Ақпараттық портал

Аудан мәдениетін асқақтатқан азамат

Тарих парақтарына зер салсақ,
Шу өңірі елімізге танымал өнер мен мәдениет майталмандарының туып-өскен өңірі болғандығын аңғарамыз. Санамалап кетсек, Бармақ, Сауытбек, Жидебай, Орақбай ақындар сынды есімі бар қазаққа белгілі өнер иелері жетіп артылады. Солардың ізін жалғаған кейінгі буын өкілдері туралы да газетіміздің бетінде жылдар легінде көптеген мақалалардың жарияланғаны мәлім. Соның ішінде біз сөз еткелі отырған Ерік Мәтхалықұлы да шоқтығы биік азаматтардың бірі. Ол көзі тірісінде өнер сахнасының сәні болып, ерекше табиғи даусымен талайды тамсандырып қана қоймай, отбасылық ансамбль құрып, жалпы аудан мәдениетін көтеруге өлшеусіз үлес қосты.

Ерік Мәтхалықұлы 1949 жылы Шу ауданы, бұрынғы Көкбастау, қазіргі Бөлтірік ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Балуан Шолақ ауылындағы орта мектепті тәмамдап, Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің аспаптар бөлімін 1969 жылы аяқтаған. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң, еңбек жолын 1971 жылы Көктөбе ауылындағы Жамбыл халық театрының әртісі және әншісі болып бастайды. 1975 жылы Новотроицкі совхозында көркемөнерпаздар үйірмесін басқарған ол үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүріп, 1986 жылы ауданда бірінші рет отбасылық ансамбль құрып, уақыт ағымында көптеген байқаулар мен мәдени іс-шаралардың ортасынан табылады. 1989 жылы «Қазақстан» телеарнасынан өзінің үлкен концертін беруі оның өзіндік шығармашылық жетістігі деп айтуға болады. Сонымен қатар, «Шу еркесі» оркестрінің белді әнші-домбырашысы, «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінің іргетасын қалаушылардың бірі болған Ерік Мәтхалықұлы ұстаздық жолда да талмай еңбек етіп, ауданымыздағы бірнеше мектепте ән сабағының мұғалімі ретінде талай шәкіртті тәрбиеледі. «Шу» халық театры шығармашылығында басты рөлдерді сомдаушы болғандығын да айта кеткен жөн.
Түсінген жанға “Ерді кебенек ішінде таны” деген сөздің салмағы ауыр. Ерік ағамыздың өткен өмір жолына қарап отырып, оның өнерлі ұядан ұшқан талантты жан екендігін байқауға болады. Өйткені, әкесі Мәтхалық таңдайына тәтті үн ұялаған, жастайынан әншілік қырынан көрінген, табандылығының арқасында жиырма үш жасында Мәскеудегі консерваторияда музыкалық білім беру курсынан дәріс алған ерек тұлға болған. Оған қоса, өнер ауылынан алыс болмаған анасы Айханыспен қатар жүріп, Ұлы Отан соғысына дейін Алматыдағы “Қазақконцерт” пен опера театрының әншілері болғаны тарихтан белгілі. “Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын” демекші, жігітке тән өнердің биігінен көрінген Мәтхалық ағамыздың талантына бас иген Нұрғиса Тілендиев заты бөлек азаматты арнайы іздеп келгені де ел аузында. Сыйлы қонағына жалғыз атын союға әзір Мәтхалық атамыз Нұрғиса Тілендиевпен шынайы сыйласқан екен. «Талантты талант таниды» деген сөз осындайда еріксіз еске түседі. Өйткені, қос азаматтың дәм-тұзы жарасқан күннің бірінде балауса бозбала Еріктің әуелете ән салғанын көрген Нұрғиса атамыз риза болып, батасын берген. Баталы сөз бойына дарыған өнер тарланы сол кезден-ақ топты жарған.
Өнерін шыңдау жолына түскен Ерік ағамыз өмірлік жары Асылхан апамызды Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесінде жүргенде жақыннан танып, жүректері бір арнаға тоғысады. Өнерлі отбасы 1986 жылы ауданда алғаш рет отбасылық ансамбль құрып, талайларды талантымен тәнті етеді.
