Ақпараттық портал

«Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы ауданда

Осыдан бір ғасыр уақыт бұрын жарыққа шыққан «Ауыл» газетінде ауыл тұрмысын түзетіп, жұмысшы шаруаларды өкімет ісіне тартуға жүйелі реформалар құруға жол салған Бейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» деп текке айтпаса керек. Осы бір сөздің құны бұл күндері бір мысқалға да кеміген жоқ. Қазақылықтың иісі аңқып тұратын, салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, үлкенге құрмет, кішіге ізеттің нақ үлгісі көрінетін, еңбек пен бейнеттің жарасымды көрінісі көзге ұратын ауыл қашанда мемлекеттің күретамыры саналады. Содан болар, ел тәуелсіздік алған жылдардан бері ауыл әлеуетін көтеруге бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асып келеді. Биік мінберлерде де елді мекендерге қатысты мәселелер сан мәрте сөз болып, қалыптасқан түйткілдерді шешуге барынша көңіл бөлінді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігі айтылған еді. Еліміздің Тұңғыш Президенті бұл мақсатта «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүйелі жоспарын жариялап, оны жүзеге асыруды жергілікті әкімшіліктерге жүктеген болатын. Бұл істе белгілі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызының да қолтаңбасы қалған.
«Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес. Біз Елбасының «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жақсы істі жолға қойып, ауылдардың ажарын айшықты етуге атсалысуда. Шынын айту керек, аталмыш жобаға енген ауылдық округтерде үлкен бетбұрыс жасалып, кескін-келбеті сәндене, тұрмыс-тіршілігі әлдене бастады. Дейтұрғанмен де, еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғай ауылдарда мәселе әлі де баршылық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек» деп қадап айтқан болатын. Жеті басымдықтан тұратын Жолдаудың әр жолындағы жүктелген ауқымды жүктің салмағын жанымен сезінген «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының директоры Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл тағдыры-ұлт болашағы» атты бірлескен экспедицияның жұмыс жоспарымен еліміздегі ауыл-аймақтарды аралауда. Жолдау жүктеген міндеттердің ауыл арасында кеңінен насихатталып, еліміздің өзгерістерге бейім болуына үлес қосуға бет алған экспедиция біздің ауданға да ат басын бұрды.
Ел анасы әрі халық жанашыры Сәуле Мешітбайқызы, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың бастауымен ең алдымен М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебіне табан тіреді. Қонақтарды мектеп ауласынан күтіп алған аталған мектептің директоры Махаббат Султанова білім ошағында орын алып жатқан өзгерістермен таныстырды.
Көпке мәлім, «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» былтырдан бастап «Қазақстан халқына» қорымен және Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесе «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға, педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған. Осы тұста атап өтерлігі, бұл жобаға Мұқағали Мақатаев атындағы тірек мектебі де кірген екен. Аталған қор мектепті дамытуға жоба аясында 250 млн теңге қаражат бөліпті. Бұл қаражатқа сыныптар қайта жабдықталып, мектеп толықтай күрделі жөндеуден өтіпті. Берекелі бастама аясында физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыстану кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталып, интерактивті панельдер мен зертханалық жабдықтар орнатылған. STEM зертханасы мен робототехника кабинеті сынақтарға керекті шағын гидропоника зертханасымен, виртуалды шындық кабинеттерімен және басқа да түрлі құралмен, материалдармен жабдықталған. Информатика кабинеті заманауи технологияларға сәйкес толығымен жаңартылып, компьютерлік техникалар қойылыпты. Міне, осындай игілікті істің арқасында замануи жабдықталған мектептің ішкі көрінісімен таныстырған Махаббат Төлегенқызы аталған білім беру ұйымында білім алып жатқан оқушылар жаңашылдыққа бет бұрып, жаман әдеттерден арылып, түрлі іс-шараларға белсенді қатысып жатқандығын атап өтті.
Жаңашылдықтың бәрін көзбен көрген экспедицияның белді мүшесі Сәуле Мешітбайқызы кітапханаға бас сұғып, оқушылардың қай бағыттағы кітаптарға қызығушылығы барын сұрады. Сондай-ақ, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналында бәйге жарияланғанын, шығармашылыққа бейім оқушылар болса қатысуына мүмкіндік барын атап өтті. Кітапсүйер оқушылар өз кезегінде мектепке аты берілген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың рухты өлеңдерін жатқа айтып берді.
