Ақпараттық портал

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Бәзілов Нәмет жайында сыр шертеді

* 1924 жылғы 23 қараша күні Жамбыл облысы, Красногор ауданындағы Ворошиловка ауылында дүниеге келген. Ата-анасы шаруа адамдары болған.
* Сол ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіріп, еңбек жолын 1941 жылғы маусым айында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.
* 1942 жылғы қыркүйек айында, яғни сұрапыл соғыстың өрті лаулап тұрғанда Кеңес әскерінің қатарына қабылданады. Жауынгерлік борышын №42546 әскери бөлімінде өтейді. Аты аңызға айналған Сталинград майданына қатысады.
* 1941-1945 жылдардағы Отан соғысында Ұлы Жеңіс күнін Батыс Украина жерінде қарсы алады. Жеңістен кейін жауынгерлік жолын сол кездегі НКВД органдарының Львов қаласындағы бөлімінде жалғастырып, 1950 жылдың наурыз айында елге оралады.
* 1946 жылғы ақпан айында Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының құрамына мүше болып қабылданады.
* 1950 жылғы маусым айынан қараша айына дейін өзі туып-өскен ауылындағы Ворошилов атындағы орталау мектепте мұғалім болады.
* Бұдан кейін Красногор аудандық партия комитетіне хатшының көмекшісі қызметіне шақырылады.
* 1951 жылдың маусым айынан 1955 жылдың тамыз айына дейін Қаратау тау-кен комбинаты партия комитеті жанындағы Шолақтау елді мекеніндегі партиялық кабинеттің меңгерушісі қызметін атқарады.
* 1952-1957 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының жағырафия факультетін сырттай оқып, тәмамдайды. Жоғары білім алып, мұғалім мамандығын меңгереді.
* 1955 жылдың тамыз айында Шу аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады.
* 1959 жылғы маусым айында аудан орталығы – Новотроицк (Төле би) ауылында пайдалануға берілген жетім және шалғайдағы малшы қауымның балалары дәріс алатын сегізжылдық мектеп-интернаттың бірінші директоры болып тағайындалады және оны үздіксіз жиырма жыл қатарынан білікті басқарады.
* 1979 жылдың тамыз айынан Төле би ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепке ауысып, өмірінің соңына дейін директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарады.
* Елге сіңірген еселі еңбегі үшін бір топ жауынгерлік наградалармен қатар, «Еңбек Қызыл Ту» орденін тағып, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атағын иеленеді. Шу аудандық партия комитетінің мүшелігіне және халық депутаттары Шу аудандық кеңесіне бірнеше рет депутат болып сайланады.
* Еліне елеулі, халқына қалаулы болған атпал азамат Нәмет Бәзілов 1985 жылдың 4-қаңтарында қайтыс болады. Зайыбы Нұржәмила екеуі төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп, өсіреді. Бұл күндері немерелерінің алды халқына қызмет етуде.
* «Ер есімі – ел есінде»-дегендей, Нәмет Бәзілдің жарқын бейнесі көзден таса болса да, көңілден кеткен емес. Өйткені, көркі мен келбеті келіскен Төле би ауылының бір көшесі Нәмет Бәзіловтің есімімен аталады. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаз баянды басшылық жасаған бұрынғы мектеп-нинтернатқа оның туған құдасы, Кеңес Одағының батыры – Сәду Шәкіровтың есімінің берілуі де бір жарасымдықтың жалғасы іспетті. Ержүрек Сәду ағаның мүсіні көзге түскен сайын, оның туған құдасы Нәмет аға көңілге орала береді. Екі тұлға бір-бірін толықтыра түскен тәрізді.

Асқар Бәзіл,
ұлы.
Төле би ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.