Өмірден өтіп кетсе де, көзі тірісінде осындай ізгі қасиеттерімен танылған өнер иесін жергілікті басшылық өкілдері де назардан тыс қалдырмай, мәдениет пен өнер саласының майталманы ретінде әр жыл сайын еске алу кештерін ұйымдастырып тұрады. Есімі аталған өнер иесі тірі болса 28-қазанда 75 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, абзал азаматтың жарық дүниемен қош айтысқанына жеті жылдан астам уақыт өтті. Алайда, жерлесіміздің адамдық болмысын, еңбек жолындағы жарқын іздерін өзінің замандастары да тек жақсы ойлармен, терең толғаныспен, тебірене еске алады. Мысалы, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің, «Ұлт қайраткері» төсбелгісінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев өзінің тірі кезінде Е.Мәтхалықовты адалдық, әділдік сынды адами қасиеттердің иесі, өмірдегі келеңсіз жәйттерді өнерімен жеңетін жан екендігін, маман ретінде оның дауыс ерекшелігін жоғары бағалайтындығын айтып кеткен.

Сол секілді біз Ерік Мәтхалықұлы туралы өзінің өзге де
замандастары, әріптестері жеткізген естеліктерді оқырман назарына ұсынып, көппен бөлісуді
жөн санадық:
Екі иығына екі кісі мінгендей, кең жауырынды, жазық маңдайлы бөлек біткен табиғи болмысына қарап, Ерік Мәтхалықовты «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат екендігін байқауға болады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Жамбыл атындағы ұжымшардың халық театры қазақ драмасының туын биікке көтеріп тұрды. Атағы алысқа тарап, абыройы арта түсті. Оның көрермендерге тарту еткен қойылымын көргендер де, көрмегендер де арманда болды. Дипломдық жұмысымды жаза жүріп, осы театрға уақытша жұмысқа қабылдандым. Театрдың негізгі актерлерінің бірі әрі әнші Ерік Мәтхалықовты осы кезден бастап, жақсы тани бастадым. Әншілігі бір әлем. Сырнайшылығы айтылмаған бір сыр. Ақкөңілділігі алдына жан салдырмайды. Достыққа адал, әріптестеріне қадірлі, ұстаздығы ұлағатты, бар бақыты мен қуанышын ұлттық өнерден тапқан жан. Ал, мәдениет үйі оның екінші үйі іспетті. Екеуміздің сұхбаттасқан және сырласқан сәттеріміз де көп болды.
Жетекшілік қызметтің тізгінін ұстаған Ерік сырнайда, асыл жары Асылхан бас домбырада, үлкен ұлы Нұржан домбырада, қызы Айнұр примада, кейінгі ұлдары Дарын сылдырмақта, Ерлан дауылпазда, Дәурен тайтұяқта ойнады. Айтуға ғана жеңіл осы ансамбльдің тағлымы мол тәрбиесі туралы әңгіме өз алдына бөлек.
Аудандық Мәдениет үйінің «отымен кіріп, күлімен шыққан» Ерекең жерлестеріміздің жігерін тасытқан, көрермендердің көңілін көкке көтерген «Шу еркесі» оркестрінің домбырашысы әрі әншісі бола жүріп зор құрметке бөленді. Сондай-ақ, фольклорлық ансамбльдің мерейін арттырып, баянда ойнады. Тәуелсіздік таңындағы кезекті бір Наурыз мейрамында Қыдыр ата образын Ерекең алғашқы актер болып сомдады. Түр-түсіне қарасаң да, жүріс-тұрысын сынасаң да, айтқан сөздерін таразыласаң да Қыдыр атаның нақ өзі киелі Шу өңіріне құтты қадам басып, келе қалғандай көрінді. Көрерменнің көңілінен шығу жай бір шаруа емес. Бұл да болса тума дарынның талай жылғы кәсіби шеберлігін шыңдай білуінің бір жарқын көрінісі. Әртүрлі спектакльдерде қарттардың, батырлардың рөлдерін сәтті шығара білген Ерекең сахнада табаны күректей қырық жыл тер төкті.
Ахметжан Қосақов,
Шу ауданының Құрметті азаматы,
ардагер журналист,
Журналистер одағының мүшесі.
***
Шу өнерінің аспанында темір қазықтай мызғымайтын тұлғалардың бірі – Ерік Мәтхалықов десек, асыра айтпаспыз деп ойлаймын. Ерекең көзі тірісінде қазақ өнерінің саңлақтарынан өз бағасын алған өнерпаз. Дәлеліміз де жоқ емес. Ерекеңнің ата-анасы ілгеріде әйгілі Нұрғиса Тілендиевпен тонның ішкі бауындай жақын араласқан кісілер. Бірде қонаққа келген Нұрекең балауса бозбаланың асқақ дауысын естіп, риза болғаны сонша қасына шақырып, арқасынан қағып тұрып, батасын берген екен. Періштелер «әумин» деді ме жастайынан өнерге әуес болып өскен Ерік өсе келе ауыл-аймағын әсем әнге бөлеп, отырған жерін жыр-думанға айналдыратын нағыз өнерпаздың өзі болады.
