Ақпараттық портал

Асыраушы саланың әлеуеті артып келеді

Ауыл шаруашылығы – еліміздің ең маңызды саласының бірі. Себебі ішер ас, киер киім, тұтынатын дүниелердің басым көпшілігі асыраушы саланың игіліктері. Мұны жете түсінген мемлекет аталмыш салаға тиісті қолдау көрсетіп, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаның жүзеге асуын өз назарында ұстап келеді. Өйткені шаруаларды қолдап, қолтығынан демемей, жұмыстың ілгерілеуі мүмкін емес.
Осы айдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жария еткені жұртшылыққа мәлім. Аталмыш маңызды құжатта Президент асыраушы салада атқарылуға тиіс амалдарды ерекше атап өтті.
«Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек» деген Президент ауыл тұрғындарының заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керектігін шегеледі.

Сонымен қатар жаңа Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екені меңзеліп отыр. Бұл орайда Шу ауданында 2024 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылатын инвестиция көлемі 1,497 млрд теңгеге орындалады деген болжам бар. Осы және өзге де мәліметтерді бізге аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбеков ұсынып отыр.
Қайсар Қоныспайұлының сөзінше, 2024 жылдың тамыз айының статистикалық жедел есеп мәліметіне сәйкес, аудан бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 29 005,7 млн теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 12971,9, мал шаруашылығында – 15962,7 млн теңгенің өнімі өндірілген.
Сонымен қатар қазіргі таңда егін жинау науқаны қызу жүруде. 42 865 гектар масақты дәнді дақылдар толығымен жиналып бітті. Әр гектарынан орта есеппен 15,5 ц/га айналып, барлығы 66331 тонна өнім жиналған.
Сол секілді, 4747 га жерге тамшылатып суару әдісін қолдана отырып пияз дақылы егілді. Бүгінгі күнге 2992 гектары жиналды (63,0%) орташа өнімділігі 300ц/га. Барлығы 89 760 тонна пияз өнімі жиналған. 2429 гектар жерге егілген бақша дақылы толығымен жиналды. Әр гектарынан орта есеппен 285 ц/га айналып, барлығы 69 226 тонна өнім жиналды.
2024 жылы егілген 1030 гектар қант қызылшасын жинау жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге жиналған 85 гектар алқаптан Меркі қант зауытына өңдеуге 5653,5 тонна қант қызылшасы өткізіліп, оның орташа өнімділігі 700 ц/га жеткен.
Сондай-ақ жоғарыда аталған Жолдауда Мемлекет басшысы арнайы комиссияның санағы бойынша 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ малдың санда бар, санатта жоқ екенін анықтағаны айтылды. Одан бөлек, егін шаруашылығы саласында да осыған ұқсас жайттар кездескен. Бөлім басшысы бұл кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтуда.
– Келер жылы Қазақстан Республикасының ұлттық санағын сапалы өткізу мақсатында ауыл шаруашылығы деректерін қалыпқа келтіру барысында саланың жауапты мамандары, ауылдық округ әкімдері мен ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп аулалар араланып, мал басына қатысты дәйектер өңделуде,-дейді бөлім басшысы.
Біздегі мәліметті бақсақ, өңір бойынша 139 451 гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы егістік жерлер бар. Оның ішінде 28 261 гектары суармалы болса, 111 190 гектар тәлімді егістік жерлер. Биыл 72 866 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 44 089 га, майлы дақылдар 116,5 га, қант қызылшасы 1 030 га, картоп 41 га, көкөніс 4 984,3 га, бақша дақылдары 2 430 га, мал азығы 20 489 гектарға жетіп отыр.
Жыл сайын шаруалардың көкейінде су тапшылығы болар ма екен деген күмән орнайтыны анық. Себебі, су тіршіліктің нәрі, есіл еңбектің негізі. Бұл орайда биыл Шу ауданында айтарлықтай мәселе туындамаған. Сонымен бірге биыл 6210,94 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның 5369,4 гектары тамшылатып, 841,5 гектары жаңбырлатып суару. Тағы бір айта кетерлігі, Ескі-Шу ауылдық округіндегі «Qyzylsha Zher» ЖШС 10 дана жаңбырлатып суару құрылғысын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде суды үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді дейді мамандар.
