында «Amanat » партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтіп, оған аталмыш кеңестің мүшелері, партия облыстық филиалы аппаратының қызметкерлері, аудан әкімі, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша комиссияның мүшелері, ауданымыздағы түрлі мекемелердің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындайтын міндеттер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы» мәселе қаралды.
Жиынға төрағалық еткен «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Ж.Танкебаев көпшілікке басқосудың мақсатын түсіндіріп, күн тәртібі және жұмыс регламентімен таныстырды. Мұнан кейін, ауданымызда жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша баяндау үшін «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі, зерделеу тобының жетекшісі Қ.Төлендиевке сөз кезегін берді.
Ол сөз басында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев маңызды жиындарда сыбайлас жемқорлық жайлы үнемі мәлімдеп, мұнымен күрес әрі қарай да қарқынды жалғаса беретіндігін айтып отыратындығын назарға салды. Баяндамашының сөзінше, көптеген өңірлерде сыбайластық әрекеттердің алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір төмендегендігін әлеуметтік салада орын алған жол салу, жарықтандыру секілді жарқын істерден аңғаруға болады. Алайда, бұл мәселе білім саласында әлі күнге дейін өткір күйде қалып отырған көрінеді. Сол себептен, Қ.Төлендиев жиын барысында аудандық білім бөлімінен келген жауапты тұлғаға осы бағыттағы сұрақтарын қойып, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттің өркендеуіне жемқорлық тұсау болып отырғандығын бүгінгі қоғамнан айқын аңғаруға болатындығын, сол себептен жоғарғы билік өкілдері тарапынан тың бастамалар қолға алынып жатқандығын айтып, бұл бағыттағы заңға енгізілген өзгерістер жөнінде қысқаша баяндап өтті.
Келесі кезекте күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімі Б.Жәнібеков есеп берді. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың профилактикасы бағыты бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімдеді. Ағымдағы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін бекітілген жоспарға сәйкес ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша аудандық комиссияның екі отырысы өткізілген. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу мақсатында аудан әкімдігі жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылып, елді мекендегі тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесу кестесі бекітілген. Әр мемлекеттік қызметшінің жұмыс орнында «Мемлекеттік қызметшіге сыйлық алуға тыйым салынады» деген ақпараттық куверткалар мен арыз-шағым жәшіктері орнатылған. Үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында өткізілетін іс-шараларға өткен жылы бір миллион теңге қаржы қарастырылса, ағымдағы жылы аталған іс-шараларға 1,5 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, көрнекі-ақпараттық жұмыстар да тиісті деңгейде жүзеге асырылуда.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу бағытында атқарылған осы және өзге де жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндаған Б.Жәнібеков бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз деңгейінде жалғаса беретіндігін мәлімдеді.
Мұнан кейін есеп берушіге кеңес мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды.
Жалпы, күн тәртібіндегі мәселе толығымен қаралып, жиын соңында тиісті қаулылар қабылданды.
Динара Батырхаирова.