Аудан, облыс көлеміндегі байқауларда топ жарып, жеңімпаз атанған оның есімі шет аймақтарға, тіпті, көршілес қырғыз еліне де жайылған. 1986 жылдан бастап Еріктің отбасылық ансамблі жұртшылыққа танымал болған еді. Иә, өмірін әнге айналдырған өнерпазды туған халқы, қатар жүрген дос-жарандары ұмытпайды. Бастары қосылса, тіршілігінде айтқан әзіл-қалжыңдарын еске алып отырады.
Әуесхан Келгенбаев,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
***
«Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінде кең дауысты, үні таза, репертауары бай әрі үлгілі әнші болған Ерік Мәтхалықұлының өнер жолындағы еңбегін жоғары бағалаймын. Ол көбіне Әсет Найманбайдың әндерін орындайтын. Соның ішінде «Інжу-маржан» әнін нақышына келтіріп айтушы еді. Содан болар, мен ол кісіні «Інжу-маржан» деп еркелетіп атайтынды шығардым. Оның репертуарында дәстүрлі әндер басым болды. Әсіресе, «Елім менің» әнін орындауы ерекше болатын. Аталған халықтық ән-би ансамблінің белді мүшесі домбырада, сырнайда, тағы басқа аспаптарда ойнай білді. Оның өнердегі болмысы өзінен кейінгілерге үлгі болып қала береді деп білемін.
А.Е.Өскентаев,
ҚР Мәдениет қайраткері,
зейнеткер.
***
Ерекең екеуміз бір ауылда туып өстік. Балалық шақты бірге өткізіп, Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бірге бітірдік. Оқу бітірген соң Жамбыл атындағы ұжымшардың халық театрында еңбек еттік.
Бірде Шымкенттің Шәуілдір ауданында гастрольдік сапарда жүрміз, Ерекең администратор, яғни ауылдарға алдын ала барып, клубтың жағдайын зерделеп және әртістерге концерттен кейінгі жатын орын дайындайды әрі музыкалық жетекші. Темірлан ауылынан 30-40 шақырым жердегі бөлімшеге кеткен болатын. Түс ауа «сендерді бүгін ет пен шәйға тойдыратын болдым. Бөлімше бригадирінің үйіне түсетін болдық» деді. Өзі бригадирмен алдын-ала танысып алған екен. Жұмыстан шаршап келген бе, бригадир ағай бізді көңілсіз қарсы алды. Тым-тырыс, үнсіз отырмыз. Ерекең ұзақ үнсіздікке шыдамаған болса керек, «Аға, қарап отырғанша мен сізге қыздар мен жігіттерді таныстырып отырайын» деді де шетінен таныстыра бастады. Жағалап маған келгенде «Бұл жігіт театрымыздың режисері Сағынышбек Шомаев. Фамилиясы кімге ұқсайтынын білдіңіз бе, руы Ысты, Қонаев атаның ағайындас інісі»-деп қойып қалды. Содан біз түскен үй иелеріне де, көпшілікке де жан бітті. Қой сойылды, шәй қайнады. Сөйтіп, Ерекеңнің арқасында ет пен шәйға тойып аттандық. Кейін «Қонаев, Шомаев бір туған» деп күліп еске алатын болдық. Ерекеңнің осындай тапқырлығы да бар еді.
Сағынышбек Шомаев,
ағайыны әрі өнердегі әріптесі.
***
Ерекең жаны жайсаң, ақкөңіл, үлкенмен де, кішімен де әзілі жарасатын жан. Т.Рысқұлов шипажайында демалып жатқан кезімізде ауылдың үлкен кісісін кездестіріп қалып, «мен сізге арнап ән салып берейін» деп кешкі серуен кезінде көпшіліктің арасынан суырылып, өзінің сыңғырлаған қоңыр даусымен ән салып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Бір-екі ән салғаннан кейін «Жеңгей, мен сіздің құрметіңізге Шу күндерін ұйымдастырамын-ау?»деп жұртты бір күлдіріп алды.
Бірде бастауыш сынып оқушысы «Ән атаны көрдіңіз бе? Маған домбыра үйреткен» деді. Мен: «ол қандай ән ата?» десем, маған қарап «дәу сақалды ән ата, бірақ домбырашы ата, жақсы тартады, мен үйренгім келеді сол атадан»-деді.
