Өмірі – өнеге, ісі – көпке үлгі болған ұстаз
Әл-Фараби: «Адамның басына қонған
бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез- құлыққа байланысты».
Нәмет Бәзілов – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздік қызметкері», 1959-1979 жылдары мектеп-интернат директоры, 1979-1985 жылдары М.Әуезов атындағы орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Ардагер ұстаз Шу ауданының сегізжылдық мектеп-интернатын 20 жылдан аса басқарған жылдарында өзін білімді, мәдениетті, сабырлы және өте зиялы басшы ретінде танытты. Нәмет ағайдың қол астында мектепте бала тәрбиешісі жұмысын атқардым. Ағайдың қызметтестеріне, оқушыларға ашуланғанын, қатты сөйлегенін көрген емеспін. Ол өте сыпайы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, тіпті киінгені де бізге үлгі-өнеге болды. Қанша ашуланса да, ашуға ерік бермей, байыпты сөйлеп, түсіндіріп, соңында ақыл-кеңесін айтатын. Үнемі қолындағы 96 парақтық қалың дәптерімен әр пән мұғалімінің сабағына қатысып, ол мұғалімге ақыл-кеңесін өз кәбинетінде айтатын. Сонша жыл ағайдың қол астында қызмет етіп жүріп педагогикалық кеңесте ешбір мұғалімнің кемшілігін, не басқа да жағдайларын айтқанын көрген емеспін. Әр ұстазбен жеке дара жұмыс істейтін. Әр дүйсенбі сайын ұстаздармен саяси сабақ жүргізетін. Соның арқасында біз де саяси сауатты болдық. Осы тәсілді өзіміз оқушылар арасында қолданып, дүйсенбі күндері оқушылармен саяси сабақ жүргізіп отырдық.
Ағайдың тұратын үйі интернаттың іргесінде болса да, ағай интернатқа қай мезгілде келсе де, ол ақ көйлек, қара костюм-шалбармен тап-таза болып келетін. Нақ осындай қасиетті ұстаздардан да талап етті. Біздің бар болмысымызға мән беріп, өз баласындай өнегелі тәлім-тәрбие берді. Өз пәні бойынша сабақ өткізгенде тақырыпты айналадағы өмірмен байланыстырып, қызықты етіп өткізетін және оқушыларға сол білімді өмірде қолдана білуді үйретті. Ағайдан білім алып, Кеңес Одағының әр аймағында, шет елде әскер қатарында болған оқушыларымыз географиядан алған терең білімдеріне риза болып, ағайға рахмет айтып, хат жазатын. Интернат алғаш ашылған жылдары өте білікті, жоғары білімді ұстаздар қызмет істеді. Сол ұстаздар біліктілігін жоғары деңгейге көтере отырып, басшылық қызметке ауысты. Осы кезде халық аузында Нәмет Бәзіловтың интернаты – «Қызметке көтерілу цехы» деп айтылып жүрді. Атап айтсақ, олар – Ермахан Қостүтінов, Сейтқазы Сариев, Тұрғынбек Сыдықов, Құрманәлі Баданов, Жапар Ақжігітов, Шауқан Иманбердиева, Рахат Әдікерімова.
Бала тәрбиесінде ол кісіде ұсақ-түйек болмайтын. Біліміне, тәлім-тәрбиесіне, киім киісіне, ең ақыры киімнің ілгіші мен түймесіне, аяқ киімнің бауына дейін мән беретін. Үш айда бір рет сол айларда туған балалардың туған күніне асханада мерекелік дастархан жайылып, асхана іші безендіріліп, туған күнді атап өтетін және әр оқушыға сыйлық әзірленетін. Сөйтіп, 9 айда 3 рет туған күн тойланатын. Оқу жылы басталысымен ағай өзі күнтізбеден даталы күндерді жазып алып, сынып жетекші мен тәрбиешілерге бөліп беретін. Әр жұма сайын бір тақырыпта кеш өтетін. Кешкі сағат онға дейін 2 мұғалім кезекші болушы еді, олар оқушыларды жатқызып кетуі керек. Іс-шара өткен күні кезекшіні кешкі сағат 10-да қайтарып, өзі қалып оқушыларға сағат 12-ге дейін билеуге рұқсат беретін. Оқушыларды өзі жатқызып қайтатын.
