Ақпараттық портал

ҚАРЖЫЛЫҚ АЛАЯҚТЫҚТАН ҚАЙТСЕК АРЫЛАМЫЗ?

Ақпараттық технология дамыған бүгінгідей заманның ел экономикасының артуына оң ықпалы болғанымен, мұның кейбір тұстары қоғам өкілдеріне кері әсерін де тигізіп келеді. Оған интернеттегі қаржылық алаяқтық бойынша  анықталып жатқан қылмыстық істер айқын дәлел. Өкінішке орай, ел үкіметі мұндай сорақылықтың алдын алуға немесе интернет алаяқтарын тұсаулауға дәрменсіз болып отыр. Салдарынан ішпей-жемей несие төлеп, қарызға белшесінен батып жүргендердің қарасы қалыңдап барады. Бұл баршамызды ойландыратын бүгінгі күннің басты өзекті мәселесі. Өйткені, ішкі істер органдары өкілдерінің мәлімдеуінше, қанша жерден білімді, сауатты болса да, кейде алаяқтықтың шырмауына түскенін өздері байқамай қалатын азаматтар жоқ емес. Бұл тұрғыда интернет қуларының айласына алданып, қомақты сомада несиеге байланған азаматтарға несие рәсімделген банк басшылығы да, ішкі істер органдары да ешқандай көмек көрсете алмайды.

Аудандық  полиция бөлімі басшысының жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция майоры Шон Ынтымақ Шораұлының айтуынша, мұндай сорақылықтан халықты сақтандырудың жалғыз жолы – профилактикалық жұмыстар. Яғни, жергілікті тұрғындармен жиындар ұйымдастырып, көпшілікке интернет алаяқтығы, одан қалай сақтану қажеттігі турасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, осы тақырып аясында қажетті кеңестерге негізделген парақшалар таратып, оны аудан ішіндегі аялдамаларға, халық көп баратын әлеуметтік нысандарға көптеп ілу арқылы жұртшылық өкілдерін хабардар ету.

– Көп жағдайда интернет алаяқтары банк, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлері, фирма өкілдері болып хабарласады. Әлеуметтік желілердегі бизнес жобалар бойынша жарнама жасап, өзін қандай да бір фирманың өкілі ретінде алдын ала дайындалған суреттер немесе артқы жағына Мемлекеттік Ту, Елтаңба қойылып, офисте отырған сәтпен түсірілген жалған видеоқоңыраулар арқылы алдап, құрыққа түсіреді. Бірнеше адамдардың өздеріне алғыс білдіріп жатқандығы жайлы жалған видеоларын да көрсетуі мүмкін. Кез келген адамның шотында ақша барын білмесе де, оларға қоңырау шалып, жоғарыда аталғандай түрлі айла-тәсілдермен сол адамның сеніміне кіреді. Мысалы, пирамида секілді  «сіз қазір шотыңызға осыншама ақша салсаңыз, сіздің шотыңыздағы ақша қандай да бір қысқа мерзім ішінде осыншама сомаға көбейеді» деген желеумен бір азаматты алдаса, артынша тағы бір азаматқа хабарласып, оған да дәл осындай тәсілді қолданады. Осылайша, ол бірнеше адамға жалғасып кете береді. Бір уақытта онға жуық адамға дәл осылай хабарласып, сан соқтыруы ғажап емес. Мұны кейде жапа шеккен адамдарға түскен қоңырау нөмірінен анықтаймыз. Өйткені, бірнеше адамға бір уақытта, бір нөмірмен хабарласқандығы белгілі болады. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының өкілі болып хабарласып, қандай да бір азаматтың айыппұлы бар екенін айтып, ақша өндіріп алатындар да кезігеді. Сол себептен, ең бастысы кез келген саналы азамат бөтен нөмірден хабарласқан адамдардың қоңырауын көтермеуі қажет. Көтерген жағдайда әңгіме желісі қандай да бір күдік туындатса, тұтқаны қойып, бірден полиция бөліміне хабарласуы керек,-дейді Ынтымақ Шораұлы.