Мұнан кейін мектепке арнайы келген жұмысшы топ акт залында кездесу өткізді. Оған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әр пәннің педагогтері, сынып жетекшілер, 8-11 сынып оқушылары қатысты. Тәрбиелік мазмұндағы кездесудің шымылдығын аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы түріп, арнайы экспедицияның мүшесі Сәуле Мешітбайқызымен таныстырып, кездесудің мақсатын түсіндірді. Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы бүгінгі қоғамда белең алып жатқан түрлі келеңсіздіктердің барлығы смартфонның салдарынан орын алып жатқандығын, дамыған мемлекет – Жапония ұялы телефонды баяғыда қоқысқа тастағандығын алға тартып, қазіргі таңда білім саласында жүзеге асып жатқан жасанды интеллектіні жақсы жағынан жүзеге асырудың жолдарын айтты. Қатысушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға да тұщымды жауап берді. Мәселен, аталған мектептің білім алушысы білім ошағының ішкі көрінісі көз қуантатынын, материалдық базасы нығайып, жан-жақты білім алуға мүмкіндік туғызғанын атай отырып, мектептің сыртқы көрінісіне назар аударып, төңірегіне спорт алаңы мен басқа да қажетті дүниелер толықтырылса деген ниетін жеткізді. Бұл сұрақты назарына алған Сәуле Мешітбайқызы «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбековке осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуін тапсырды. Көпшіліктің ықыласын аударған келелі кездесуде мектеп президенті сөз алып, алдағы уақытта республикалық «Мөлдір бұлақ» журналына жазылуға уәде беріп, заманында Бауыржан Момышұлынан бата алған қайсар мінезді Сәуле Мешітбайқызынан бата сұрады. Қашанда ұрпақтың болашағы алаңдататын ел анасы шынайы пейілімен, бар ынтасымен ақ батасын берді. Төле би ауылында орналасқан мектептен шыққан соң жұмысшы топ шалғай орналасқан Еңбек ауылына бет алды.
Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев ауданнан шалғай орналасқан білім беру ұйымдарын, әсіресе шағын мектептерді де аралап, түйткілді мәселелерге назар аударуда. Жұмыс күнінің аяғына қарамастан ел жанашыры, халықтың үнін жоғарыға жеткізіп жүрген Сәуле Мешітбайқызын Еңбек ауылындағы Еңбек бастауыш мектебіне алып барды. Ауылдың жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтар ең алдымен 10 оқушысы бар бастауыш мектептің ауласын және ішін асықпай аралап, бағасын берді. Кезінде ауыл тұрғындарының өз еңбегімен соғылған, жағалай тал-дарақтармен көгалдандырылған, тазалыққа баса мән берілген бастауыш мектептің ахуалы көңіл қуантарлықтай.
Мектеп ұжымы және ауыл тұрғындарымен кездескенде Жайдар Саттарқұлұлы аталған мектепте 1 бала қалса да оқуға жағдай туғызуға атсалысатынын, осы ауылдан 15 шқ қашықтықтағы Мойынқұм мектебіне тасымалданып оқитын оқушыларды одан жақынырақ 6-7 шақырым жердегі Жиенбет негізгі мектебіне оқытуға ниеті бар екендігін жеткізді. Бұл ең алдымен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін, мемлекет тапсырмасы аясында заманауи тұрғыда соғылған 100 балаға шақталған Жиенбет негізгі мектебін орта мектепке ауыстыру қажеттігін атап өтті.
Ардагер ұстаз Несіпхан Қоңырбаев ауылдың демографиялық ахуалы төмендігін тілге тиек ете отырып, ауылдың инфрақұрылымдық жағдайы жақсы екендігін, осы ауылға қандас бауырларды орналастырып, бала санын көбейту ұсынысын жеткізді.
«Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауда жүктеген тапсырмасына айрықша мән беретін Сәуле Мешітбайқызы бұл мәселеге де Болатхан Кемелханұлының назарын аударып, бұл мәселе аудан әкімдігі шеңберінде шешілу қажеттігін алға тартты.