Мен «ән ағайды білемін, бірақ ән ата дегенді білмейді екенмін»,-деп күлімсіредім. «Қалпақ киіп жүретін ән ата» деп қарап тұр. Қоймасын біліп, «қазір келеді, күте тұр» дедім. Ерекеңе айтсам, оқушылар мені «Ән ата, ән ағай» деп атай береді деп, жауап берді. Ақкөңіл кейпінен ажырамай, оқушыларға сондай мейіріммен қарап, күліп қоюшы еді.
Есболат Алыпбаев,
С.Сейфуллин атындағы орта
мектеп директоры.
Шу қаласы.
***
Мен Ерік Мәтхалықовпен алғаш рет Әлтән Тойбаев деген жігіттің үйінде таныстым. Сол отырыстан кейін таныстығымыз отбасылық танысумен жалғасты. Түрлі мерекелерде отбасымызбен бірге болып жүрдік. Ерік өзі бауырмашыл болатын. Мені жезде, жұбайымды әпке дейтін. Мені жұмыста да, үйде де жезде деп атайтын.
1976 жылдың күзінде Новотройцкі кеңшарындағы кәсіподақ ұйымына төраға болып сайландым. Кейін екеуміздің жұмысымыз бірге болды. Ол клуб меңгерушісі, жұбайы Асылхан кітапханашы қызметін атқарды.
Ерік отбасылық кездесулерді өте қызықты өткізетін. Біз Есмахан Жиенбеков, Әлтән Тойбаев, Әбдісабыр Қыдырбаев, марқұм Әлдибай Сейпішов бәріміз әр мерекені бірге өткізіп, күліп-ойнап жүрдік. Ерік әр кеште бәрімізге ән салдырып, кешті қызықты өткізуге ден қоятын.
Кеңшарда түрлі мәдени іс-шаралар, әсіресе мерекелік шаралар жоғары деңгейде өтетін.
Ерік Мәтхалықовтың басқаруымен көркемөнерпаздар байқауына жиі қатысып, онда жүлделі орындарға ие болып жүрдік. Бір қызығы, сондай байқаулардың бірінде біздің ұжым Далақайнар ауылымен таласып, бірінші орынды бірдей бөлісетін болды. Бұған Ерік келіспейтінін айтып, байқауды қайтадан өткізуді сұранды. Ауданның ұйымдастыру комиссиясы бұл ұсынысты қабыл алды. Екінші рет өткізген байқауға ауданның барлық басшылары түгел қатысты. Сөйтіп, әділқазылар алқасы шешім бойынша бірінші орынды Новотройцкі көркемөнерпаздар ұйымына беруді бір ауыздан ұйғарды. Қазылар алқасының төрайымы Ирина Иосифовна Дияковскай Ерік Мәтхалықовтың еңбегін жоғары бағалайтынын айтып, өз тілегін жеткізді.
Менің есімде, 18 жыл ішінде Ерік бастаған көркемөнерпаздар ұжымы он бір рет бірінші орынды еншіледі. Сол жылдары отбасылық ансамбль ұйымдастырып, облыс көлеміндегі байқауларда да бірінші орыннан көрінді. Еріктің ауданның өнер саласына қосқан үлесі зор еді. Бір өкініштісі, оған өнер майталманы ретінде «Мәдениет қайраткері» атағы берілмеді. Әлі де болса өнер саласында жүрген азаматтар, басшылар оған осы атақты беру жөнінде жоғарғы билік өкілдеріне ұсыныс жасап, ол мақұлданып жатса, артық болмас дер едім.
Әбдібек Орманов,
аудандық ардагерлер кеңесінің
алқа мүшесі,
Шу ауданының Құрметті азаматы.
***
Мен бұл қайынымды өзге жеңгелері секілді әртіс деп жүрдім. Бір күні «Әй, сары жеңеше маған әртістен басқа ат қоймайсың ба? Не көп, әртіс көп» деді. Содан үйге барып, ойланып, сері десем қайтеді деген ой келді. Бірақ, сері деген жұтаңдау секілді көрінді. Бір кезде қайынымның жүріс-тұрысы, келбеті, сөйлеген сөзі, әні, жеңгелеріне қалжыңдағаны, бәрі есіме түсіп, таптым, «Сұлу сері», иә «Сұлу сері» деген ат өзіне жарасады, тура өзінің бар болмысын көрсетеді деген оймен қайыныма «Сұлу сері» деген ат қойдым. «Жарайсың, алтын сары жеңешем» деп құшақтап, маңдайымнан иіскеді де, сөзінің соңын әдемі әзілге айналдырды. Қайынымның жаны жәннатта болсын!
