Ақпараттық портал

Алғыс арқалаған

Киелі де қасиетті Шу жеріне елді аузына қаратқан шешен, қара қылды қақ жарған әділ би, суырып салма ақын, жезтаңдай әнші, Отан үшін от кешкен қаншама батырлардың кіндік қаны тамды десеңізші?! Соның бірі осы өңірде дүниеге келіп, өзінің саналы өмірін еліне адал қызмет етуге арнаған ағаның ел басына күн туған сұрапыл жылдарда қолына қару алып, оқ пен оттың ортасында жүріп те әскери соқпақта айтарлықтай із қалдырғаны еді. Біз сөз еткелі отырған адам Шу өңірінің тумасы, сабырлы да салмақты, байсалды да байыпты,
аса парасатты ел ағасы бола білген
Батырбеков Төрехан есімді азамат.

Өз қатарынан озық туған асыл қасиетті, дара сипатты аяулы ағамыз Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылады. Анасының қолқанаты болып, шаруашылыққа ерте араласады. Бала кезінен зерек, қолға алған ісін тыңғылықты орындап дағдыланған Төрехан ағамыз 1942 жылы Ош облысы, Көкжаңғақ орта мектебін ойдағыдай аяқтап шығады. Жастық шағы аласапыран заманмен тұстас келіп, белі қатып, қабырғасы бекімеген бозбала бейнетті белшесінен кешіп жүріп, қайыспастан көтере біледі. Ерте есейген балаң жігіт қолына қару алып, ел қорғауға 1943 жылы аттанады. Ағамыздың азаматтық тұлға ретіндегі бітім болмысының танылғандығы осы әскери саптағы өміріне байланысты болды. Майданға аттанған екеудің біреуіне жат жерден топырақ бұйырған сұрапыл жылдардың 1943-1945 аралығын Севастопольде өткізеді. Севастополь авиациялық 15-ші гвардиялық полкінің аға авиамеханигі болады. Жойқын жорықтарға аттанатын әскери ұшақтардың Еуропаны фашизмнен азат етуіне өз үлесін қосады. Жастайынан жұмыстың қандай түрінен де бас тартып көрмеген қайсар ұл майданда да аянып қалмайды. Бар күш-жігерін жауды жоюға жұмсайды. Отан үшін отқа түсуге даяр жалынды жас ер қайсарлығымен ерекшеленіп, бас старшина шеніне көтеріледі. Отан қорғау жолындағы ерлігі мен табандылығы үшін 1944 жылы «Жауынгерлік қызметі үшін» («За боевые заслуги»), 1946 жылы «Германияны азат еткені үшін» («За победу над Германией») және басқа 15 шақты әскери марапаттаулар мен медальдарды иеленеді. Гитлершілдерден қасиетті жерімізді азат ету жолындағы күресте өз халқына берілгендігі мен патриотизмін паш етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан ағамыз 1951 жылы аман-есен еліне оралады. Халқымызда «Өткеннің бағасын білу – бүгінгіге парыз» деген ұлағатты сөз бар. Шу топырағы – киелі топырақ. Яғни, осы киелі өңір Төрехан аға үшін еңбек майданының кенішіне айналды. Аға үшін бейбіт кезеңде де ерлік дәстүрі жалғаса берді.
Соғыстан кейін 1951-1957 жылдары су шаруашылығының инспекторы, 1957-1964 жылдары аудандық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасады. 1969 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, ширек ғасырдай аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болды және өмірінің соңына дейін Шу аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып еңбек етті. Аудандық партия комитетінің мүшелігіне 5 рет, аудандық кеңестің депутаттығына 12 рет сайланды.
Елдің ері, ерен тұлғасы, ауданымыздың зиялысы, кішілігі мен азаматтығы бөлек жаралған абзал жанға Шу аудандық партия комитетінің шешімімен 1987 жылы «Құрметті зейнеткер» атағы берілді. Бойындағы асыл қасиетімен, биязы мінезімен кімге болса да үлгі бола білген Төрехан аға майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі адал еңбегін ұштастыру арқылы «Азамат» деген атын әркез биіктен көрсетті. Бейбіт күн орнаған соң, елінің өркендеуіне, ауылының гүлденуіне бір кісідей үлес қосқан құрметті азаматтың есімін 1998 жылы Шу ауданының ономастикалық бөлімінің шешімімен бұрынғы Строительный көшесіне беру ұйғарылды. Төрехан ағаның шаңырағы бүгінде үлкен әулеттің берекелі ордасына айналып отыр. Ағамыздың адал жары, отбасының қамқоршысы, шаңырақтың ұйытқысы Оңайкүл әжейдің тәлім-тәрбиесімен есейген ұл-қыздары бүгінде өмірден орындарын тауып, қоғамымыздың әр саласында адал еңбек етіп, ел ырысын асырып, берекесін көбейтуге үлестерін қосуда.
Сәт МӘЛІБЕК,
Ақсу ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.