Ақпараттық портал

Көші-қон: мүмкіндікті мүлт жібермеңіз

Кешегі тарих беттерін парақтасақ, ел игілігі жолында етігімен су кешкен арыстарымыз “қайтсек тәуелсіздікке қол жеткіземіз, қайтсек ұлттығымызды сақтап қаламыз” деп жарғақ құлағы жастыққа тимей өтті. Ұлт мұраты жолындағы мүдделеріне жетіп, егемендігімізді алдық. Ал, азаттыққа қол жеткізген күннен бастап атқамінерлеріміздің алдынан “қайтсек халқымыздың тұрмысын түзейміз, әл-ауқатын көтереміз” деген ұлы міндет кес-кестеп шығып келеді. Отыз жылдың ішінде біраз дүниеге қол жеткіздік, ел азаматтарының бүйірі шығып, қалтасы қампайды да.

Өз кезегінде жағдайын жақсартуға сеп болар мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп жүргендер де жетерлік. Соның ішінде көші-қон саясатын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орны бөлек. Ұлан-байтақ атырабы мен сәулеті келіскен қалалары бар қазақ жерінің облыстары бір-бірінен шалғай орналасқан. Содан болар, әр өңірдегі халық өсімі де, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да әр алуан. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы он жылдықта ішкі миграцияны терең зерттеп, жұмыс күші артық, халық өсімі қарқынды оңтүстік өңірлерден халықты солтүстікке көшіруді қолға алған болатын. Яғни, Алматы облысы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау аймақтары тұрғындарының біраз бөлігін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарына көшіруге шешім қабылданды.
Солтүстікке қоныс аударуға негізінен 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар келіседі. Себебі, осы жастағы азаматтардың көпшілігі белгілі бір салада білімін жетілдіргісі келеді, енді бірі жоғары біліміне сай маман болуды көздейді, енді бірі жеке кәсібін ашуды көздейді. Халық өте тығыз орналасқан Алматы, Астана, Шымкент секілді қалалар мен Оңтүстік өңірлерде қалаған жұмысына орналасу немесе жеке кәсібін дөңгелетіп әкету екінің біріне бұйыра бермейді. Керісінше, жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға білікті мамандар ауадай қажет. Сонымен қатар, солтүстік өңірлердегі ауылдық жерлерде бала саны аз балабақшалар мен мектептер де жетерлік.Еліміздегі әр облыс осы бағдарламаға сәйкес жоспар құрып, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізуде.
Осыған орай, ауданымызға солтүстік өңірден арнайы құрылған жұмысшы топ келді. Оның құрамында «Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Павлодар облысы бойынша еңбек мобильді орталығы» КММ-нің директоры Меруерт Есембаева, «Павлодар облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығы» КММ Успен ауданының Мансап орталығы филиалының директоры Серік Мақатаев, «Тереңкөл ауданының Кәсіпкерлік бастамаларды оқыту және қолдау бөлімінің бастығы Адилет Жангузинов, Аққулы ауданының қоныстандыру жөніндегі маманы Даулет Кунанбаев, Железин ауданының Мансап орталығының маманы Мадия Молдакельдинова бар.
Арнайы мамандар аталған бағдарламалар жұмыссыз жүрген адамдардың бәрін оңтүстіктен солтүстікке көшіруді мақсат етпейтінін, «Серпін» бағдарламасы аясында тапшы мамандықтарға оңтүстік өңірдің азаматтарын оқытып, жұмыспен қамтуды көздейтінін жеткізді. Негізгі бағыт оңтүстіктегі бос жұмыс күшін мамандықтарына сәйкес солтүстіктегі бос орындарға орналастыру. Мысалы, солтүстік өңірлерге мұғалімдер (орыс және орыс әдебиеті пәні мұғалімі, ағылшын тілі мұғалімі, математика, химия, физика мұғалімі, бастауыш сыныптың мұғалімдері), дәрігерлер (акушер, акушер-гинеколог, маммограф, маммолог, дәрігер-невропатолог, дәрігер-офтальмолог, тіс дәрігері, балалар дәрігері, терапевт, хирург, құлақ-мұрын, тамақ дәрігері, мейірбике), электрші, тракторшы, механизатор, нан пісіруші, құрылысшы, агроном, сатушы, мал дәрігері, көлік жүргізушісі, еден жуушы жетіспейді. Міне, бағдарлама аясында соңғы 4-5 жылда бос тұрған жұмыс орындары осындай мамандармен толықты.
Ең маңыздысы, қоныс аударушылар халық аз шоғырланған Солтүстік, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл-аймақтарын сақтап қалуға өз үлестерін қосуда. Нәтижесінде, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар саны жылдан жылға арта түсуде. Оңтүстіктен солтүстікке көш әлі де жалғаса бермек… Әрбір азаматтың орнықты жұмысы, баспанасы бар болса, бұл халық өсіміне де оң әсер ететіні анық. Еліміздегі демографиялық ахуалды, жұмыссыздық мәселесін ескере келе мемлекет тарапынан жасалған бұл мүмкіндіктен қапы қалмаңыздар.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.