-Аудан аумағында барлығы 102 су жүйелерінің нысандары бар. Ал ауыл шаруашылығы егістіктерін суаруға пайдаланатын негізгі су көздері Шу, Ақсу, Сарғау, Қайыңды және Қорағаты өзендері болып отыр. Шаруаларды сумен қамту ұдайы бақылауда, -дейді Қ.Құтыбеков.
Төрт түлікпен тұрмысын тіктеген
Бағзыдан мал бағып, сонымен жан баққан халқымыз үшін төрт түліктің маңызы ерекше. Біздің ауданда ата кәсіптің ауыртпашылығына шыдап, оны сабақтастырып отырған шаруа қожалықтары жетерлік. Мәселен, өңірде тіркелген 2600-ға тарта шаруа қожалықтың тең жартысына жуығы мал шаруашылығымен шұғылданып отыр.
Статистикалық мәліметке сәйкес, ауданда ірі қара малы – 49 661 бас, жылқы – 16 862 бас, түйе –81 бас, 56,199 мың бас қой мен ешкі және 60 653 бас үй құстары тіркелген. Бөлімдегілер барлығы 6 698,6 мың дана жұмыртқа алынып, 23 539,7 тонна сүт сауылып, 9 087,1 тонна ет өндірілгенін алға тартып отыр.
Қой басын асылдандырып отырған жерлесіміздің бірі – Жұмахан Утеулиев. «Жұмахан» шаруа қожалығында 400-ден аса Еділбай тұқымды қойы бар. Жаңа жол ауылдық округінің тұрғыны Ж.Утеулиев уақ малдың әр басына субсидия алып, мемлекеттің қолдауына ие болып отыр. Қожалық иесі өзін өңірде алғаш шаруа қожалық ашқан азамат екенін айтып, бұл іске 1995 жылдан бастап білек сыбана кіріскенін жеткізді. Бүгінгі таңда 12 шаруаның қорасында 4410 бас асыл тұқымды аталық және аналық бас қой өсірілуде.
Мүйізді ірі қара өсіріп, мемлекеттің қолдауын тапқан «KZ Асыл тұқым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де Шоқпар ауылдық округі аумағында өз шаруашылығын шалқытып отыр. Олар былтыр етті-сүтті бағытта сиырдың 364 аналық басын сатып алып, сол арқылы субсидияға қол жеткізген. Жігер Әлжанов басқаратын серіктестікте бұған дейін 2400-ге жуық қалмақ сиыры болған. Үлкен істі қолға алып отырған ірі шаруаның сөзінше қыс мезгіліне әзір.
ерте қамданғанның
есебі түгел
Осы орайда, бірер айдан соң қылышын сүйреткен қыс келеді. Бұл кезең шаруалар мен жергілікті атқарушы билік үшін сындарлы сәт. Күздің қоңыр салқыны сезілген сәттен малдың қыстан шығу мәселесі күн тәртібіне енгізіледі. Бізге ауданда төрт-түлік мал басын қыстату үшін 351280 тонна пішен, 7000 тонна пішендеме, 59865 тонна сабан, 4410 тонна сүрлем дайындалғаны туралы ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ мал азығын дайындау жұмыстары жалғасып, шаруа қожалықтарының қораларына жиналғаны мәлім болды.
-Ағымдағы жылы облыс әкімінің орынбасарының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, қыс мезгіліне мал азығының жеткілікті мөлшерде болуы үшін әр ауылдық округтерде жалпы малдың басына қажетті мал азығының 10 пайызынан кем емес шөптік мал азығы қорын жинау тапсырмасы берілген.
Тапсырманы орындау мақсатында, әр ауылдық округтерде елді мекендегі мал басы санына қарай мал азығы қоры қалыптастырылды. Аудан бойынша елді мекендегі мал басына қажетті 144 тонна шөптік мал азығы қорының, 35 тоннасы жиналды (245 пайызы). Ауылдық округ әкімдіктері және шаруа қожалықтары арасында 18 меморандум жасалынды,-дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қ.Құтыбеков.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда әрі азаматтарды жұмыспен қамту тұрғысында «Ауыл аманаты» жобасының берері мол. Оны Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында тілге тиек еткен болатын.
