Батыр рухына ескерткіш орнатылды
Жуырда Абай ауылында Шу өңірінің шежірелі тарихында өткен ғасырлардың көрнекті тұлғасы ретінде танылған, ұлы жүздің Сарыүйсін руынан шыққан Үкібайұлы Секер батырға ескерткіш ретінде стелла орнатылды. Республикамыздың әр өңірінен келген ағайын-туыстардың да қарасы мол болды. Стелланың ашылу рәсімінен кейін батыр рухына құран бағышталып, ас берілді. Тарихи мәні зор белгінің ашылу салтанатына жиналған көпшілік тәнті болып, ізгі ниеттерін білдіріп жатты.
«Өткеніңді білмей, болашағыңды болжай алмайсың» деген мәтелдің тереңіне үңілсеңіз, алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі істері мен өсиеттерінің барлығы өмір өткелдерінен өтіп, сұрыпталған іс тәжірибеге қатысты болғандығын аңғарамыз. Сол секілді туылғанына 180 жыл толған Секер батырдың да өте сауатты, өз заманының озық ойлы азаматы, ат үстіндегі батыры болғанына тарих куә. Шу мен Қорағаты өзенінің айырымын мекендеген ұлы жүз жұртының басын біріктіріп, Аша болысын құрып, іргелі ел болуына бар күш-жігерін жұмсаған, өз заманының озбырлығы мен арамдығына қарсы жүріп, қабырғалы ел болуына аянбай күрескен Секер батырдың еңбегі өлшеусіз. Көре алмаушылық пен қызғаныштың кесірінен сол кездегі сұрқия саясаттың құрбаны болса да, намыс туын жоғары ұстаған батырдың қапыда мерт болғаны туралы түрлі қауесет, аңыз-әңгімелер бар. Қалай десек те, батырдың өнегелі өмірін дәріптеп, ескерткіш белгі орнатуға жұмыла кіріскен Абай ауылы азаматтарының игілікті істеріне разылықтарын білдірген қариялардың да алғыстары мол болды.
-Бұл ескерткіш батыр атамыздың рухына кейінгі ұрпақтарынан орнатылған белгі. Ұлы Абайдың «әр қазақ менің жалғызым» дегеніндей, Секер батыр тек Сарыүйсін руының ғана емес, мұқым Шу-Қорағаты бойын мекендеген ағайындардың басын біріктірген тұрпатты тұлға десек болғандай. Аша болыстығын құруға күш салып, ат үстінен түспей, Әулиеата оязының рұқсатын алып, қол жинап, бір болыс ел болуды ұйымдастыру, айтуға оңай болғанымен, қазіргідей пошта, хат байланысы жоқ заманда ердің ерінің қолынан келе бермейтін іс болатын. Кез келген істе табандылық пен төзімділік болмай, нәтиже де болмайтынын сезген батыр атамыздың күн-түн демей, ерен еңбек еткені тарихтан белгілі. Небәрі 29 жасында қыршын кеткен батыр бабамыздың рухына белгі орнату – өте құптарлық іс. Десек те, ел қамын, келешек ұрпақ қамын ойлап, өмірін бәйгеге тіккен батыр рухын дәріптеу ас беріп, іс-шара жасаумен шектелмеуі тиіс. Ауыл азаматтарының ескерткіш төңірегін абаттандырып, тал-дарақтар егіп, оны күтіп-ұстау сынды мәдени тірлігі болғанын қалар едім. Батырдың ерлігін өскелең ұрпақ жадында қалдыру мақсатында Сарыүйсін руының сол кездегі мекені болған «Қазыққаққан» жеріне, яғни қазіргі аудан орталығы – Төле би ауылының бір көшесіне батыр есімін беруге атсалысуға шақырамын,-деп тілегі мен ұсынысын жеткізді ауыл қариясы Жетпіс Айдаров.
Лайым, болашақ үшін баз кешкен батырларымыздың рухтары биіктен көріне берсін!
Несіпхан Қоңырбаев.