1959 жылдан 1979 жылға дейін интернаттың ең гүлденген шағы болды. Айнала алма бағы, бақша, гүл алаңы, стадион, интернат ауласын үнемі таза ұстадық. Жыл да өтетін аудандық 1-мамыр, 7-қараша күндері аталып өтетін мерекелерде әр сынып белгілі бір тақырып бойынша әзірлік жасап, соның нәтижесінде жылма-жыл №1 интернат аудан парадында бірінші болып өтуші едік. Парад кезінде Құлтай Шоратбаев басқарған оқушылардан құралған оркестрдің сүйемелдеуімен өтетінбіз. Орталықтағы парадтан қайтарда қалай бардық, солай қайтатынбыз. Стадионды екі мәрте айналып өткен соң, ағай әр сыныптың дайындығына баға беріп, мерекемен құттықтап, асханаға мерекелік асқа жіберетін. Тек ата-анасы келген оқушыны үйге босататынбыз.
Интернат тәрбиеленушілерінің бос кезі болмайтын, сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелер жұмыс істейтін. Әбдімомын Желдібаев, Жапар Ақжігітов қызмет істеген жылдары интернат оқушыларының көркем өнері биік денңейге жетті. Оқушыларымыз аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрді. Интернатта барлығы тегін, тек қана тарақ, бантик, бет орамал сияқты майда-шүйде зат керек болып, тәрбиеші ата-анаға ақша туралы айтпайтынбыз. Нәмет ағай ондайда: «10 тиын да бір, 10 сом да бір. Интернат ақша жинайды деген сөзге қаламыз. Сондықтан ата-анадан балаға керекті затты өздері сатып әкелуін талап етіңдер»,-деп айтатын.
Ағай әр жылда оқыған 650-700 баланың аты-жөнін түгел білетін. Ата-аналарымен де әңгімелесіп тұратын. Ата-аналар үшін ағай бір аңыз адамға айналғандай еді. Балаңыз қай мектепте оқып жүр десе, әр ата-ана №1 интернат демей, Нәмет Бәзіловтың интернатында деп айтушы еді.
Есімде өте қатты сақталған оқиға: оқушылар жаздық киіммен жүрген кез болатын. Күтпеген жерден қазан айының басында қар жауып кетті. Киім беретін кісіден әр сыныптың тәрбиешісі оқушысымен барып алатын. Ал тәрбиешілер болса, сағат бірде келетін. Ағай киім беретін кісіні үйінен шақырып, әр сыныптың оқушыларын сабақтан шақырып, күздік пальтоларын алып береді.
Нәмет ағай аудандық партиялық комиссияның мүшесі болды. Осындай қызмет барысына, жеке басының шаруасына интернаттың машинасын пайдаланбай, автобуспен, кейде жаяу барып келіп жататын. Жамбылға екі-үш күндік жиналысқа барса, бір күнде бітіріп келетін. Поездан түнде түссе де, әуелі интернатқа кіріп шығатын.
Нәмет ағай өнегелі ұстаз болумен қатар, өнегелі әке, өнегелі бауыр болды. Нұршатай жеңге екеуі 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, өсірді. Барлығы да жоғары білімді, өте тәрбиелі жандар. Ұжымда біреу той жасаса,басқа да жағдайда ақша жинау керек болса, ешкімді қалдырмай тізімді өзі жасап , ақша жинайтын адамға мұқият тапсыратын. «Ұят болмасын, біз елміз, жұртпыз, әжептәуір мектеп-интернат деген атымыз бар»,-деп айтатын.
Осы жақын арада интернаттың ең алғашқы оқушысы болған Абай ауылының жігітінің машинасымен Шуға бардым. Әлгі жігіт бір тынбастан Шуға жеткенше Нәмет ағай туралы, интернаттағы өмірін мақтанышпен айтып келді. Арада 55 жыл уақыт өтсе де, әлгі жігіттің санасында Нәмет ағайдың жарқын бейнесі сақталған. Иә, сегіз жылдық мектеп-интернатта әр жылда 650-700 бала оқып, білім алып шығатын.
Қызметін адал атқарған, жаны жайсаң, көңілі кең, нағыз тәрбиелі, білімді де білікті, ақылды ұстаздың жарқын бейнесі қызметтес әрбір адамның, білім алған оқушылардың санасында мәңгі сақталады. Чехтың ұлы педагогі Ян Амос Каменский: «Ұстаздық күн астындағы ең керемет мамандық» деген. Бұл сөз осы Нәмет ағайға лайықты сөз болса керек.
Орынбала Бақтыбекова,
Кеңес Одағының батыры –
Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің ардагер ұстазы.