Адамзатқа жасалған зұлымдық артта қалды
1948 жылғы 29-тамыз әрбір қазақстандықтың есінде мәңгі қалатын күн. Ол күні Семей ядролық полигонында алғашқы атом жарылысы болған еді. Мұнда 40 жыл бойы алғашқы кеңестік ядролық қаруды сынау жүргізіліп, соңы қайғылы салдарға әкелді. Адамдардың денсаулығына келтірілген зиян орасан зор болды. Бір жарым миллионнан астам адам зардап шекті. Алғашқы сынақ биіктігі шамамен 30 метр болатын арнайы қондырғыда жер үстінде өткізілді. Жарылыс қуаты 22 килотонды құрады, ал жарылыс толқыны 5 шақырымға жетті. ҚР ұлттык ядролық орталығының мәліметтері бойынша полигондағы жарылыстардың қуаты жапондық Нагасаки мен Хиросимаға түскен бомбалардан екі жарым мың есеге күшті болды. Жарылыстардың салдары Семей өңірін ғана емес, полигонға іргелес Павлодар мен Қарағанды облыстарын да қамтыды. Нәтижесінде, өңірлерде онкологиялық аурулары бар науқастар саны күрт өсті. Ресми мәліметтерге сәйкес, 40 жыл ішінде сынақтар миллионнан астам адамға әсер етті. Кейбір дереккөздерде зардап шеккендердің саны 1,5 миллионға жетеді. Алайда, бұл соңғы статистика емес. Өйткені, сынақ зардабы кейіннен дүниеге келген жандарға да кері әсерін тигізді.
Соғыс. Бұл сөз құлаққа жағымсыз естіледі. Өйткені, ол талай өмірді жалмайды. Соғыс аяқталса, өлім де тоқтайды. Ал, полигонның жайы өзгерек. Оның сепкен қасіреті жалғаса береді. Бірақ, оның жабылғаны халқымыз үшін бақыт.
Жиырмасыншы ғасыр ядролық қару деген кесапатты дүниеге әкелді. Сол қару кеңінен қолданылмай жатып, өзінің пайда болу кезеңінде-ақ айналасына өлім септі. Сынақтар, сынақ өткізілетін орын-полигондар пайда болды. Сондай қасіретке әлемнің біраз жері, оның ішінде қазақ жері, Абай, Шәкәрім, Ш.Уәлиханов, Қ.Сәтпаев сынды біртуар тұлғалар дүниеге келген Семей жері де ұшырады. Бұл қасірет халқымыздың жанына қатты батты. Ұлы замандасымыз Олжас Сүлейменов айтқандай, біз соғыстың аяқталғанына қырық жыл болды, қырық жыл бейбіт өмір сүрудеміз деп келдік. Сөйтсек, соғыс аяқталмапты. Қырық жыл бойы үн-түнсіз, қатыгез соғыс жүріп жатыпты. Сол үн-түнсіз әрі қатыгез соғысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 1991 жылы 29-тамыздағы Жарлығымен тоқтатты. Семей полигонының жабылған күнін, яғни, 29-тамызды жаппай қырып-жоятын қаруларды жоюдың бүкіләлемдік күні деп жариялау жөніндегі ұсынысының Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау табуы да білген адамға үлкен баға. Біздің еліміздің, қазақ деген халқымыздың жеңісі.