Өз атына несие  рәсімдеп, алданған азамат өзінің алаяқтардың шырмауына іліккенін кеш түсінетін көрінеді. Болатын іс болған соң, банк басшылығына жүгінеді. Банк басшылығы ішкі істер органдарына барып, арыз жазу қажеттігін айтып, органға нұсқайды. Айта кетерлігі,  жоғарыда мәлімдегендей, алдану арқылы несиеге ұрынған азаматтың несиесін банк жауып бермейді. Бар болғаны, ішкі істер органдары өкілдерінің араласуымен қысқа мерзімге, кем дегенде бір-екі айға тоқтата тұруға ғана мүмкіндік жасай алады. Алайда, несие тоқтатылғанымен, оған үстеме пайыз қосылып отырады. Алаяқтарды құрықтау бойынша тиісті құзырлы органдармен тексеріс жүргізілгенімен, оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Өйткені, зерделей келе мұндай адамдардың  Ресей, Украина секілді сырт мемлекеттердің адамдары екендігі анықталған. Сондықтан, әр азаматтың белгісіз нөмірден келген қоңырауға қырағы болуы аса маңызды болып тұр.

Полиция бөлімдерінің қызметкерлері көп жағдайда мұндай алаяқтарға жасы үлкен адамдардың алданып қалатындығын, олардың арасында өздерінің алданғанымен қоймай, қажетті соманы алу үшін өз балаларын да алдап, ақша сұрап, оны алаяқтардың шотына  салып беретіндердің де кезігетінін айтуда.  Сонымен қатар, осындай жағдайға өзіміз саналы, сауатты адам ретінде танитын ауданымыздың білім, темір жол салаларындағы ұстаздар мен теміржолшылар да тап болуда. Өйткені, бұл сала еңбеккерлерінің жалақысы мол болғандықтан, зейнетақы қорына аударылған қаражат көлемі де ауқымды.  Осыны орынды пайдалануды білген алаяқтар несиені төлей алмаған жағдайда зейнетақы қорындағы қаражатты арестке қойып, ақшасын алып қою ісін де алға тартады.

Оңтайлы сәтті пайдаланып, біз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен алаяқтардың кез келген адам туралы мәліметке қалай қол жеткізетіндігін, кез келген адамның телефон нөмірін қайдан білетіндігін сұрадық. Өйткені, мұндай алаяқтар  шетел азаматтары бола тұрып,  менің телефон нөмірімді қайдан біледі?-деген күдікті сұрақ кез келген саналы азаматтың көкейінде туындайды.  Бұл тұста аудандық полиция бөлімінің аға  жедел уәкілі Саттар Джафароглы алаяқтар көп  жағдайда ұялы телефондағы «Телеграмм»  қосымшасынан код арқылы кез келген жерлесіміз туралы мәліметке қол жеткізе алатындығын жеткізді. Өйткені, «Телеграмм»  әлемнің көптеген елдеріне кең таралған қосымша болып табылады.

-«Телеграмм» қосымшасы арқылы түрлі жауапты органдардың өкілдері ретінде хабарласып, кейде сіздің шотыңызға шабуыл жасалайын деп жатқандығын, мұны қайтару үшін қандай да бір мәліметті ( смс коды) баяндау қажеттігін айтып, өзін қарапайым адамға көмектесуші ретінде көрсетеді. Кей жағдайда ҚР қылмыстық кодексінің 423-бабын негізге алып, қорқыту амалын пайдаланады. Осылайша, алдау операциясы басталады.  Алданып қалғандар арасында «Халық», «Каспи», «Евразия», «Жусан», «Банк центр кредит» банктерінің тұтынушылары кезігеді.

Мысалы, ағымдағы жыл ішінде ауданымызда 29 адам қаржылық алаяқтыққа ұшырап, барлығы 10 қылмыстық іс тіркелді. Бұл тұста ескеретін жайт, бір күнде үш адамның бір нөмір арқылы алданғандығы анықталатын болса, бұл бір қылмыстық оқиға болып  тіркеледі,-дейді Саттар Джафароглы.

Сонымен қатар, есімін атап көрсетпеуді жөн көрген ол жуырда ауданымызға танымал, білімді, білікті азаматтың бір жыл бойы алаяқтардың шырмауында болып, ақыр соңында он бес миллион теңге несиеге алданғандығын, несие бойынша алаяқтыққа ұшырағандар ең кемінде бір  милиион теңгеге алданатынын жеткізді.

Ал, аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мамасайтов Нұрлан Нұрмұхамедұлының айтуынша, адамдарды алдау үшін алаяқтар «Instagram», «Facebook», «Telegram», «Вконтакте» әлеуметтік желілерін, «OLX.KZ», «MARKET.KZ», «KOLESA.KZ», «KRISHA.KZ» сайттарын және «What’s App» мессенджерін пайдаланып, жалған интернет-дүкендер, «фейк» парақшалар, сайттар ашып, түрлі тәсілдерді қолданады.