Аталған Жолдауда «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» делінген.
Ауданда «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобалары» аясында 1,3 млрд теңгеге 157 жоба қаржыландырылып, жаңа 371 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласы бойынша – 28 жоба (құны 205 млн теңгеге) 50 жұмыс орны, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы бойынша –122 жоба (құны 920 млн теңгеге) 304 жұмыс орны, мамандандырылған кооперативтер ашу бағытында 7 жоба (құны 182 млн теңгеге) 17 жұмыс орны ашылмақ.
Ынта білдірушілердің тізімі Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылғанын атап өткен жөн. Бүгінгі күнге құжаттар жинақталып, «Тараз» ӘКК қаралу барысында.
жәрдемі көп жәрмеңке
Жергілікті өнімді өндіруден бөлек шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің еңбектерін елге насихаттау ісі ұмыт қалмауы тиіс. Сондықтан ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру осы мәселені шешудің бірден-бір жолы. Қайсар Қоныспайұлы бұған дейін жерлестеріміздің 9 мәрте облыс орталығындағы жәрмеңкеге барғанын мәлімдеді. Әр барған сайын 13,4 тонна ет, сүт, көкөніс, май сынды өнімдер нарық бағасынан төмен сатылған.
Одан бөлек, жуырда Астана қаласында Жамбыл облысы ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін ұсынды. Аталған жәрмеңкеге Шу ауданы сүбелі үлес қосып, барлығы 82,7 тоннаның өнімдерін апарған. Атап айтқанда, Өндіріс ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер С.Тлеумаханованың сүт өнімдері және Шоқпар, Тасөткел және Ақтөбе округтеріндегі ауыл тұрғындарынан 1 тонна сүт өнімдері, 200 литр қымыз-шұбат, 100 кг құрт-ірімшік өнімдері тоңазытқышы бар жүк көліктерімен елордаға жеткізілді.
Сонымен қатар, Бірлік ауылындағы «KazIrAgro» ЖШС-нің 2 тонна сафлор майы, Шу қаласы мен Төле би ауылдық округінен 400 кг макарон, 2 тонна картоп, 2 тонна сәбіз, 5 тонна жеміс-жидек өнімдері, бір ауыр жүк көлігі тіркемесімен, Ескі-Шу ауылдық округінің егістік алқаптарынан жиналған пияз өнімі артылып, Жаңа жол, Ескі-Шу, Жаңақоғам, Балуан Шолақ ауылдық округтерінде өсірілген қарбыз, қауын, асқабақ өнімдері астаналық тұрғындарға арзан бағамен ұсынылды.
Мемлекет басшысы Жолдауда ерекше тоқталған мәселенің бірі – жер. Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екенін атап өткен Президент «Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн» -деп тиісті пәрмен берді.
Бұл орайда біз аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Асан Көшербаевтан арнайы мәлімет алып, оқырман қауымға ұсындық. Асан Алданұлының айтуынша, өз саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған.
-Екі жылда мемлекеттің жер қорына қайтарылған ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелерінің жалпы ауданы 51 705 гектар (оның ішінде 548 га суармалы егістік, 6 215 га тәлімі егістік, 44 942 га жайылымдық) жерді құрады. Жоғарыда аталған мемлекет жер қорындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жер алқаптарынан, яғни Қойайдар жерқорындағы «Ерназар Теңлік» ЖШС-нен алынған жайылымдық жерден, 2022 жылы 10 000 гектар жайылымдық жер учаскесі Балуан Шолақ ауылдық округінің теңгеріміне елді мекеннің жайылымы есебіне берілді. Сонымен қатар «SMART AGRO KARKARA» ЖШС-нен алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінен, аудан бойынша биыл жалпы ауданы 22 294 гектар жайылымдық жер учаскелері: Жаңа жол а/о – 3 465 га, Шоқпар а/о – 5 000 га, Далақайнар а/о – 4 000 га, Бірлік а/о – 2 000 га, Өндіріс а/о – 5 233 га, Жаңақоғам – 3 606 га жайылымдық жер алқаптары аудандық жер комиссиясында қаралып, елді мекенге жайылым есебіне қосып беру туралы оң шешім қабылдаған,-дейді жер қатынастары бөлімінің басшысы.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.