Дариға Станбекова,
жеңгесі.

Майталман өнер иесі туралы жары Асылхан Қожақова да оның өзінен кейінгі әріптестері арасында үлгілі өнерпаз болуымен қатар отбасында ардақты ата, перзенттеріне мейірбан да қамқор әке болғандығын айтады. Бірге өткізген күндерінен сыр шерткен А.Қожақова Ерік Мәтхалықұлының ешқашан оның яғни, әйелінің атын атамай, «симфония», «сүйкімдім» деп үнемі еркелетіп сөйлейтіндігін жеткізді. Ал, балажандылық қасиетінің тым бөлектігін тіпті, Балалар күні мерекесінде көшенің барлық балаларына тәттілер таратып, зейнетақы алғанда немерелерін жетектеп, дүкендерден қалаған нәрсесін алып беріп, келіндерінің телефонын бірлікке толтырып беретін жомарттығын да тілге тиек етті. Асылхан апаның айтуынша, Айнұр есімді қыздары дүниеге келгенде Ерік аға қатты қуанып, «қызымды Алматыдан оқытамын, арфа музыкалық аспабына беремін» деген екен. Айтқаны орындалып, кейін Айнұрды А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне береді.
– Біз 1975 жылы желтоқсанда совхоз жұмысшылар комитетінің төрағасы С.Бақтыбековтың шақыртуымен Новотройцкі совхозына көшіп келдік. Ерік көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып қызмет жасады. 1983 жылы совхозда кітапхана ашылып, мен сонда кітапханашы болып қызмет еттім. Біз өмірде де, өнерде де бірге жүріп, алғаш рет 1986 жылы отбасылық ансамбль құрдық. 1994 жылға дейін халық алдында болған осы ансамбльмен жұмыс жасау кезінде сахнаға шығатын сәтте балаларымыздың шаршап ұйықтап қалатындығы секілді небір қызықты жағдайлар басымыздан өтті. 1987 жылы наурызда аудандық отбасылық ансамбльдің жарысы өтіп жатқанда дәл осындай оқиға орын алса да, байқауда бірінші орынды иелендік. 1989 жылы Алматы қазақ телевизиясына түсіп қайттық. 1990 жылы облыстық отбасылық ансамбльдің жарысы өтіп, сол жарыста тағы да бірінші орынды еншіледік. Сол жылдарда Шу, Луговой, Мойынқұм аудандарында, 1993 жылы Төле би бабамыздың 330 жылдығында өнер көрсеттік. Ерік зейнетке шыққаннан кейін мектепте төменгі сыныптарға ән сабағынан берді, оған қоса балабақшада жұмыс жасады. Кішкентай балалар «Ән ата» десе, үлкен балалар «Ән аға» деп айтатын. Ал, жоғарыда айтылған өнер өлкесіндегі қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы Еріктің ерен еңбегінің жемісі деп білемін,-дейді жары Асылхан Қожақова.
Өнер иесі кезінде өзінің адал еңбегімен сатып алған қара баянын да жоғары бағалаған көрінеді. 1965 жылы сатып алынған баянды кейін мұражайға өткізу жөнінде ұстанымы да болған екен. Өкінішке қарай, уақытша алған адамдардан кері қайтпай қалғандықтан, бұл арманды артында қалған жақын жандары да жүзеге асыра алмаған.
Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Ерік Мәтхалықов көзі тірісінде көптің көңілінен шықса да, оған жоғары жақтан абыройлы атақтар телінбепті. Асыл азаматтың асқақ өнерін мойындаған замандастары талай рет газет беттерінде “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын беру жөнінде ұсыныстар жазған екен. Алайда, ойға қонымды ұсыныс қолдау таппаған. Атақ-абыройды кім көрінгенге үлестіріп жатқан заманда аты дардай тұлғаларымызға аяп қалған атақтың аса қажеттілігі де байқалмас. Уақыты жеткенде тарих толқынында асау теңізді жарып шығатындар да, қалқып-қалқып жағаға шығатындар да өздігінен сараланатыны анық. “Мал жұтайды, өнер жұтамайды” деген дана Абайдың өсиет сөзін өнеге етер өскелең ұрпақ барда Ерік Мәтхалықовтай өнер майталмандарының мәртебесі алдағы уақытта биіктей беретіні сөзсіз.
Дайындаған
Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.