Тәтті түбір терімі аяқталуға жақын
Халқымыздан “Жаздың бір күні – қыстың мың күні” деген даналық қалғаны әмбеге аян. Бұл сөздің салмағын кетпенін көтерген диқан, мал өргізген шопан жақсы түсінген. Сондықтан көктем мен жазда төгілген тердің өтеуін күзде көріп, оны суыққа ұрындырмай жинап алуды мақсат тұтқан.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ден қойылып, демеушілік жасалып отырған дақылдың бірі – қант қызылшасы. Бұрнағыда ата-апаларымыз тәтті түбірден тау тұрғызып, межелері үшін марапатталған еді. Ал бүгінде тұралап қалған бұл шаруа кейінгі жылдары қолдаудың арқасында аяққа тұрып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Ескі-Шу ауылдық округінде 800 гектардан аса ауыл шаруашылық жерлеріне қант қызылшасын өсіріп отырған “Qyzylsha Zher” ЖШС бүгінде жемісті жұмыс атқаруда. Серіктестіктің басшысы Алёна Лобанкованың айтуынша, былтыр 25000 тонна тәтті түбір жиналған. Бұл көрсеткіш биыл артығымен орындалып, алдағы уақытта арта түседі деп жоспарлануда. Себебі 27 жарым мың тонна қызылша 351 гектардың өнімі.
Биыл да жұмысқа ерекше қарқын қосқан кәсіпорын жиын-терін жұмыстарына қызу кірісіп жатыр. Ол күн сайын өнім артылған 20-дан аса жүк көліктерін көршілес Меркі ауданына жөнелтуде. Одан бұрын тәтті түбір тиелген көліктер электронды таразыда өлшеніп, тиісті құжаттарды қолына алады.
Қызылша алқабында 3 Holmer комбайны тынбай еңбек етуде. Сонымен қатар өздігінен жүретін Klein және 3 тіркемелі Amiti комбайны да науқан жұмысына қатысуда.
– Биылдың өніміне егілген 1030 гектар қант қызылшасы дақылының 20 гектары ауа райының қолайсыздығына байланысты есептен шығарылды. Оның 814-і “Qyzylsha Zher” ЖШС-не тиесілі.
Қыркүйек айының ортасынан бастап 1010 гектар қант қызылшасын жинау жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда 351 гектар өнім жиналып, түскен 27 458,6 тонна тәтті түбір Меркі қант зауытына өңдеуге өткізілуде. Олардың орташа өнімділігі 750 ц/гектарды құрайды. Сондай-ақ 1010 гектар қант қызылшасынан 63 900 тонна өнім алынады деп күтілуде,-дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков.
Жасыратыны жоқ, қант қызылшасын қабылдауда Меркі зауытының мүмкіндігі шектеулі болып отыр. Бұл мәселе шаруаларға оңай соқпайтыны да белгілі. Ең бастысы түйткілді тарқату жолдары мейлінше қарастырылуда. Бұл мәселеден ел үкіметі құлағдар екенін айта кеткен жөн.
Байжан Емберді.