Бұл Жарлықтың шыққанына да 33 жыл толып отыр. Тажалға тосқауыл койғанда оның нендей сұмдық екенін, оның қалай пайда болғанын да білген жөн. Сол мақсатта оқырман қауымға біраз мағлұмат ұсынуды жөн санадым. Семей сынақ полигоны – әлемдік империалистік саясаттың қарулану бәсекесінің салдары. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында АҚШ Жапонияда алғаш рет атом бомбасын жарып, халықты қанға бөктірді. Тірі қалғандарын ауруға шалдықтырды. Осы әрекетімен ол өзінің басқалардан күшті екенін дәлелдеді. Дәлелдегенде өзіне мойынсұнуды талап етті. Ал, АҚШ-тың басты қарсыласы коммунистік КСРО оны мойындағысы келмеді. Сондай бомбаны өзі жасап шығару керек болды. Ол үшін оны сынап көретін жер керек. Ол жер Қазақстаннан табылды. Онда тұрып жатқан халықтан сұраған да жоқ. Сынақ жүргізуге қолайлы деп, қазақтың ең бір қасиетті жерін ойып алды. Ол кезде қарсылық көрсету болмайтын. Оның үстіне бұл қандай қасірет әкелетінін де біліп жатқан халық жоқ еді. Шешім қабылданған КОКП ОК-мен, КСРО үкімімен қаулы 1947 жылғы 4-қарашада шықты. Сол қаулы бойынша алдымен таулы сейсмикалык станса – № 905 нысан құрылып, бір жылдан кейін ол КСРО Қарулы күштері министрлігінің оқу-жаттығу полигоны деп аталса, ақырында екі мемлекеттік орталық ғылыми-зерттеу полигоны деген атқа ие болды. Мұнда №52605 әскери бөлімше көшіп келді. Ертістің сол жағасында Семей мен Павлодар облыстарының түйіскен жерінде, батысында Қарағанды облысының біраз бөлігін алып жатқан аймақта күн-түн демей, қарбаласқан құрылыс жұмыстары жүрді. Оның бәрі халықтың көзінен таса еді. Жұрт өзеннің жағасында қала орнағанын, таулы-жазықты жерлерде небір нысандардың бой көтергенін білген де жоқ. Білдірмеді. Сөйтіп, 1949 жылдың шілдесінде Семей ядролық сынақ полигоны атом бомбасын сынап көруге дайын болды. Бұл оқиға сол жылы 29-тамызда таңғы сағат жетіде жүзеге асты. КСРО ядролық қаруы бар елге айналды, ал 1953 жылы 12-тамызда термоядролық кұрылым сыналды. 1955 жылы 29-қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1951 жылы 18-қарашада атом бомбасын ұшақтан тастап жару сыналды. Жалпы, 1949-1989 жылдар арасында 456 ядролық сынақ, 616 жарылыс жасалды. Семей полигонында тек ядролық жарылыстар ғана сыналмай, химиялық жарылыс заттарын пайдалана отырып жүргізілетін жарылыстар да орын алды.
Мұндай жарылыстар саны 175-ке жетті.
Семей ядролық полигоны 3 сынақ алаңына тілінген. Ауадағы жарылыстар тәжірибе даласы алаңында өткізілді. Айналасы тау, қоршаған диаметрі 20 шақырымдай, 300 шаршы шақырымдай жерді алып жатқан жазық жер еді. Атом бомбасы да, термоядролық бомбасы да, сутегі
бомбасы да осында сыналды. 116 жарылыстың 86-ы ауада, 30-ы жер бетінде жасалды. Мұнда жердің радиоактивтік ластануы айрықша күшті болды. Бұл алаңда адамдарға 2-3 сағаттан артық болуға болмайды, көп мөлшердегі радияция сәулесіне шалдығады.
Көп сынақ өткізілген жер «Балапан» алаңы деп аталды. Мұнда жарылыстар 131 мәрте ұңғымаларда жасалды. Оның ауаны радиоактивті ластауы жер бетіндегі жарылыстарға қарағанда әлдеқайда төмен. Сөйтсе де бұл полигонның шетінде болды. Елді мекендерге жақындығы айтарлықтай кауіпті еді. Сонымен қатар, жерасты жарылыстар зияны аз деген желеумен аса қуатты сынақтар жүргізілді. Сондай күшті 140 КТ (килотонна) жарылыс салдарынан диаметрі жарты шақырымдай, тереңдігі 100 метрлік «атом көлі» пайда болған. Онда күтпеген жағдайлар да орын алып, жергілікті аймақтың радиоактивті ластануына жол берілгені бар. Төрт ұңғымада апатты жарылыстар болғандықтан, сынақ полигонының ортасына таман орналасқан «Сары өзен» алаңында өткізілген. Соған жақын жатқан Мыржық тауында да жерасты жарылыстары жасалды.
Семей сынақ полигоны дегенде көңілге алатын бір атау бар. Ол – Дегелең тауы. Көркімен де, ол туралы айтылатын аңызымен де жұрт назарын аударатын, әсем тау. Расында да табиғаттың Дегелеңдей кереметін сол жарылыстар заманында аямай-ақ жаралаған еді. Онда орташа және
шағын қуатты жарылыстар жасалды. Ол үшін таудың бойын тізгілеп, штольналар қазды. Диаметрі 3 метрдей болатын ұңғымалардың ұзындығы кейде бірнеше шақырымдарға жететін. Соған зарядтар салынып, оны жарып, таудың жүрегін 209 мәрте солқылдатқаны бар.
