Ақпараттық портал

«Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін озық ғылыми зерттеулерді пайдалану қажет»

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау облысының
тау-кен металлургия кешенінің қызметімен танысты. Жезқазған байыту фабрикасы мен тәжірибелік
гидрометаллургия зауытына барды.

Премьер-Министр Жезқазған байыту фабрикасының өндірістік алаңдарын аралап, өндірісті жаңғырту жоспарларын көрді. Кәсіпорын жыл сайын шамамен 21,3 млн ҚМТ (құрғақ метрикалық тонна) мыс кенін қабылдайды, 445 мың астам ҚМТ концентрат өндіреді. 2020-2024 жылдары Жезқазған байыту фабрикасын жаңғыртуға және жабдық сатып алуға 49,5 млрд теңге инвестиция бағытталды.
«Қазақмыс» корпорациясы фабриканы жаңғыртуды кезең-кезеңімен жалғастыруда. №1 және №2 байыту фабрикалары бас корпусының №2 блогын реконструкциялау жүзеге асырылуда. Инвестиция сомасы – шамамен 20 млрд теңге, мыс алу көрсеткіштерінің артуы есебінен концентраттағы мыс өсімінің 3%-ға өсуі күтілуде. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, іске қосу-реттеу кезеңі басталады.
Олжас Бектенов өндірістік объектілерді жаңғыртудың маңызын атап өтті, өйткені бұл отандық тау-кен металлургия саласының дамуына елеулі серпін береді.
Үкімет басшысына «Жезқазғансирекмет» РМК қызметі туралы ақпарат берілді. 25 жылдан астам уақыт бойы кәсіпорын гидрометаллургиялық тәсілмен мыс өндірісінің қалдықтарынан сирек металдарды алумен айналысады. Сонымен қатар ғарыш және авиация индустриясының электр жабдықтарын өндіруде қолданылатын аммоний перренатының ТМД-дағы ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы саналады. Өнімдер әлемдік нарықта сұранысқа ие.
Премьер-Министр мемлекет кәсіпорынды жаңғыртуға қолдау көрсететінін атап өтті. Бұл ретте өндірісті әртараптандыру, өнім желісін кеңейту саясатының маңызы атап өтілді.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.