Ақпараттық портал

Мемлекеттік басқаруда ашықтық қажет

Мемлекеттік бюджет – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін маңызды қаржы құралы. Сондықтан бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатқа сай жұмсалуы – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Қаржы ресурстарын дұрыс басқару тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығына, халықтың әл-ауқатына және елдің даму қарқынына тікелей әсер етеді.
Ең алдымен, бюджет қаражатын бөлу мен пайдалану ашық әрі жария болуы тиіс. Әрбір мемлекеттік орган, жергілікті әкімдік немесе мемлекеттік мекеме өзіне бөлінген қаражаттың қайда, қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы нақты есеп беріп отыруы қажет. Ашықтық пен есептілік – сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қоғамның мемлекеттік басқаруға деген сенімін арттыратын негізгі құралдардың бірі. Екіншіден, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы үшін жоспарлау сапасы жоғары болуы шарт. Жобалардың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі алдын ала талданып, қаражат келешекте нақты нәтиже беретін салаларға бағытталуы тиіс. Тиімсіз жобалар немесе артық шығындар мемлекет дамуын тежеп, өзге маңызды салаларға бөлінетін қаржы көлемін қысқартады. Сонымен қатар, қаржының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу үшін бақылау және аудит жүйесін күшейту қажет. Ішкі бақылау органдары мен тәуелсіз аудит қызметтері бюджет шығыстарының заңдылығын, тиімділігін және нәтижелілігін тексеріп, кемшіліктер анықталған жағдайда дер кезінде шара қолданылуы тиіс. Бюджет қаржысының тиімді пайдаланылуы – елдің тұрақты дамуының кепілі. Тиімді жұмсалған әрбір теңге жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жолдар мен мектептердің салынуына, денсаулық сақтау сапасының артуына және халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына ықпал етеді. Мемлекеттік қаржыға жауапты мемлекеттік органдардың құрылуына және жетілуіне көптеген фактор әсер етті. Қаржыны тиімді басқару жүйесін құру, жаңғырту әрі дамыту – қазынашылық органдарының басты міндеттерінің бірі болып саналады. Қазынашылық саласы кірістер мен шығыстар бойынша бақылауды жүзеге асырады, бюджет қаражаттарының мақсатты жұмсалуына жауап береді. Сондай-ақ, қаржы ағынының қозғалысын оңтайландырады, бюджет қаражатын шоғырландыруды, оның жұмсалуының ашықтығын, тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда қазынашылық жүйе – Қазақстанның қаржылық жүйесінің басты бөлігі болып отыр. Ол мемлекеттік органдардың алдына қойған міндеттерін орындау үшін кірістерді уақытылы есептеп, қаржылық ресурстар мен жеткілікті қамтамасыз ете отырып, ақшалай ағынның ашықтығы мен шұғыл жүргізілуін қамтамасыз етеді. Процесстерді барынша автоматтандыру, алдыңғы қатарлы озық технологияларды пайдалану, әкімшілік және техникалық тәртіпті оңайлату арқылы стратегиялық міндеттердің бірі – қоғамдық қаржы жағдайы туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді шешуге мүмкіндік береді. Қазақстанның қазынашылығы бюджет жүйесінің бір буыны ретінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінен лайықты орын ала отырып, орасан зор қалыптасу және даму жолынан өтті. Әрине, мұның барлығына бұл салада еңбек ететін сауатты әрі білікті қызметкерлердің жұмысы нәтижесінде қол жеткізілді.
Қорытындылай келе, бюджеттен бөлінген қаржының тиімді әрі нәтижелі жұмсалуы мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен халық игілігіне қызмет ететін басты шарттарының бірі болып табылады. Және де ашықтық, бақылау, жоспарлау және жауапкершілік қағидаттары сақталған жағдайда ғана бюджет қаражаты қоғам мүддесіне толық сай пайдаланылмақ.

М.Рахымова,
Шу аудандық қазынашылық
басқармасының бас маман –
бас қазынашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.