Семей сынақ полигоны дегенде біздің ойымызға ядролық сынақ қатысушылары, атом, термоядролық сутегі бомбаларының жарылыстары оралады. Көзімізге жарылыстан пайда болған саңырауқұлақтар, құлақты жаңғыртатын дүрсіл дауыс, қоңыр түсті шаң-топырағы араласқан радиоактивті ластанған бұлт пен құйын келеді. Сол ластанған радиоактивті бұлттар қаншамызды өмірден алып кетті. Өкінішке қарай, кейбір мемлекет қызметінде отырған азаматтар түсінбейді…
Мен 1972-73 жылдары Семей ядролық сынақ алаңындағы Семей-22 Молдары аймағында әскери қызметте болып, 3 мәрте жербеті сынақтарына қатысып, «Тәжірибе даласы» сынақ нүктесінде алапат жарылысты таяу жерден өз көзіммен көрдім. Саңырауқұлаққа ұқсас бұлттың астында әскери міндетімді атқардым. Сол полигон таратқан дерттің салдарынан көптеген замандастарым 60 түгілі 50 жасқа да жете алмай, өмірден озды. Мен де соңғы бес жылда бауырға, өкпеге, екі мәрте жүрекке, көзге ота жасатып, шүкір, білікті дәрігерлердің жәрдемімен жер басып жүрмін. Әзірше, тірі жүрген куәгерлердің бірімін. Ядролық жарылыстардың зардаптарын тілмен жеткізе алмайсың. Жергілікті жұрттың денсаулығына зияны тиіп, көбісі әртүрлі ауруларға шалдықты. Мұндай қауіп-қатерден сарбаздар да сырт қалмады. Ядролық сынақ дегеніміз өз жеріміздегі нағыз тажал ошағы болып шықты. Бұл күнде оны еске алудың өзі адамда үрей туғызып, қорқынышты сезімге бөлейді. Әлі есімде, 1973 жылғы тамыз айында жер беті жарылысынан болған жарық сәулесіне тап болған дала құстарының бір жақ қанаттары көмірдей болып күйіп, көздерінің ағарып кеткені. Олар телефон желісінің сымдарында қонақтап отырды. Біз жақындап барғанда орындарынан қозғалған да жоқ…
Осы оқиғалардың куәсі болған төмендегі азаматтар көзбен көргендерін былайша әңгімелейді:
-Мен 1971-74 жылдары Семей-22 Молдары аймағындағы Дегелең ядролық сынақ нүктесінде әскери міндетімді атқардым. 1974 жылғы маусым айындағы ядролық сынақ әлі есімде. Алдымен ұшақ көрінді, олар үш айналып шықты. Кенет күннен күшті сәуле жарқ ете қалды. Бізге, сарбаздарға бастарыңды көтермеңдер, айналада не болып жатса да, қарамаңдар деп ескерткен. Кенет жер дір ете қалды. Толқын-толқынмен тербелген секілді. Басымды көтерейін десем, белгісіз бір күш жерге жаншып барады. Бірақ мен әлдеқандай бір бағанды анық көрдім. Ол алып саңырауқұлаққа айналды. Алдымен күлдің түсіндей сұрғылт, содан соң көгілдір-қызыл түске енді. Сарбаздардың үстін ашық көгілдір түсті күл басты,-дейді Абай Бегимов.
Сондай-ақ, сол сынақтың куәгері П.Сусликов:
-Мен 1969-71 жылдары «Семей-22 Молдары аймағындағы» Тәжірибе даласы» ядролық сынақ нүктесінде әскери міндетімді атқардым. Есімде қалғаны 1970 жылғы қазан айындағы жер беті ядролық сынағы. Жер кенет дір ете қалды, сатыр-сұтыр. Жер үстінен суырылған шаң-тозаңнан алашапқын құйын түзіліп, бізге қарай жүйткіп келе жатқанға ұқсады. Шынында да күшті ауа толқыны бізді, сарбаздарды соғып, кұлағымызды тарс бітеп, денемізді де жерге жабыстырғандай үрейлі сәтті бастан кештік. Ауа толқынының жанды түршіктірген даусы ондаған секундқа созылды. Бірнеше минуттан соң көкжиектегі қарақошқыл бұлттар көз жетер көкті
түгел торлады. Құзарбиікте тұрып қалған жоқ, теріскейден соққан желдің айдауымен таулар мен далаға қарай жөңкіліп, онтүстікке ығыса бастады. Сол ластанған радиоактивті бұлттар қаншамызды өмірден алып кетті,-деп өткенді еске алады.
Қасіретке айналған аймақ енді қайта серпіп, қайта түлеп, халыққа қызмет етуі тиіс болғандықтан, осы жолда қыруар іс тындырылды. Оны бүкіл әлем бағалап отыр. 29-тамыз күнін тек біздің еліміздің ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы өкілдері адамзатқа қарсы жасалған зұлым қаруларды жою күні ретінде атап өтеді. Оның басында біздің еліміздің тұрғаны мақтаныш.
Бектен Қарғабаев,
Ядролык сынақ мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы.