Ақпараттық портал

Жастарды жігерлендірген форум

Күні кеше ғана аудандық мәдениет үйінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан құрылған «Жас сайлаушылар клубының» алғашқы форумы өтті.
Форумның негізгі мақсаты – жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру және жас сайлаушылар арасында пікір алмасуға мүмкіндік беретін диалог алаңдарын қалыптастыру болып табылады.
Аталған форум Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен ашылды. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Пернеш Серікхан Қуатұлы форумды ашып беріп, сөз кезегі Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Сембеков Мейіржан Ермекбайұлына берілді. Ол жастарды белсенді болуға, ел болашағына үлес қосуға және өз таңдауын саналы түрде жасауға шақырды.
Жас сайлаушылардың сайлау мәдениетін арттырудың тиімді жолдарын айқындау негізінде өткізілген іс-шарада аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ошанов Азамат Серікұлы баяндама оқып, сайлау жүйесі бойынша қысқаша сипаттама беріп, жастар арасында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жастарды сайлау процесіне тәжірибелік зерттеуге тарту, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, сайлауға қатысу дағдылары мен патриоттық сананы дамыту бойынша ой бөлісті.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың жас депутаттарының бірі Cұлтанғазиев Мақсат Лесханұлы да баяндама жасап, өз өмірінің бір кезеңін жастарға үлгі ретінде тілге тиек етті. Депутат болып қалай сайланғанын, ішкі қорқыныш пен үрейін жеңу арқылы ешқандай қиындықтан тайсалмауды, алға қарай ұмтылуды үйренгенін жеткізді.
Бұған қоса, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры, аудандық мәслихат депутаты Шәймерден Мақсат Болатқұлұлы форумды жүргізіп, өзінің қатысуымен жастарға үлгі болатындығын көрсеткендей.
Ал, колледж студенттері Ибрагим Айбар мен Серік Жансейіттің орындауындағы «Елім деп соқсын жүрегің» атты патриоттық әні жастардың рухын оятты. Барлық әндер мен билер тек ұлтшылдық пен қайтпас қайсарлықты дәріптеу мақсатында аса талғампаздықпен таңдалғанын көрсетті.
Сонымен қатар баяндамашыларға көрермендер тарапынан «Сайлауға 18 жасқа толмаған жастардың қызығушылығы не үшін маңызды?», «Жастар сайлау процесі туралы дұрыс ақпаратты қайдан ала алады?», «Жас сайлаушылар клубы қандай рөл атқарады?» және «Ол клубқа қалай кіруге болады?» деген сұрақтар қойылып, толыққанды жауап берілді.
Тағы бір атап өтерлігі форумның айшықты тұсы мәдениет үйінің жас өнерпаздарының орындауында Керей мен Жәнібек сұлтандардың қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін қалап, «Керейді хан сайлау» қойылымын көрсетіп, тарихқа үңілу арқылы іс-шараны жандандыра түсті.
Жиын соңында жас сайлаушылар клубының жұмысын ұйымдастыру мен өткізу барысындағы жоғары белсенділік танытқаны үшін аудандағы орта білім беру ұйымдарының президенті және белсенді жастары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ, форумға қатысушылар арасында QR код арқылы сауалнама өткізіліп, алғашқы болып аяқтаған 10 адамға патриоттық рухты биік ұстасын деген мақсатта сый-сияпат көрсетіп, «Қазақстан» шоколадтары табысталды.
Мәні мен маңызы бөлек іс-шарада жастар естелікке суретке түсіп, мәдениет үйінің әншісі Әділбол Мұратбектің орындауында патриоттық «Қазақстаным» атты әні шырқалып, форумды от шашулармен аяқтады.

Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.