Ақпараттық портал

Би өнерін асқақтатқан «Арнал»

Талант, талап, табандылық сынды үш қасиетті тоғыстырып, талмай еңбек еткен жан ғана таудай биікке талпынып, толағай табыстарға жететіні ақиқат. Тар жолға түскендей, тұйыққа тірелгендей болса да табысқа тірнектеп жетіп, талай қиындықтарға төтеп беріп, тер төге жүріп жеткен жетістіктің ғұмыры қашан да ұзақ әрі ұлық. Даңғыл жолда дарынымен өзгелерден даралана білген адам ғана тұлға деген тұғырға көтеріліп, абырой-атаққа кенеле бермек. Міне, сондай жандардың бірі ретінде Шу ауданының абыройын шартарапқа таратып, даңқын асырып жүрген “Арнал” би студиясының негізін қалаушы Айнұр Мәлікті атап өтуге болады.

Біздің ауданға атбасын бұрғалы табаны күректей төрт жылдан аса уақыт өткелі тани түскен талантты жанның өрлеуі, өсуі, өркендеуі көз алдымызда. Қайтпас қайсар мінезімен тәнті етіп жүрген қазақ қыздарын көргенде қыс аяғы қырға шығатын бәйшешек гүлі көз алдыма елес береді де тұрады. Өзі үзілейін деп тұрса да, нәзіктіктің символы бола тұра көк мұзды жарып шыққан бәйшешектің аязды күнге қарамастан көзге танадай ұруы шынайы талант иелерінің қалпына ұқсайтындай.
Мемлекеттің қолдауы арқасында “Damu bala” бағдарламасы арқылы ауданымыздың биші қыздарын алға жетелеп жүрген Айнұр Мәлік күні кеше ғана аудандық мәдениет үйінде 3 жылдық есеп беру концертін өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, Жамбыл облысы әкімідігі білім басқармасының психологиялық қолдау орталығының әдіскері Гүлзира Дәрібаева, Шу қаласы әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асел Жазықбаева, аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері Ернұр Қарықболұлы, Талдықорған қаласының «Шалқыма би» ансамблінің көркемдік жетекшісі Айсұлу Ясынқызы және өнер десе ішкен асын жерге қоятын қонақтар қатысты.
Тәжірибелі бишінің қоржынында қазақтың болмысын, тұрмыс-салтын бейнелейтін ұлттық билеріміздің баршылығын аңғардық. Оған кештің әрін кіргізген “Тұлпар”, “Кесе”, “Қаражорға”, “Үкілі қыз”, “Қамажай”, “Сылқылдақ”, “Ерке сылқым” сынды билер дәлел бола алады. Аталған билердің барлығы Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Өзбекстан, Түркия елдерінен жүлделі орын алып келгенін де атап өткен жоқ. Сондай-ақ “Әке махаббаты” деп аталатын қыздары мен әкелерінің биі көпті елжіретіп, жүрекке жылулық сыйлады. “Әркімнің ең шыққан биігі – әкесінің иығы” демекші, қыз баласының әкенің мейірімін, аялы алақанын көріп өсуі керектігін дәлелдеген бұл би көпке ой салды.
Жоғары деңгейде өткен кеште халықаралық байқаулардың ұйымдастырушысы, «Құрмет» төсбелгісінің иегері Оңалбай Ляззат Әлімханқызының ресми өкілі, педагог-психолог, “Zhuldyz Art Kazakhstan” халықаралық байқауларының ұйымдастыру көмитетінің мүшесі Чабанова Райса Жайсанбекққызы санаулы күндер бұрын ғана еліміздің мәртебесін Түркия мемлекетінде асқақтатқан оқушыларға төсбелгі тақты. Өнерді өз деңгейіне көтеріп жүрген Айнұр Мәлікқызы да есеп беру кешіне қатысқан өнерпаздарды, оларға қолдау көрсеткен ата-аналарын марапаттап, сый-сияпаттың мақтауға тұрарлық үлгісін көрсетті.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.