Ауыл тұрғындары тарапынан айтылған базыналарды мұқият тыңдаған ел анасы Сәуле Мешітбайқызы шалғай ауылдардың тағдыры алаңдататынын, егер айтылған уәж оң шешімін таппаса, бұл іске өзі кірісетіндігін, осы мәселелерді жоғары билікке жеткізетінін айтты.
Еңбекті бәрінен биік қойған Еңбек ауылының адамдарымен емен-жарқын әңгіме өрбітіп, ауыл ақсақалының батасын алғаннан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының директоры Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков Жиенбет ауылындағы Жиенбет негізгі мектебіне сапар бағытын бұрды.
Сонау елордадан ат терлетіп келген қонақтар мен ауданның атқамінерлерін алдынан қарсы алған мектеп директоры Ақсұңқар Сейпишева мемлекеттің қолдауымен тұрғызылған заманауи мектеп ғимаратында оқушыларға жасалған жағдайларға баса назар аудартып, тіпті 2 қабатты болса да лифт қарастырылғанын, болашақта инклюзивті білім алатын білім алушыларға да мүмкіндік жасалғанын, әр кабинет заманауи тұрғыда жасақталғанын таныстырып өтті.
Осы тұста аудандық білім бөлімінің басшысы бүгінгі таңда 71 оқушы білім алатын мектептің мүмкіншілігін кеңейтіп, ауылдың педагогикалық білімі бар азаматтарын жұмыспен қамту мақсатында негізгі мектептегі бала санын 100-ге жеткізу бастамасын атап өтті. Бұл мәселені іргелес жатқан Еңбек ауылындағы білім алушы оқушыларды тасымалдау арқылы жүзеге асыруға болатынын айтты.
Мектепті толық аралап болған соң аталған жұмысшы топ «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында» ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы және оқушылармен кездесу өткізді. Экспедицияның негізгі бағыты білім саласына бағытталғанын атап өткен Сәуле Мешітбайқызы тәрбие ісінде ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне, білім сапасын арттыруда озық технологияларды қолдануға, оқушылардың арасында өршіп тұрған бұзақылықтарды жоюға, олардың бос уақыты тиімді ұйымдастырылуына бағыт-бағдар нұсқады.
Оқу жылы басталғанда орын алған орны толмас оқыс оқиға кезінде байыз тауып отыра алмай, ауданға бірінші болып келген Сәуле Мешітбайқызы жасөспірімнің өлімі жүрегін қайыстырғанын қынжыла жеткізді. Дәл осындай өзекті өртейтін, өкінішке орандырған оқиға қоғамның дерті екендігін ашына айтты. Осы мәселелердің барлығында мектеп пен отбасы ынтымақтаса, бірлесе жүріп іс қылса, нәтижесі болатынын да түсіндіріп берді.
Күлтөбенің басында күнде жиын өткізген бабаларымыз “келісіп пішкен тон келте болмайтынын” қадым замандардан-ақ аңғарған. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп бір мақсатқа, бір мүддеге тоқайласып, тірліктері бірліктің арқасында тындырылатын «Ауыл тағдыры-ұлт болашағы» экспедициясының Шу ауданындағы сапары осы мектеппен түйінделді. Ата қазығымыздан айнымай, бұл күндері де сол сара жолды жалғап, кез келген істі жабыла, жұмыла шешіп жүрген атқамінерлердің аяқ алысы жаман емес. Қашанда бірлігі мықты елді дау да, жау да ала алмайтыны ақиқат. Дамудың даңғыл жолына түскен қай мемлекетті алсаңыз да әрқашан өзгеріс үстінде, жаңару, жаңғыру жолында адымдап басып келеді. Біз де адымдап баспасақ та алшаң басып, өз негізімізден ажырамай, өзгеріске бет бұра білсек, ұтарымыз көп. Дамудың жаңа табалдырығына беттеген жасампаз ел ретінде әлем назарын өзіне аударып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміз “Жаңа Қазақстанды” құру жолында осындай көштің қадамын ұзақ қылуы тиіс. Біздің өңірдегі хал-ахуалға қанық болған экпедицияның сапары іргелес жатқан Мойынқұм ауданына қарай жол тартып кетті.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.