«Заң мен тәртіп үстемдігі – әділетті қоғам қалыптастырудың кепілі»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайын барша қазақстандықтар үшін маңызды күн, әсіресе білім саласы қызметкерлері мен мектеп табалдырығын жаңа аттайтын бүлдіршіндер мен барша жасөспірімдерге оқу жылы басталар шақта, яғни білім күнімен ұштастыра Қазақстан Халқына өзінің Жолдауын жолдайтыны баршаңызға белгілі.
Биылғы жылдың 2-қыркүйек күні, кезекті сессияның ашылуында Мемлекет басшысы халыққа «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбында кезекті Жолдауын жолдады.
Мемлекет үшін кез келген игі істің басты өлшемі тиімділік болуы үшін, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болу мақсатында Мемлекет басшысы Жолдаудағы негізгі 9 бағыттан тұратын басты басымдықтарды атап өтті.
Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» – деп атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты мектебімізде, жалпы ауданымыздың білім беру мекемелерінде құндылықтарға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, қарқынды жұмыстар жасалуда. Атап айтар болсақ, тәрбие үштағанының идеологемалары бойынша «Ұлттық бірегейлік, Қоғамға қызмет, Экологиялық мәдениет» шаралары әділетті қоғам құрудың білім ошағы қабырғасынан басталары және бағдарлама жүйелі жүргізілген жағдайда өскелең ұрпақтың жасампаздық пен жаңашылдыққа бет бұрары айқын.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік» деп атағаны бар. Осы орайда білім беру мекемелерінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үнемі басты назарда. Қазіргі таңда білім мекемелері заманауи цифрлық бейнебақылау камераларымен, турникет, дабыл түймелерімен жабдықталған. Сондай-ақ, тәрбие жұмыстарында қауіпсіздік, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары үздіксіз жүргізіліп отырады. Мектептің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес, ата-аналар мен білім алушыларға нақты талаптар қойылған.
Білім беру үдерісін дамытуға әрі қолдауға бағытталған түрлі бағдарламар нәтижесін беріп, өскелең ұрпақ кедергісіз білім алса, саналы тәрбиенің нәрін бойына сіңірсе, келешегіміз жарқын болмақ!
Талап Майкеев,
Еңбекші орта мектебінің директоры.