Қызмет заңды тұлғалармен жалғасуда
Қай өңірде болмасын коммуналды шаруашылық жергілікті тұрғындар үшін маңызды рөльге ие. Осы салаға жататын қызметтің бірі – тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау. Біздің ауданымызда бұл қызметті 2008 жылдан «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып келгені көпке мәлім. Яғни, 2008-2022 жылдар аралығында аталмыш серіктестік өкілдері аудандағы тұрғын үй иелерімен және түрлі мекеме басшылықтарымен келісімшарт жасасып, белгіленген кестеге сәйкес жиналған тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға тасымалдап, тұрақты қызмет көрсетіп келді. Осы қызметтік міндет арқылы мекеме ұжымы жалпы ауданымыздың ажарлануына, тазалықтың ретке келтірілуіне айтарлықтай үлес қосты десек, қателеспейміз.
Алайда, жуырда «Шу-Сервис» ЖШС-нің жекелеген тұрғын үй иелеріне қызмет көрсетуді тоқтатқандығын естіп, қарапайым халықтың біраз әбігерге түскені көпке мәлім. Дегенмен, көп ұзамай халықпен жұмысты әрі қарай жаңа серіктестік-«Грин Сити-7» жалғастырып кеткен болатын. Соған қарамастан, бүгінгі таңда тұрғындар арасында тұрғын үйдегі тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін қандай мекемемен келісімшартқа отыру қажеттігін түсінбей келе жатқандар жоқ емес. Сол себептен, жуырда біз газетімізге аудан халқына қызмет көрсетуді ағымдағы жылы қолға алған «Грин Сити-7» серіктестігі туралы мақала жариялаған болатынбыз. Сонымен қатар, бірнеше жылдар бойы аудан халқына қызмет көрсетіп келген «Шу Сервис» яғни, бүгін де «Тұмар Голд Сервис» атауын иемденген серіктестіктің тыныс-тіршілігі туралы хабардар еткенді жөн көрдік.
Жоғарыда айтып өткендей, 2008-2022 жылдар аралығында тұрғындарға қызмет көрсеткен «Шу Сервис» ЖШС соңғы жылдардағы қаржылық мәселеге байланысты өз жұмысын заңды түрде тоқтатып, сәйкес лицензияға құқық беретін құжаттар «Тұмар Голд-Сервис» ЖШС-не өткізілді. Ерболат Утегенов есімді азаматтың басшылығындағы «Тұмар Голд Сервис» ЖШС 2023 жылдан өз жұмысын бастады.
-Серіктестіктің атауы өзгергенімен, қызмет бағыты өзгерген жоқ. Бар болғаны бұл серіктестік енді жекелеген тұрғындармен емес, заңды тұлғалар яғни мекемелермен жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта Шу қаласы мен Төле би ауылындағы 100-ден аса мекемеден тұрмыстық қалдықтарды арнайы алаңға шығарып, жүйелі жұмыс атқарудамыз. Ал, жалпы халыққа келісімшарт бойынша қызмет көрсету ағымдағы жылдың мамыр айынан тоқтатылған. Қызметтік тариф аудан бойынша бір сомада жергілікті мәслихаттың бекітуімен белгіленеді.
Бүгінгі таңда жұмыс күші жеткілікті. Алдағы уақытта жөндеуге қойылған техниканы іске қосып, қаржылық жағдайға байланысты кейбірін жаңарту жоспарда бар,-дейді мекеменің қаржы жетекшісі Г.Дүйсебаева.
Динара Батырхаирова.