Ақпараттық портал

Ардагерлер арасындағы аймақтық жарыс

Биыл қазақтың әйдік тұлғасы, бұла күштің иесі һәм сайын даланың сазгері Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының туғанына 160 жыл. 1864 жылы дүниеге келген ақын, әнші, ат құлағында ойнаған өнерпаз әрі спортшы күреске он төрт жасынан түсіп, небір қарсыластарынан айласын асырған палуан. Сондай-ақ 51 пұт кір тасын көтеріп, орыстың әйгілі Корень палуанының қабырғасын қақыратқанын жалпақ жұрт әлі күнге аңыз етіп айтып жүр.

Қазіргі таңда Балуан Шолақ атамыздың 160 жылдығы елімізде, өзіне етене жақын Жамбыл мен Көкше өңірінде кеңінен аталып өтуде. Оның ішінде Шу жұртшылығы көптеген шараларды өткізіп, ауқымдысын алдағы күнге жоспарлап отыр. Солардың бірі – Балуан Шолақ ауылдық округінде өткен кіші футболдан аймақтық жарыс. Бұған дейін де 160 жылдықты атап өту мақсатында бірнеше іс-шаралар өткізілген болатын.
Шу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» мекемесі ұйымдастырған теңбіл доп турнирі 40 жастан жоғары ардагерлер арасында өткізілді. Оған Б.Жәнібеков бастаған аудан әкімдігі, Балуан Шолақ, Шоқпар, Қорағаты және Жаңақоғам ауылдық округтерінен келген командалар қатысты.
Жарыстың ашылуында аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы алғы сөзін арнап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Биыл даңқты палуан, дала серісі, әнші-композитор, спортшы-өнерпаз Балуан Шолақ атамыздың 160 жылдығы сән-салтанатымен аталып өтуде. Халық тойына баланған бұл датада өңірде бірқатар іс-шара жоспарланып, жас ұрпаққа баба есімін насихаттау ісі қолға алынды. Сондай-ақ спорттық сайыстарға ден қойылып отыр.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, мемлекет спорт саласын қолдауға қолайлы жағдай жасап отыр. Соңғы жылдардың өзінде спорттық сауықтыру кешендері бой көтеріп, бірнеше нысандар ел кәдесіне берілді.
Ауданда жалпы 287 спорт нысаны бар. Оның ішінде 2 стадионның, 4 спорт кешені, 72 спорт залы мен 71 футбол алаңшасы, 138 спорт алаңшалары халыққа қызмет көрсетіп келеді. Былтыр бір денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені, 13 жасанды жамылғылы кіші футбол алаңдары мен 3 көше жаттығуына арналған орын пайдалануға берілді.
Одан бөлек, жергілікті спортшылар жеңістерге қол жеткізуде. Әрі бұқаралық сипаттағы спорттық жарыстар көптеп ұйымдастырылуда, – деген аудан басшысы жасыл алаңдағы қарсыластарына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін төреші ысқырығы шалынып, орта буын өкілдері өзара мықтыны анықтауға кірісті. Анық басып, аптықпай ойнаған олар бір-бірінің осал тұсын тауып, допты қақпаға дарытуға тырысып жатты. Тіпті, ойға алған мақсаттары орындалып, қақпашылардың қапысын тапты.
Тартысты ойын нәтижесінде алаң иелері бірінші орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ұдайы жарыстарға қатысып жүретін аудан әкімдігі командасы доданың күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ қорағатылықтар үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдені қанағат тұтты. Жарыс барысында озық шабуылды ұйымдастырған Мадияр Кебекбаев «Үздік шабуылшы» атанса, мекенжайына бағытталған доптарды барынша қайтарған Самат Имашов «Үздік қақпашы» болды. Сауатты қорғаныс құра білген Есберген Саудалиев жарыстың «Үздік қорғаушысы» аталымына ие болды.
Жарыс соңында аудан жетекшісі Бақытжан Оразалыұлы, спорт ардагері мен аға буын өкілдерімен бірге жеңімпаздарды марапаттап, арнайы дипломдар мен кубоктарды табыс етті. Әрі алтын уақытын қиып, баба есімін дәріптеген додаға қатысқаны үшін әріптестеріне алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Балуан Шолақтың 160 жылдығына арналған мемлекеттік қызметшілер арасындағы ауданаралық турнирде жерлестеріміз жүлдегер атанған еді.
Ал, аудандағы бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының басшысы Бақыт Ұзақбаевтың айтуынша, жыл басынан бері 160 жылдыққа орай 16 шара өткізіліп, спорттың футбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, күрес сынды түрлерінен жарыстар ұйымдастырылған. Сонымен бірге ол мұндай шаралар жыл соңына дейін жалғасатынын мәлімдеп отыр.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.