Деректерге сүйенсек, жалпы ел аумағындағы қаржылық қылмыстың басым бөлігі ақпараттық жүйені пайдаланушыларды алдау арқылы жасалған. Мысалы, азаматтардың жеке мәліметтерін пайдалана отырып, әр түрлі микрокредиттік мекемелердің сайттары арқылы онлайн несиелерді рәсімдесе, әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы парақша ашып, әр-түрлі (пәтер, автокөлік, оның бөлшектері, киім-кешек, аяқ-киім сату, пәтер жалға беру, жұмысқа орналастыру, несие алып беру, банктегі қара тізімнен шығарып беру қызметтері және т.б.) жарнамалар шығарып, интернет желісінен жүктелген тауарлардың фотосуреттерін қойып, арзан бағаға сатылатыны туралы жарнамалаған. Жарнамаға қызығушылық танытып, хабарласқан адамдардан алдын-ала төлем талап етіп, «QIWI» әмияны немесе абоненттік нөмірге бірлік ретінде, сондай-ақ, банкоматтық карточкаларға ақша аударту арқылы немесе шығарылған шынайы жарнамаларға жалған қызығушылық танытып, сатып аламын және сол үшін ақша аударамын деп сендіріп, адамдардың банкоматтық карточка нөмірлерін және ұялы телефонына келген смс-кодтарды біліп алып, интернет-банкинг жүйесін бұзу арқылы есепшоттағы ақшаларды басқа есепшотқа аударып, иемдену де көрініс табуда. Сондықтан полиция қызметкерлері банкоматтық картаңыздың нөмірін және CVV-кодын, ұялы телефонға банктен келген смс-кодтарды ешкімге айтпау; жеке куәлігіңіз бен банкоматтық карточкаларыңыздың фотосуреттерін, ЖСН және банктердегі есепшот нөмірлеріңізді ешкімге жолдамау; егер сіздің банкоматтық картаңызға ақша түссе, ол ақшаның нақты қайдан түскенін банк арқылы білу; күдікті сайттарға, «What’s App» мессенджеріндегі «ақша көбейтетін» топтарға кірмеу; «AnyDesk» бағдарламасын ұялы телефонға қондырған кезде сақ болу;  «MetaTrader 4» платформасымен жұмыс жасағанда ерекше сақ болуды ескертеді.

Сондай-ақ, аудан тұрғындарын әлеуметтік желілердегі кез келген ақпаратқа сене бермеуге, қоңырау шалған бейтаныс адамға құжат бойынша мәліметтерді мәлімдемеуге шақырып, қандай да бір күдікті хат-хабар келсе, банктегі кәсіби қызметкерлерге жолығып, ақпараттың рас-өтірігіне шынайы көз жеткізіп барып, шешім  қабылдау қажеттігін де назардан тыс қалдырмады. Алаяқтық істер арасында қаражаттың сіздің шотыңызға қателікпен аударылып кеткендігін айтатындар көп көрінеді. Н.Мамасайтовтың мәлімдеуінше, мұндай жағдайлар біздің ауданымызда «Халық» және «Каспи» банктерінің қызметін тұтынушылар арасында кезігіп отыр. Айналамызда орын алып жатқан осындай жағдайларға қарап, «Аңқау елге арамза молда» деген нақыл сөз дәл бүгінгі күннің көрінісіне айтылған ба дерсің.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, барлық сала қызметкерлеріне алаяқтардан сақтандыруға негізделіп, арнайы дайындалған видеолар таратылуда. Бөлім қызметкерлері мұндай ілкімді істер жүзеге асырылғанымен, көптеген азаматтар қажетті кеңестер мен видеоларды мән беріп қарамайтындығын айтып, налиды. Мұндай сорақылық күн санап көбейіп бара жатқандықтан, халықты алаяқтықтан сақтандыру үшін жоғарғы билік өкілдеріне тиімді тәсілдерді қарастыру жөнінде ұсыныстар айтуды қолға алған.  Бұл тұста ішкі істер органдары мен банк қызметкерлері бірлескен іс-қимыл жасай отырып, алаяқтың арбауына түспеудің амалын жан-жақты қарастырып, тиімді тәсілдерін жұртшылық өкілдеріне түсіндіре отырып, қолданысқа енгізгені абзал деп  білеміз.

 

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.