Тәрбиені талқылаған тағылымды кездесу
Дамыған елдердің қатарынан табылуды көздеген мемлекет білім қуып, ғылымға ден қойып, өнертапқыштықпен айналысатыны әмбеге белгілі. Алайда, көштен қалмайық деп ақпараттық майданның бел ортасынан табылып, еліктеушілікке бой алдырғанымыздан ба, әйтеуір тәрбиенің ақсап тұрғаны жасырын емес. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, небір сұмдықты көріп, қарның ашады, қарның ашса мейлі ғой, жағаұстатарлық, жантүршігерлік оқиғалар азаймай тұр.
Елдің болашағы деген жастарымыз елдігімізді қалауға еңбегі сіңген ерен тұлғаларымызды қорлап, одан қалса қазақ қазаққа қасақана қылмыс жасап, айдың, күннің аманында пышақ кезеп жатқаны жанға батады. Біз қазақ деген текті халық едік, қашаннан қандықолға айналып үлгердік?!
Тәрбиені қалай қолға алсақ деп елдің талай алдыңғы толқын буыны жарғақ құлағы жастыққа тимей, жолдарын қарастыруда. Аға буын мен кіші буынның арасындағы байланыс үзіліп кеткендей. Бұрынғы тарихқа үңілсек, жастарымыз үлкендердің батасын алып, ақылына жүгініп, сол арқылы халыққа қызмет етті.
Тәрбиенің негізгі жолы дара жолы бар даналардың бағыт-бағдарымен жүру екендігін ұғынған Оқу-ағарту министрлігі мектептерде “Даналық мектебін” құру арқылы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне үлкендердің атсалысуын жөн деп таныды. Соның арқасында барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы құрылды. Әйтсе де осы орталыққа барлық ата-ананы тартып, тәрбие жұмыстарын бір кісідей үйлестіру әлі де мүмкін болмай жатыр. Қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалар бала, ата-ана, мектеп арасындағы байланысты күшейту қажеттігін айғақтап отыр.
Осыған орай, Төле би атындағы орта мектептің академик Клара Бұзаубақова атындағы кіші академия кабинетінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында “Тәрбие өзегін халықтық педагогикамен ұштастыру” атты кездесу өтті.
Кездесуге Шу ауданының білім бөлімінің басшысы Тұрар Дурманов, аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина, білім бөлімінің әдіскері әрі осы жолдардың авторы, “Ұлағат отауы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжаһан Кәрібайқызы, бірлестіктің мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының жұмыстарын үйлестіру тетіктерін қарастыру, «Даналық мектебі», «Қыз Жібек» клубының жұмысын жандандыру үшін жобалар ұсыну, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасындағы негізгі үш тағанға жауапты үштікті бекіту мәселелері қаралды.
Білім мен тәрбие саласында мол тәжірибесі бар ардагер ұстаздар “Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында” ата-анамен тығыз жұмыс жүргізу, бала тәрбиесіне жауапты екендігін ұғындыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты.
Сондай-ақ, тұлғатану бағытында тағылымдық жұмыстарды үйлестіріп, белгілі тұлғаларды дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты шығармашылыққа баулу қажеттігін алға тартты.
Тәрбие – тал бесіктен деп халқымыз текке айтпаған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек деген әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидың даналық сөзі тағы бар. Тәрбиені қолға алсақ, әдіс-тәсілдер жетерлік, өскелең ұрпақтың өн бойына өнеге дарытар өсиет сөздеріміз де баршылық. Мектеп қабырғасында тәрбиені өзектендіретін түрлі жобаларды жасап, ұлы тұлғаларымыздың мәні мен мағынасы зор өсиеттерін жоспарға бекітіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлт ұрпақтарының өн бойына дарытар кез келді. “Күлтөбенің басында күн де жиын” өткізетін уақыт енді туғандай. Алдағы уақытта алдыңғы толқынның қатысуымен тұрақты түрде шаралар өткізіп, нәтижесін ел болып көрейік!
Айғаным Асқарбек.